Шолақсайдағы қос қуаныш

Шаруашылық құрылтайшысы Өмірзақ Ихтиляпов пен Науырзым ауданының әкімі Талғатбек Дайыров
Алдымен намазхана үйіне келдік. Көлемі үлкен үй екен. Ауыл молдасының орынбасары Сапар Балғариннің айтуынша, 400 адам сыятын көрінеді. Бұл үй бұрын мектеп болған екен. Салынғанына 106 жыл болыпты. Науырзым қарағайынан салыныпты. Құлауға айналған бұл үй жөндеуден өткізіліп, Құрбан айтта пайдалануға берілген. Қызыл кірпішпен қаптаған.
Намазхананың ас дайындайтын, тамақтанатын, намазға жығылатын бірнеше үлкен бөлмелері бар екен. Еденде де кілем, қабырғаларда да кілем, жайнап-ақ тұр.
Ауыл орталығындағы асханаға қарсы орналасқан үйге жұртшылық топталып кіріп жатты. Мұражай осы үй екен.
– Бұрын бұл үй асхана бол-ған,– дейді серіктестіктің құрылтайшысы Өмірзақ Ихтиляпов,– кейін жаңа асхана салып алдық. Қиын заманда шағын наубайхана болды. Кейін оны да жаңарттық. Бұл үй 1960 жылы салын-ған. Көлемі де жақсы. 240 шаршы метр. Былтыр жақсылап жөндеп алдық. Сосын бір ой келді. Шолақсайдың тарихы үлкен. Патша заманынан келе жатқан село. Сондықтан осы үйді мұражайға айналдырғанды дұрыс көрдік. Мұражай дегеніміз осы ауылдың тарихы, шежіресі ғой. Өмір бір орнында тұрмайды, ұрпақ өседі, ел жаңарады.
Бәрі де кейін тарихқа айналады. Міне, мұражай осындай тарихтан сыр шертетін болады. Біраз экспонаттар жиналды, әлі де келіп түсетін болады ғой. Халық өзі әкеліп тапсырып жатыр.

Мұражайда
Біз мұражай ішіне кірдік. Кірген бетте оң жақ қабырғада ірі әріптермен: "Ауылдарымыз бен селоларымыздың өмір сапасын жақсарту – мемлекеттік саясаттың басым бағыты" деп ел Президенті Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауынан дәйексөз келтіріліпті. Осы қа-бырғада шаруашылықтағы әр мекеменің, кәсіпорынның, мал фермасы жұмысшыларының, әр ұжым мүшелерінің бірге түскен суреттері орналасқан. Сейдахмет Қарғабаев, Терекбай Қарғабаев, Петр Моисеев, А.Клинк, А.Штыков және де басқа орден-медальдарға ие болған еңбек озаттарының суреттері мен мұндалап тұр. Ұлы Отан соғысына қатысқандарға арналған стенд те бар. Шолақсайдан майданға аттанған 115 адамның тізімі жазылыпты. Олардың ішінде 112 фашистің көзін жой-ған Өмірзақ Ихтиляповтың нағашысы Сұлтан Еркімбаевтың, осы ауылдан шыққан генерал-майор А.С.Денекиннің, полковниктер С.М.Шавлактың, Г.Т.Пивоваревтың, "Даңқ" орденінің толық иегері Г.Е.Клименконың және басқалардың суреттері мен құжаттары орын алған.

Ауыл молдасының орынбасары Сапар Балғарин
Мұражайды аралап шыққан халық асханадағы дастархан басына жайғасты. Серіктестіктің құрылтайшысы Өмірзақ Ихтиляпов жиналғандарды Қарттар күнімен құттықтап, осы ауданды 10 жыл бойы басқарған қостанайлық қонақ Л.М.Мееровке ал-ғашқы сөзді берді.
– Мен үш ауданда еңбек еттім, – деді Леонид Матвеевич,– Науырзым ауданын басқардым. Ауданның жағдайы өте күрделі болды. Мектептер салдық, жол салдық, дамылсыз еңбек еттік.
Мен Науырзым ауданы үшін үнемі алаңдап отырамын. Нарық заманы келгенде ауданға өте қиын болды. Көптеген совхоздар қирады, нарық жүгін көтере алмады. Міне, сол ауыр сыннан Шолақсай аман-сау өтті. Бір үйі құлаған жоқ, бір ағашы кесілген жоқ. Қазір бұл шаруашылық облыстағы ірі, экономикасы мығым шаруашылықтардың бірі.
Оған шаруашылық басшысы Ихтиляповтың, мына отырған сіздердің сіңірген еңбектеріңіз зор. Сіздерді бүгінгі мерекелеріңізбен құттықтаймын, отбасы- ларыңызға амандық-саулық тілеймін.
Бұдан кейін Леонид Матвеевич үш ардагерге облыстық ардагерлер кеңесінің грамоталарын табыс етті. Серіктестік директоры Мәди Ихтиляпов құрметті қонаққа рамкаға суреті салынған алғыс хат табыс етті.
Қарттарды аудан әкімі Талғатбек Дайыров құттықтады.

Шаруашылық директоры Мәди Ихтиляпов Л. Мееровті марапаттады
Бұдан кейін аудан әкімі және серіктестік директоры Мәди Өмірзақұлы бір топ еңбек ардагерлерін Құрмет грамоталарымен марапаттады. Осында жи-налған 145 қарттың әрқайсысына 5 мың теңгеден ақша сыйлады. Қарттардың көңіл-күйлері көтеріліп, шаруашылық басшыларына өз алғыстарын білдірді. Қостанайдан арнайы шақырылған артистер тойдың сән-салтанатын арттырды.
Сөз соңында мұражайдың алғыстар кітапшасына жазылған мына бір адамның жазбасын келтіре кетейін:
"Мен Санкт-Петербург қаласында тұрамын. Осындағы анама келіп, мұражай ашылып жат-қанын естіп, көргенше асықтым. Мен залдардың қалай безенді-рілгендерін көріп, қатты сүйсін-дім. Бірінші залға жұртшылықтың әкелген экспонаттары қойылыпты, екінші залға еңбек ардагерлерінің суреттері жапсырылған стендтер орнатылыпты. Солар-дың бірінен өз ата-анам Олейниктердің суреттерін көріп, қатты толқыдым. Қандай тамаша іс жасағансыздар. Керемет! Енді менің ата-анамды да кейінгі ұрпақ біле жүретін болады. Ауыл тұрғындарына, әсіресе Өмірзақ Ихтиля-повқа шынайы алғыс сезімімді білдіремін!
Құрметпен, Наталья ДИКОВА.
09.10.2014".

Мұражайда
Иә, Шолақсайда осындай бір жаңалық болды. Ел-жұрт қуанған игі жаңалық, жағымды жаңалық. "Ауылына қарап, азаматын таны" деген ұлағатты сөз шамасы осындайда айтылған болар.
Дамир
ӘБІШ
Науырзым ауданы.
Суреттерді түсірген
Айбек ЖҮЗБАЙ.
Шаруашылық құрылтайшысы Өмірзақ Ихтиляпов пен Науырзым ауданының әкімі Талғатбек Дайыров
Мұражайда
Ауыл молдасының орынбасары Сапар Балғарин
Шаруашылық директоры Мәди Ихтиляпов Л. Мееровті марапаттады
Мұражайда