Жас дәрігерге жаңа пәтер
Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов Лисаков қаласына жұмыс сапарымен барды. Ол алдымен қаладағы №17 үйдің тұрғындарына пәтер кілттерін тапсырды. Баспана «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында тұрғызылды.
– Тұрғын үйдің қолжетімділігін арттырып, халықтың баспаналы болуын қамтамасыз ету үшін соңғы жылдары біздің облысымызда тұрғын үй құрылысының көлемі ұлғайып келеді. Лисаков қаласында да тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету мақсатымен өткен жылда«Нұрлы жер» бағдарламасының аясында жаңа үйдің құрылысы басталған болатын. Ал бүгін көп балалы отбасыларға, жас мамандар мен кезекте тұрған азаматтарға пәтер кілті тапсырылды. Бұл Лисаков қаласындағы тәуелсіздік жылдары салынған алғашқы көп қабатты үй. Құрамында 60 пәтер бар. Сондай-ақ осы қалаға жұмысқа келген 10 дәрігерге пәтер бөлінді. Жалпы, құрылыс жұмыстарына 452 млн теңге қаражат жұмсалды, – деді облыс басшысы.

Бұдан әрі облыс әкіміне қаланың жылыту маусымына дайындығы таныстырылды. «Лисаковскгоркоммунэнерго» жылу орталығы қыс маусымына дайын. Алайда, жұмыстардың жүйелі жүзеге асуына тұрғындардың коммуналдық қарыздары себеп болып отыр. Бүгінде қала тұрғындары жылуға 30 млн теңге қарыз. Архимед Мұхамбетов Лисаков қаласының әкімі Алмат Ысмағұловқа борышкерлер қатарын азайту туралы тапсырма берді. Сондай-ақ, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуын жақсарту бойынша жұмыстарды кешенді түрде жүргізуді міндеттеді.
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев