ҚҰРДЫМҒА КЕТКЕН “ҚАЗАҚ ТҰЛПАРЫ” ҚАЙТСЕ ЕҢСЕ ТІКТЕЙДІ?
Кезінде дүркіреп тұрған "Қазақ тұлпары" зауытына жабылып қалу қаупі төніп тұр. Облыстық ауылшаруашылық басқармасының басшысы Тимур Бейсембаев осылай деп дабыл қақты. Бұдан он шақты жыл бұрын кәсіпорынның қарамағында үш жүздей асылтұқымды жылқы бар еді. Асылтұқымды болғанда, жылдар бойы ғалымдардың көз майын тауысып, шығарған кәдімгі Қазақтың қазанатының тұқымы-тұғын. Атағы алысқа кеткен жылқы зауыты құзырлы министрліктердің "Сен салар да, мен салар, атқа жемді кім салар" деген сияқты қақпақылына ұзақ жыл шыдап келгенмен, ақыры дағдарысқа ұшырады.


Облыс әкімінің қатысуымен өткен алқалы басқосуда орынды көтерілген мәселені "Қазақ тұлпары" ЖШС директоры Айгүл Амандықова іліп әкетті. Ол кәсіпорынды субсидиялау қажеттігін алға тартты. Сонда ғана берешектен құтылуға болады.

Жиын барысында Айгүл Амандықова жылқы зауытына облыстық ауылшаруашылық басқармасы арқылы қаражат бөлу мүмкіндігі туралы сұрады. Мәселенің түп-төркініне терең үңілген облыс әкімі Құмар Ақсақалов кәсіпорынды толық қолдауға дайын екендігін айтты.
– Өкінішке қарай, "Қазақ тұлпарының" жағдайы күрделі. Бұған жол берсек, еліміздегі бірегей жылқы зауытын жоғалтып алуымыз әбден мүмкін. Сондықтан, біз бұл мәселені бақылауға аламыз. Қостанай тұқымын одан әрі дамыту үшін, асылдандыру жұмыстарын облыстық бюджеттен дербес қаржыландыруға дайынбыз, – деді өңір басшысы.
Ол жақында "Қазақ тұлпары" кәсіпорынына барып, жағдайды өз көзімен көрмек. Содан соң жылқы зауытының мәселесін жан-жақты талқылауға пейілді екендігін жеткізді. Облыс әкімінің бұл сөзінен кейін құрдымға кеткен "Қазақ тұлпары" қайта еңсе тіктейді деген көптің көкейіне сенім ұялады.
Әлібек ЫБЫРАЙ.
Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ.