Әмияндарыңызға абай болыңыздар!

Қостанай облысы ІІД полицейлері халыққа осындай ескерту жасайды. Соңғы уақытта кафелерде, түнгі клубтарда әмиян ұрлау оқиғалары жиілеп барады. Оған, әуелгі кезекте, жапа шегушілердің өздерінің бейжайлығы кінәлі: отырған орындарында, үстел үстінде қараусыз қалдырып кетіп, кейін сан соғып қалып жатады.
Жақында, түн мезгілінде Лисаков қаласындағы ойын-сауық отауларының бірінде 42 жастағы азамат отырған орнында әмиянын ұмыт қалдырған. Айтуынша, ішінде 35 мың теңге ақшасы болыпты. Жапа шегуші мүлкінің жоғалғанын түнгі демалыс орны жабылуға таяп, келушілер тарқай бастағанда байқаған.Кошелек 1
Оқиға орнына келген жедел тәртіп сақшылары сол түні-ақ аталмыш кафеде сауық құрған 24 жастағы күдіктіні нысанаға алады. Тергеу барысында күдікті азамат ұрлық қылғанын өз еркімен мойындады. Бұл қылмысты нысанға орнатылған бейнежазбалар арқылы да анықтауға болатын еді.
Ұрлық дерегі бойынша, қылмыстық іс қозғалды.
Осындай келеңсіздіктен сақ болу үшін, Қостанай облысының ІІД қылмыстық  полиция басқармасы барша тұрғындарға жеке мүліктерін назарсыз қалдырмауға кеңес береді.Егер мұндай оқиғаға душар болып, жапа шегіп қалған жағдайда, мүмкіндігінше, бұл жайлы «102» телефоны бойынша полицияға хабарласқан жөн. Қылмыс болғаннан кейін неғұрлым жедел әрекет жасалса, соғұрлым ұрылардың із суытуына кедергі қоюға мүмкіндік болады.
 
Жандос Жүсіпбек 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓