Ажырасу арман болды
Шынымен де бәзбіреулер үшін ажырасу бүгінде кәдімгідей арманға айналып отыр. Неге дерсіз. Онда оқыңыз, ой бөлісіңіз.
Моңғолия жерінен келген бауырымыз Рахат Нағашыбай отанына оралған бауырларымыздың бірі. Ол үшін қазақ жеріндегі өмірі жаман басталмады. Осында келген соң Өміргүл атты қызбен танысып, үй болып, шаңырақ көтерді. Өміргүл де Моңғолиядан келген болатын. Олар Таран ауданының Тобыл стансасында тұрып жатты. Жас жұбайлар ұлды болды, одан қызы дүниеге келді. Жас ерлі-зайыптылар шынымен де бақытты еді. Күнделікті күйбең тірлікпен күн кешіп жатқан-ды. Бірақ бақытсыздыққа ұшырау аяқ асты екен. Рахаттың келіншегі Өміргүл ащы суға үйір бола бастады. Алғашында білдіргісі келмеді. Оны Рахаттың өзі де байқамады. Бірақ Өміргүлдің тығылып, ішіп алатын “өнерінің” жиелеп кеткенін көріп мазасы кетті. Осылай уақыт өте келе жаман әдеті жиелеп, жұбайы күнде теңселіп жүретінді шығарды.
–Біздер 2000 жылы үйлендік. Ұлды, қызды болдық. Бірақ мұндай жаман әдетке әуестігі бар екенін білмеппін мен. Өміргүл отбасына да, балаға да қарауды қойып, араққа салына бастады. Ата-анасын шақырттық, менің әке-шешем де келді. Бәріміз ақыл айтып, қойғызуға тырыстық. Бірақ болмады. Балаларды тастап бір жылы кетіп те қалды. Ол кезде балалар тіптен кішкентай болатын. Сосын бір айдан соң қайта келді. Амал жоқ қояр деген үмітпен қабылдадым, балаларымның анасы ғой. Бірақ болмайды екен, – деп қапалана өткенді еске алады отағасы Рахат.
Өміргүл ұлы Нұртілеу 3 жаста, қызы Ақмарал 1 жаста болған кезде мүлде үйін тастап кетіп қалған екен. Бұл 2007 жыл. Содан бері қайтып келген де емес, хабарласпапты да. Бұл отағасы Рахаттың айтуы.
Әйелі жоқ үйдің жайы белгілі. Береке де, жылу да жоқ. Кішкентай екі баламен қалған Рахат әйелі кеткен соң балаларын тастап соңынан іздеп бармаған. Бір жылдан соң екі баламен жесір қалған Самал есімді келіншекпен бас қосыпты.
–Менің де тағдырым оңай емес. Жолдасым қайтыс болып, екі баламен қалдым. Негізі Рахат пен Өміргүлдің отбасын жақсы білетінмін. Аналары кеткен соң балаларға да, Рахатқа да оңай болмады. Тағдырдың жазуы солай шығар, кейін біз бас қостық. Рахаттың балалары деп бөле жармадым. Бауырыма бастым. Қазір ортақ қызымыз бар. Сонымен көп балалы отбасымыз. Бес баланы өсіріп отырмыз. Бірақ, Рахат Өміргүлден заңды түрде ажыраса алмаған соң некеге тұру мүмкін болмай отыр, – деп сырымен бөлісті Самал.
Бұлар бүгінде Тобыл стансасында тұрады. Самал элеваторда, Рахат темір жолда жұмыс істейді. Әзірге өздеріне тиесілі баспаналары да жоқ. Бірақ жақында аламыз деп отыр. Бұл отбасы үшін ең бастысы – некелі болу.
Рахат жұбайынан ажырасу үшін сотқа да шағымданған. Адвокат та жалдаған. Бірақ бұл істен еш нәтиже шықпады. Сот бұларды ажырата алмады. Себебі Өміргүлдің өзі ұшты-күйлі жоқ. Астана жағында деп естігендері болмаса, сол жылдардан бері көрген емес. Еш хабар да жоқ. Туыстары да жарытып ештеңе айтпайды. Ал артында қалған екі бала ұлы Нұртілеу бүгінде 6 сыныпта оқыса, 1 жасында қалған қызы Ақмарал анасын мүлде білмейді. Екі бала да Самал апаларын мама деп кеткен.
–Ажырасу үшін сотқа 2009 жылы арыз бердік. Өміргүлді ата-аналық құқығынан айыру үшін де шағымдандым. Біз Самал екеуміз отасқалы міне, сегіз жыл. Бірақ некелі бола алмай жүрміз. Алдында жалдаған адвокатымыз бүгінде қайтыс болып кетті де, бұл іс аяқсыз қалды. Олар Өміргүлдің өзі келуі керек немесе балалар 18 жасқа толғанда ғана автоматты түрде айыра аламыз дейді. Енді қайтадан адвокат жалдауға менің қаражатым да жоқ. Өзін іздеп барайын десем Астананың қай бұрышынан табамын. Кейін туған қызымызға мен әкелік жолмен ғана туу туралы куәлік алдым. Енді не істерімізді білмейміз. Сіздер бір көмектеріңізді берсеңіздер, – дейді Рахат Нағашыбай мұңын шаға.
Біз, әрине, 33 ғана жастағы жап-жас келіншектің өзімен хабарласа алмадық. Ол не себептен ішкілікке салынды, мүмкін өзге де бір себеп-салдары болған шығар ол жағы да бізге беймәлім. Сондықтан артық ауыз сөз айтып, сөгуден аулақпыз. Көргеніміз Самал бүгінде бес балаға ана болып отыр. Балалар жақсы күтімде.
Ал ажырасуға қол жеткізе алмай отырған Рахат пен Самалға біздің тарапымыздан заңгердің кеңесі мынадай.
Облыстық соттың судясы Қылышпай Салмұхаметов:
–Бұл кісі егер шынымен 8 жыл бойы жоқ болса, арыз беруші өзі тіркелген жері бойынша аудандық сотқа жұбайының іс-түссіз жоқтығы туралы фактіні дәлелдеу туралы арыз береді. Сот болады. Сотта куәгерлер шынымен де адамның осынша жыл бойы келмегенін дәлелдеп куәлік етеді. Сосын аудандық сот осындай адам іс-түссіз жоқ деген анықтама қағаз береді. Осы қағазбен олар АХАЖ-ға (ЗАГС) баруларына болады.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА
Таран ауданы.