Спандияр Көбеев және Меңдіқара педучилищесі
Қазақ халқының біртуар перзенттерінің бірі, даңқты жерлесіміз, атақты педагог-жазушы С.Көбеевке қатысты тың жаңалық аштым деуден, әрине, аулақпын. Ол кісінің өмірі мен қызметі, шығармашылығы туралы мәліметтер мектеп оқулықтарына, энциклопедияларға енген. Десек те, ұлы тұлғаға қатысты бірер мақалам газет беттерінде жарық көрді. Ұлағатты ұстаздың "Оқу-тәрбие, оқыту тәжірибелерінен" деген атпен жазып қалдырған мұрасына арагідік үңіліп, тағылымды ой-пікірлерін жазып аламын да, қазіргі білім беру жүйесі мәселелерімен үндестігіне зер саламын. Жә, бұл бөлек тақырып.
Алдымен көрнекті педагог-жазушы Спандияр Көбеевтің ұлы ағартушымыз Ы.Алтынсарин атындағы Рудный әлеу-меттік-гуманитарлық колледжі тарихында қалдырған ізі хақында аз-кем баяндап көрейін. Иә-иә, қазақ халқына мәшһүр тұлғамыз, Меңдіқара өңірі тумасының осы аумақтағы педучилищеге қатысы болғанын біреу білсе, көпшілік біле қоймас. Әсіресе, кейінгі буын. Және танымал тұлғаға қатысты тың деректерге қызығушылықтың қашанда басым болатыны белгілі.
Өткен ғасырдың 40-60-шы жылдары Меңдіқара педучилищесі беделі биік, мерейі үстем С.Көбеев, А.Шотаев, Б.Мелехин сынды ұстаздармен кездесулер өткізіп тұрған көрінеді. Спандияр Көбеевпен жүздесулердің алғашқысын ұйымдастырар алдында, пед-училище директоры В.С.Макотченко жазушының "Орындалған арман" кітабын мұқият оқып щыққанын айтады. Екі мәрте Ленин орденімен марапатталып, ҚазССР Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланған, республикамыздың еңбегі сіңген мұғалімі С.Көбеевтің әріптестеріне, студент жастарға айтары көп болатын, деп еске алады Василий Семенович. Осындай жүздесулер үстінде ұстаз Кө-беев: "Ең алдымен оқытушы оқу әдісін жақсы білетін маман, өз дәрісін жақсы меңгерген және жан-жақты білімі бар мәдениетті адам болуы шарт; екіншіден, оқытушының сыртқы көрінісі, тіпті киімі де, оның тазалығы да, істегі ұқыптылығы да, тиянақтылығы да, ұстамдылығы да, мінез-құлқы да, сөйлеген сөзі де, жүріс-тұрысы да беделді болудың негізгі шарттары болып табылады" деген сөздерін айтқан болар. Ұлы ұстаздың тарихта қатталған бұл өсиеті дәл бүгінгі мұғалім-дерге қарап айтылғандай әсер қалдырады. Шынында да, мұғалім мәртебесінің биік болуы С.Көбеев атап көрсеткен талаптардың орындалуына тәуелді екені – қазіргі өмір шындығы. Ұлы ұстаз тағылымынан нәр алған педучилище де, оның оқытушылары мен оқушылары да осалдық танытпай, әрдайым биіктен көрініп келе жатқаны тегін болмағаны ғой.
Сондай-ақ педучилищенің 1948 жылғы түлегі, филология ғылымдарының докторы Сапарғали Омарбеков: "…Пед-училище бітірерде бізге мемлекеттік емтихан комиссиясының төрағасы болып Спан-дияр Көбеев келді. Өзіміз шығармаларын оқып, есіміне қанық болған жазушымен жүзбе-жүз кездесіп, оның үстіне алдында емтихан тапсыру – кейін айта жүретін әңгімеміздің зор бір тақырыбы болғаны кәміл. Қазір ойласам, Жұмағали ағай (директор) ол кісіні төрағалыққа шәкірттері көрсін, білсін деп әдейілеп шақырған екен ғой. Сол жылы Спандияр ақсақалдың жасы тура 70-те екен, бірақ өзі қадірінше тың көрінді" деп жазады.
Ыбырайтанушы ұстаз, ке-зінде Қостанайдағы Ы.Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатын басқарған Беген Көпеш "Мендіқараның мектептері" атты мақаласында ұлы ағартушы мектебінің түлегі С.Көбеев, оның ұстазы Досмағұл Тоқтабаев, Көбеевпен бірге оқыған Бекет Өтетілеуов туралы айтып өтеді. Өтетілеуов демекші, С.Көбеев ол туралы "Орындалған арман" кітабында: "Қарағайлыкөлде (Боровойда) қазақ балаларынан менімен бірге оқы-ғандар: кейін белгілі ақын Бекет Өтетілеуов, Әбубәкір Бәйтішев, Тұрман Шынтасов деген балалар еді. Бәйтішев әлі оқытушы. Бекет Өтеті- леуов 1949 жылы қайтыс болды, ол да оқытушы болатын" деп жазады.
Осы тұста ұрпақтар сабақтастығының тамаша бір өнегесі дерлік мына мәліметті келтірейін. "Менің атам – менің мақтанышым" атты мақаланың авторы, мектеп оқушысы Жансая Сабыржанова өз атасы Сабыржан Оташұлының Меңдіқара пед-училищесін бітірер жылы емтиханға комиссия төрағасы болып келген С.Көбеевпен тілдескенін былайша жеткізген екен:
"…С.Көбеев менің атамды шақыртып алып:
– Балам, қай жерденсің? – деп сұрайды.
Сонда Сабыржан
– Торғайданмын, – дейді.
– Сенің емтихандағы жауабыңа өте риза болдым. Сен әрі қарай оқуың керек. Біз саған Алматыға оқуға жолдама береміз, – деп, талантты жасқа ықылас танытады" ("Қостанай таңы" газетінен, 25.04.2014).
Міне, бұдан келешегі зор болашақ маманды дөп басып танып, оған қолдау білдіру де ұлы ұстазға тән тамаша қасиеттердің бірі болғанын аңғару қиын емес.
Ұлы тұлға С.Көбеевті пір тұтушылардың бірі ұзақ жылдар бойы республикамыздың қауіпсіздік органдарында жауапты қызметтер атқарған Ғазиз Бекмұхамедов екенін білеміз. Ол – педучилищенің 1949 жылғы түлегі. Полковник ағамыз биыл мамыр айында Алматыдан ат басын арнайы алтын ұясына бұрып, қызметтестерімен бірге әсерлі кездесу кешінің өтуіне мұрындық болды. Жасы 90-ға таяса да, әлі тың, сергек, жадында мін жоқ. Әңгімені күні кешегідей ағытты дерсің. Ғазиз ағай атақты С.Көбеевтің үйінде талай рет болғанын мақтанышпен жазады. Айта кетелік, бұл кісі колледж мұражайына "Ұрпаққа сөз" және "Ардагерлер" атты кітаптарын сыйға тартты. Ғазекең ұлы педагог-жазушы С.Көбеевпен оның үйінде қалай жолыққаны туралы былайша баяндайды: "Бір күні жазда іссапарда жүріп, Ақсуаттағы Спандияр ақсақалдың үйіне соқтым. Ол кісі "Орындалған арман" деген кітабының қолжазбасын бітіріп, Алматыдан келген бір жазушыға оқытып отырған кезі екен. Ұзамай сол кітап жарыққа шықты. Қателеспесем, 1954 жылы С.Көбеев ҚазССР Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланды".
Осы тұста айта кетейін, Ғазиз ағайдың Қазына деген апасы да осы Меңдіқара пед-училищесін бітірген екен. Ол кісі С. Көбеевтің туғанына 115 жыл толуына арнап өлең жазыпты:
Ұстаз-ғалым Спандияр бабамыз,
Ел қамын жеп, асқан даңқың, бағаңыз.
"Жақсыны айт – мерейі өссін" деген бар,
Аруағыңа бас иіп, еске аламыз.
Ыбырай мен Нұржандардан үлгі алып,
Қараңғы елге білімімен нұр салып,
Өнер-білім, әділдікке шақырдың,
Ел қанаған бай – манапты қолға алып.
Екі тілді бір жүргізіп арасын,
Алға үндеп қараңғы қазақ баласын.
Бар мақсатың – елге теңдік әперу,
Жазбақ болып кем-кетіктің жарасын.
Халқының бақытына жаралған,
Жақсылардың тағылымынан нәр алған.
Оқулықты өзі жазып, оқытып,
Балаларға зор білімді бере алған.
Көп еңбегің ұрпағыңа мұра боп,
Болып жатыр кейінгіге үлгі көп.
Өзің жазған "Орындалған армандай"
Мәңгі есте сақталдыңыз, арман жоқ.
Салған жолың ешқашан да тозбасын,
Болашаққа білім, өнер жалғассын.
Өткен күндер кешірімін сұраймыз,
Аруағың ел-жұртыңды қорғасын.
Бала Спандияр осы өлеңде аттары аталған Ыбырай Алтынсарин мен Нұржан Нау-шабаевты бірге көрген. "Бұл қалай болған?" дейсіз ғой. Бірде Сауытбай деген бай той жасайды. Көп адам жиналған тойға Көбей баласы Спан- диярды да ертіп келеді. Оның көзі бұрын көрмеген екі адамға түседі. Бұл жайында С.Көбеев "Орындалған арман" кітабында былайша баяндайды: "…Бірақ жиын екі адамның аузына қарап отырған сияқты. Мұның бірі орысша киінген, ақ құба, шоқша қара сақалы бар, орта бойлы адам. Бұл Ыбырай Алтынсарин екен. Екіншісі дембелшелеу келген, толық денелі, сирек біткен сары сақалды, басына тақия,үстіне мақпал бешпет киген адам. Бұл Нұржан Наушабаев екен.
…Сөзінің ұзын-ырғасын түйе келіп, Н.Наушабаев былай деді:
– Сауытбай тойының үстіне тап келіппіз. "Бітер істің басына – жақсы келер қасына" дегендей, аулыңа еліміздің бірегей ардагері Ыбырай келіпті. Бұл кісінің бұйымтайын естідік. Өзі үшін емес, ел үшін қолқа салып отыр. Обаған болысының әлді бай-мырзалары бірігіп, бір мектеп салатын болсын. Сөйтіп, ауыл ортасынан екіжылдық мектеп ашып, балалар орысша оқытылатын болсын дейді бұл кісі. Кәне, не айтасыңдар?".
Қазына апайымыз жоғарыдағы өлеңінің бір дерегі ретінде осы көріністі алған секілді. Аға толқын өкілі – Спандияр бабамыздың өнегесін бойына дарытқан мұғалім Қазынаның аяулы ұстазына арнаған шығармасын енді кейінгі буын өкілдерінің оқып, ұлылар ұлағатынан нәр алуы, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыруы өте маңызды. Егемен еліміз тарихының бір бөлшегі саналатын аталмыш оқу орнына қатысы бар ұлы тұлғаларды дәріптеп, құрметтеу,олар туралы жылт еткен жаңалықты жеткізу-перзенттік парызымыз.
Пиалаш Сүйінкина,
Ы.Алтынсарин атындағы Рудный әлеуметтік-гуманитарлық колледжінің оқытушысы.
Спандияр Көбеев пен Ахметқазы Шотаев
Спандияр Көбеев оқушыларымен бірге
Жаксы
Спандияр кобеев кесте куру