«Үміт» ҚБ Сарыкөл ауданында болды
Өткен аптада ауданымызға «Үміт» ҚБ – тірек-қозғалыс аппаратының қызметі бұзылған мүгедек-азаматтарды қолдау қоғамы келіп, мүгедектердің жай-күйімен танысты.
Бұл қоғамдық бірлестік ішкі саясат басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған түрлі жобаларды жүзеге асырумен айналысып, тағдыр тауқыметіне ұшыраған жандарға жарқын өмірге үміт беріп келеді. Оның төрағасы Дүйсенғали Оспанов пен жоба үйлестірушісі Аруна Жақсығұлова әкімдіктің мәжіліс залында аудан әкімінің орынбасары Елжан Тұрабековтың төрағалығымен, өңірдегі мүмкіндігі шектеулі жандардың қатысуымен өткен жиында кеңінен көсілді. Аудандарды аралаудағы басты мақсаттары – ұйымның ауқымын кеңейту және мүгедек жандарға барынша қолдау көрсету. Сондай-ақ, болашақ жобалар жайында жақсылап айтып, өңір мүгедектерінің мәселелерін тыңдап, әлеуметтік сауалдарына жауап берді. Кездесуге келгендер тарапынан памперс сапасы, мүгедектерге арналған үй туралы және басқа да сауалдар қойылды. Айта кеткен жөн, аудан тұрғыны Людмила Гомберг үйінде қос мүгедек баланы тәрбиелеп жатқанын тілге тиек етіп, осы екі жылдан бері өңірдегі оң өзгерістерге тоқталды, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандарға да мейлінше көңіл аударылып келе жатқанын қадап айтты.
Жалпы, өңірде өткізілген ақпараттық-насихаттық шараның әңгіме төркіні – ҚР Президенті-Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдаған Жолдауында айтылған мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған бағыттарды түсіндіру болды.
Айтпақшы, ауданда мүгедектердің қоғамдық бірлестігі құрылатын болды, оның заңды тіркеу рәсімін «Рауан» ЖҚБ өз мойнына алды.
Руслан ӘЛКЕЕВ.
Сарыкөл ауданы.