Уәде сөзі сыйдан артық
Сонымен, Қазақстан Парламентінің Мәжілісі мен жергілікті мәслихаттардың сайлауы мәреге жетті. Науқанға қатысқан бес партияның үшеуі алдын ала болжам бойынша Мәжіліске өтті.
Бұл сайлаудың бұрынғы сайлаудан қандай ерекшелігі болды? Ең бастысы, Мәжіліс пен мәслихаттарда депутаттардың дені жаңарды. Қалаулылар қатарында жастар мен әйелдердің үлес салмағы бұрынғыдан көп. Олардың сапалық көрсеткіші де тартымды: қайнаған тірліктің ортасынан келгендер; өз ісін шебер білетін мамандар; саяси-әлеуметтік жағдайдан дайындығы бар жігерлі азаматтар. Сондықтан да барлық деңгейдегі жаңа депутаттар іске білек сыбана, белсене кіріседі деген үміт зор.
Парламент Мәжілісінің бұл сайлауы жетінші шақырылым екен. Мен сол 7 сайлаудың барлығына қатыстым, көзіміз көрді. Бұл сайлаудың артықшылығы – демократиялық үдерістің аясы кең болды, қарапайым халықтың қалауы мен таңдауына мүмкіндік берілді. Сайлау өңірімізде тұтастай алғанда тиісті талаптарға сай өткізілді. Мүмкіндігі жоқтарға жәрдем көрсетілді.
Қазақта 7 киелі сан. Жеті ата, жеті қазына, жеті жарғы, жеті күн… – тағы сол сияқтылар. Өз басым жеті саны сәттілік, табыс әкеледі деп сенгім келеді.
Рас, қазір төрткіл дүниедегідей тәжтажалдың кеселі халыққа батып отыр. Небір жақсылар мен жайсаңдардан мезгілінен бұрын айырылдық. Кәсібінен нәсібін тауып жүрген қарапайым замандастарымызға күн көру қиындады. Осындай қиындықтардың бәріне төтеп беріп, заң шығарушы, өкілеттік және билік тетіктеріне келетін жаңа толқын халықтың рухына серпін береміз деп уәде еткен. Өйткені олар сайлауалды сөздерінде қарапайым қазақстандықтардың мұң-мұқтажына құлақ асатынын, ел тұрғындарының әл-аухатын жақсартуға бар күш-жігерін жұмсауға әзір екендерін айтып, сөз берген болатын. Оны қалың ел, қара орманға түгел жеткізе айтты.
Халық «Уәде – құдай аты» дейді. Уәде – қоғамды берекесіздіктен сақтайтын әрі адамдар арасындағы әртүрлі қарым-қатынасты бұзбай ұстап тұратын мызғымас байлам.
Ел сайлаған қалаулылардың адамгершілігі оның уәдеге беріктігімен, басқадан артықшылығы уәдесін орындай алатын мықтылығымен бағаланады.
Тың депутаттар қайратты, жігерлі бастамашыл болса, көп күткен оң өзгерістерге жол ашылмақ. Жаңалық, жақсылық көбейеді.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында қазақ халқының құндылықтарын атап өтіп, алдағы нақты атқарылар істерді белгілеп берді. Ондағы мақсат – қуатты елдің иесі, кемел халық болу. Ендеше, бұл сайлау осы асқаралы мақсат жолындағы ізгі қадам дер едім.
Жаңарған Мәжіліс пен мәслихаттар Тәуелсіздіктің 30 жылдығына жарқын құбылыс болары анық.