Мәңгілік мұң мен шер
1921-1937 жылдар қасіретке толы, азабы көп азалы кезең ретінде ел тарихында қалды. Репрессия мен ашаршылық нәубеті қазақтың маңдайына біткен нар тұлғаларын жалмады. Қостанай облысының өзінде жеті мыңға жуық адам саяси қуғын-сүргінге ұшырап, соның екі мыңнан астамы ату жазасына кесілген. Жазықсыздан-жазықсыз жала жабылып, жапа шеккен боздақтардың көз жасы мен елесі қазақ даласын әлі күнге кезіп жүргендей…
1937 жылдың қыркүйегі. Ол кезде қостанайлық қарт ана Зылиха Абдуллина он екі жастағы қыз еді. Әкесі Нұрахмет Қосаев 1936 жылы Алматыға алты айлық оқуға барып, кейін Меңдіқарада механизаторлар даярлайтын училище ашады. Сол уақыттары ауылда техника жоқтың қасы.
Халық қараңғы. Ұйқыдағы санаға қозғау салу мақсатында елден жастарды жинап, оқуға тартты. Кеңес Одағы үшін жан аямай еңбек етіп, Коммунистік партияның мүшесі болған Нұрахмет Қосаевты 1937 жылдың ойраны айналып өтпеді.
– Оқудан келген бетім. Есік алдында екі милиция тұр. Мені ішке жібермеді. Үйден шешем шығып, "Ол біздің бала" деген соң ғана кіргізді. Бөлменің қақ ортасында әкем отыр екен. Жинаулы дүнияның бәрі шашылып жатыр. Шамасы милициялар бір нәрсе іздесе керек. Біздің қарапайым үйден не тапсын. Жағдайымыз жұпыны, тіршілігіміз төмен,– деді Зылиха Абдуллина.
Тұңғыш қызын көрген әкесі Нұрахмет "Қорықпаңдар, еш уайымдамаңдар. Істеген қылмысым жоқ. Қара халықты оқытқаннан басқа кінәм жоқ. Көп болса бес күн жатамын" деп милицияның жетегіне ереді. Азамат сол кеткеннен мол кетті. Дәл осындай жазықсыз жала Меңдіқараның алты коммунисіне жабылған. Әкесі абақтыда жатқанда Зылиха Абдуллина шешесі Алтынмен бірге талай барған. Алайда, балалардың кіруіне рұқсат бермеді. Анасы Алтын отағасына бөтелкемен сүт тасып жүрді. Сондай күндердің бірінде Нұрахмет Қосаев "Зықан, оқы, оқы және оқы" деп қағазға жазып, оны шиыршықтап бос бөтелкенің тығынына жасырып жіберетін болған. Сірә, тұңғышы, Зылихасы оқыса жұрттан кем болмас десе керек.
Сол кездері күн сайын граммофоннан халық жауы атанған азаматтардың аты-жөні айтылатын. Қосаевтың фамилиясы да қара тізімге ілініп, оның балаларын халық жауының балалары деп оқудан шеттетеді. Кейін "Әке үшін бала күймейді" деп оларды қайта оқуға алды.
Зылиха бесінші, інісі Ережеп екінші сыныпта оқитын. Жұрт қа-тарлы мектепке барып жүрді. Бір-де оқушылар күнделікті шығатын газетке үймелесіп, дауыстап оқи бастайды. Онда Меңдіқарадан айдалып кеткен алтаудың ату жазасына кесілгені жазылған екен. Суық хабарды естігенде Зы-лиха анамыздың екі аяғы икемге келмей, жүре алмай қалады. Сыныптастары үйіне сүйеп апарған.
– Осы оқиғадан соң мектепте пионер жиналысы болды. Мен бармаған едім. Інім Ережеп үйге жылап келді. Сөйтсем, бізді халық жауының балалары деп атап мені пионерден, Ережепті октябряттан шығарған екен,– деді Зылиха Абдуллина.
Қосаевтар отбасы отағасының не үшін ату жазасына кесілгенін білмеді, түсінбеді. Себебі, Нұрахмет Қосаев бар ғұмырында ауыл-ауылды аралап, бала жинап, оқытты. Кейбір жастарды өз үйіне жатқызып, тәрбиеледі. Отанасы Алтын шебер кісі болатын. Оқуға келген өрендерге киім тігіп кигізді. Қазақ баласы далада қалмасын деп Меңдіқарада механизаторлар даярлайтын мектебін ашты. Ел үшін тырбан-ған азаматтың тірлігін қылмыс деуге бола ма? Ең қиыны, Нұрахмет Қосаевқа "Жапонияның тыңшысы" деген айып тағылған.
Зылиха Абдуллинаның шешесі Алтын отыз бес жасында жарық дүниеден озды. Оның зираты Меңдіқара ауданындағы Шиелі деген жерде. Ал әкесі Нұрахмет 1957 жылы ақталғаны болмаса, қайда жерленгені бей-мәлім. Қостанайға әкеліп атқанын ғана біледі. Өзге хабар жоқ. Заман түзелген шақта інісі Ережеп талай мұрағатты ақтарып, әкесі туралы мәліметтер іздеген. Бірақ нәтижесі шамалы.
Бүгіндері сексен тоғызға толып, тоқсанға аяқ басқан Зылиха әжей солақай саясаттың құрбаны болған әкесін әлі күнге жоқтайды. Сірә, қасіретті ұмыту мүмкін емес шығар…
Қымбат
ДОСЖАНОВА
СУРЕТТЕ: мәңгілік мұң мен шерге бат-қан Зылиха әже, тұңғышы Сәлима және шөбересі Дария Қостанайдағы қастерлі ескерткіш қасында.
Суретті түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ.