Шағымы қанағаттандырылмады
Қостанай облыстық сотында 1983 жылы туған Д.Лесников пен оның қорғаушысының шағымы бойынша апелляциялық сот алқасының отырысы өтті. Өз шағымында сотталушы жазаны жеңілдету, өмірлік бас бостандығынан айыру жазасын нақты мерзімге ауыстыруды сұраған.
Лесников аса қатыгездікпен бірнеше ауыр қылмыс жасауда кінәлі деп танылып, ағымдағы жылдың 6 наурызында Қостанай облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен ерекше тәртіптегі түзету колониясына өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған болатын.
Қылмыстық іс материалдары бойынша, 2011 жылдан 2014 жыл аралығында Лесников бес ұрлық жасаған, кәмелеттік жасқа толмаған баланы ұрлап, кәмелетке толмағандарға қатысты екі зорлық жасаған және 4 адамды өлтірген. Қоғамда үлкен дүрбелең тудырған кәмелеттік жасқа толмаған бірінші сынып оқушысы Виктория Ганяны ұрлау және өлтіру ісі де оның еншісінде. Жоғалған қыз баланы жақындары, полиция қызметкерлері, әскерилер және еріктілер іздеді. Алайда, бір айдан кейін баланың өлі денесі табылған болатын. Еске сала кетсек, 2014 жылдың 24 сәуірінде мектептегі сабағы біткен соң 8 жасар Виктория Ганя үйінен шығып, қатарластарымен Рудный қаласының Фрунзе және Парковая көшелерінің қиылысындағы шіркеу маңындағы жыраға ойнауға келеді. Өзге балалармен ойнап жүріп ол шаян аулайды. Осы уақытта шамамен 14 сағат 30 минут кезінде аталған жыраға Лесников келіп, балалардан не істеп жүргендерін сұрайды.
Балалардың шаян аулап жатқанын естіген қылмыскер бұл жағдайды баланы алдауға және ұрлауға оңтайлы сәт деп тауып, балалардың бірі онымен еріп барса көп шаянның қайда екенін көрсетуге уәде етеді. Балалық аңғалдығы басым Ганя жігіттің сөзіне сеніп, онымен баруға келіскен. Арада бір ай өткен соң баланың өлі денесі Рудный қаласының сыртындағы құрылысы аяқталмаған бос қалған ғимараттан табылды.
Қостанай облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасы қылмыстық тергеу мерзімінің аяқталуына орай 198 200 теңге көлеміндегі айыппұл түріндегі ҚР ҚК 384 бабы 3 бөлімін (іс жүргізу құжаттарын жою) жою арқылы сот үкімін өзгертті. Басқа бөлімдерде үкім өзгертілген жоқ. Сотталушы шағымы қанағаттандырылмады.
Сот үкімі заңды күшіне енді.
Қарлығаш ОСПАНОВА