Тәртіптік кеңестің тезіне түсті
Арқалық қалалық психоневрологиялық диспансер басшылығының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамаға қайшы келелетін әрекеті әшкере болды. Заңсыздық қалалық прокуратураның тексерісі барысында айқындалды.
Аталмыш мекеменің бас есепшісі мүлік сатып алу жөніндегі ақпаратта тауардың белгілері мен фирмалық атауларын көрсетпеген. Атап айтқанда, теледидарлар сатып алу турасындағы хабарламада бұйымның маркасы жазылмаған. Бұл, сәйкесінше, заң талаптарын орындамау әрі мемлекеттік сатып алу науқанына қатысқан өзге де тұлғаларға кедергі жасаған болып есептеледі. Осылайша бас есепші ҚР «Жемқорлықпен күрес туралы» Заңның талаптарын бұзды.
Заңбұзушылыққа жол берген басшы қызметтік міндетін толық атқармағаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Жандос Жүсіпбек