ЖОҒАРЫ ДЕҢГЕЙДЕ МЕРЕКЕЛЕДІ

Ұлы жеңістің 70 жылдық торқалы тойын лайықты атап өтуге амангелділіктер ерте әзрлік жасады. Жүргізілетін іс-шаралардың жоспары жыл басында бекітілді. Нәтижесінде аудан бойынша мерекеге байланысты көптеген істер атқарды. Ауданның барлық мектептерінде оқушыларға Ұлы Отан соғысы туралы және Ұлы Жеңістің қандай ерліктермен, құрбандықтармен келгені жайлы танымдық әңгімелер өткізді. Сол сияқты жеңіске амангелділік майдангерлер мен тылгерлердің қосқан үлесі жөнінде нақты деректер мен баяндар жасалды.Жыл басынан бастап аудандық «Аманкелді арайы» газетінде Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангерлердің суреттері мен қысқаша өмірбаяндары үзбей жарияланып тұрды. Сондай -ақ аудан орталығындағы мектептер мен мекемелерде соғыс ардагерлері Хайролла Байділдинмен және Ертай Мұқановпен кездесулер өткізді. Олар жас ұрпаққа Ұлы Жеңіс туралы ғибратты әңгімелер айтып берді.
Іс-шаралардың соңғы нүктесін 2015 жылдың 7-9 мамыр күндерінде өткен мерекелік іс-шаралар қойды. Атап айтқанда 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні салтанатты түрде атап өтілді. Соңынан бір топ жастарды әскер қатарына шығарып салу рәсімі өткізілді.SAM_1434
Осы салтанатты жиында аудан әкімі Ж.Таукенов жұртшылықты және жас отан қорғаушыларды мерекемен құттықтады.
Жас Отан қорғаушылар атынан Б.Нағашыбайұлы сөз сөйлеп өздеріне қөрсетілген құрметі үшін алғыс айтты.
Салтанатты рәсім мұнан соң Қ.Әбенов атындағы мәдениет үйінде жалғасты.Онда жұртшылыққа мерекелік концерт көрсетілді.
8 мамыр күні барлық ауылдық округте тұратын соғыс және тыл ардагерлері Амангелді селосына жиналды. Оларды аудан әкімі бастаған азаматтар зор ықыласпен қарсы алды. Ардагерлер «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы жанындағы халық батыры ескерткішіне тағызым етті. Аудан әкімі Ж.Таукенов барша ардагерлерді жеңіс мерекесінің басталуымен құттықтап, оларға жүрекжарды ізгі тілегін білдірді. Мұнан соң, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Б.Уахитов сөз сөйлеп ардагерлерге ақтілеген жолдады.
Мұнан соң, барлық ардагерлер А.Иманов атындағы мемориалдық музейін аралап көрді. Музейде Жеңістің 70 жылдығына арнап шығарылған кітаптың тұсаукесері өтті.Келесі кезекте ардагерлерге Қ.Әбенов атындағы мәдениет үйінде аудан өнер шеберлері мерекелік концерт көрсетті.
Рәсім соңы «Ақниет» тойханасында облыс әкімі Н.М.Садуақасовтың ауданның соғыс және тыл ардагерлеріне арнап берілген қонақасына ұласты.
Жеңістің70 жылдығын мерекелеу келесі күні – 9 мамырда Ұлы Отан соғысында қаза болған барлық майдангерлерге Сатыбалды ишан атындағы «Тәуба» мешітінде арнайы дұға бағыштаумен бастады.SAM_1415
Сағат тура 10 – да аудан халқы «Даңқ» ескерткіші жанына жиналды. Осы жерде ең үлкен құрмет пен тағызым соғыс ардагерлері Хайролла Бәйділдин және Ертай Мұқанов ақсақалдарға көрсетілді.SAM_1468
Жиналған жұртшылықты аудан әкімі Ж. Таукенов Жеңістің 70 жылдық торқалы тойымен құттықтады.
Салтанатты шара одан әрі аудандық орталық стадионда жалғасты. Осында әскери парад өткізілді. Көптен бері өткізіген парад болғандықтан ба, жиналған жұртщылық оның жоғары деңгейде өтуіне ризалықтарын білдірді. Ал, сағат 12-14- тің арасында соғыс және тыл ардагерлеріне стадионда тігілген кигіз үйлерде аудан әкімі Ж. Таукеновтың арнайы қонағасы берілді. Сағат 14-16-ның арасында аудан палуандарының күресі өткізілді.Жарыс соңында Олжас Тәжікенов түйе палуан атанды.
Тойдың ең шарықтау шегі Тойтөбеде өткізілген түрлі ұлттық ат ойындарына ұласты. Жұртшылық тайлы-таяғына дейін қалмай Тойтөбе басына жиналды. Ат бәйгесі 6-12-24 шақырымдық аламанмен түйінделді.SAM_1479 Аламан бәйгеге су жаңа «Гранта» автомашинасы тігілді. Бір ерекшелігі бұл бәйгеге ауданның 30 елді мекенінің жүйріктері ғана қатыстырылды . Cырттан бірде-бір ат бәйгеге қатыстырылмады. Мұның себебі ауданда ат бәйгесі өнерін дамытуға байланысты болды. Нәтижесінде 6-12 және 24 шақырымдық аламанда 1-ші орынды Тасты ауылынан келген Бердібек Атамбозовтың тұлпарлары еншіледі.SAM_1480 Оның бәйгеден келген жүйріктеріне ірі қара, ат және «Гранта» автомашинасы берілді. Автомашинаны тіккен ауданның кәсіпкерлері болатын.SAM_1476
Аманкелді кәсіпкерлерінің бұл бастамасы облысымыздың барлық аудандардың іскер адамдарына үлгі өнеге деп білеміз.Осы ат бәйгелерінде аудан кәсіпкерлері жүлдегерлерге лайықты сыйлықтар жасады. Бұл жолы аудан кәсіпкерлері асқан ұйымшылдықтың үлгісін көрсетті. Олар аударыспақ ойынына қатысқан сайыскерлерге де лайықты сый-сыяпаттар
жасады. Ал кешкі сағат 20- да орталық стадионда аудан өнер шеберлерінің мерекелік концерт қөрсетті.
Осылайша даңқты халық батыры Аманкелді ата елі Жеңістің 70 жылдығын облысымыз бойынша ең жоғары деңгейде атап өтті. Батыр елі бұл Жеңіс мерекесін 3 күн бойы тойлады. Соғыс ардагерлері де, тыл ардагерлері де және ауданның барша халқы да жеңіс тойының жоғары деңгейде өтуіне өздерінің ризалықтарын білдірді. Елбасымыз – ұлт көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевқа осы көрсетілген құрметі үшін алғыс айтты. Сол сияқты аудан облыс басшылығына да ізгі тілектерін арнады. Ең бастысы халық енді сұрапыл соғыстың болмауын, бейбітшіліктің салтанат құрып, елдігіміздің мәңгілік болуын тіледі.
 
Хамитбек МҰСАБАЕВ
Суреттерді түсірген автор.

You may also like...

1 Response

  1. Жанар айтты:

    Уау, керемет тойлапты ғой аманкелділіктер! Жарайсындар!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓