Бабында ма БАСПАНАҢ?
немесе тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтың кейбір мәселелері
2011 жылы Елбасы "Болашақтың іргесін бірге қалаймыз" атты Қазақстан халқына Жолдауында Үкіметке көп жылға арналған бірнеше инвестициялық жобаларды жүзеге асыруды тапсырған-ды. Соның бір парасы осы кезге дейін орындалып, өз нәтижесін беріп келеді. Сол жүктеген тапсырмалардың қомақтысы – "Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртудың 2011-2020 жылдарға арнал-ған бағдарламасы" еді.
Міне, сол бағытпен үш жылдың ішінде елімізде бірнеше тұрғын үйлер жаңғырып, жөнделіп, газбен, инженерлік коммуникациямен қамтылып жатыр. Қауіпті деген ғимараттар қиратылып, орнына қайтадан жаңадан үйлер салынуда.
Мәселенки, өңіріміз бойынша Қостанай шаһарында аталмыш бағдарлама аясында 40-қа жуық көп пәтерлі үй күрделі жөндеуден өтіп, бөлінген барлығы 706,5 млн. теңгенің қаржысы шашау шығарылмай игерілді. Соның негізінде былтыр ғана "ТКШ ремонт" ЖШС құрылып, жоғарыдағы біз айтқан қызметтердің біразын орындауда.
Бізге келіп түскен дерек бойынша ағымдағы жылы тек Қостанай шаһары бойынша 11-ге жуық тұрғын үйге 173 млн. теңгенің жөндеу жұмысы жүргізіліпті. Бұл көрсеткіш келер жылы тағы да артатын сыңайлы. Себебі, қазір басқа да тұрғын үй иелері Елбасының осы бағдарламасын түсініп, ұғынғалы бері және де ақпараттық насихат жүргізгендіктен болар, қатты құлшыныс танытып жатыр. Жеке пәтер иелері кооперативтері (ПИК – автор) басшыларының айтуына қарағанда, алғашқы жылдардан гөрі бүгінгі күні тұрғындардың қимылы ширақ, ниеті басым көрінеді. Соны есепке ала отырып, 2015-2017 жылдары 42-ге жуық көп пәтерлі тұрғын үйді жаңғырту жоспарда бар екен. Соның қазір 6 үйіне жобалық-сметалық құжат дап-дайын. Оның қаржысы 114,5 млн. теңгеге құралып отыр. Қазір шамамен алғанда, Қостанай шаһары бойынша 95%-ға жуық жұмыс орындалыпты. Былтыр мен биыл тұрғындармен 200-ге таман кездесу өтіп, соның нәтижесінде ықылас танытқандардың легі артып отыр.
Бұл жайында әкімдікте өткен мәжіліс кезінде өңір басшысы Нұралы Садуақасов егжей-тегжейлі тоқталып, жетістігі мен кем-кетігін әңгімеледі.
– Сіздер жақсы білесіздер, Елбасының осы бағдарламаны Үкіметке тапсырғаннан бері міне, үш жыл уақыт өтті. Арқалық, Жітіқара, Лисаков, Қостанай қалаларының бүгінгі есебін тыңдағаннан кейін мынадай тоқтамға келдім, – деп Нұралы Садуақасов бірқатар мәселелерді шолып, шаһар әкімдеріне тапсырма жүктеді.
– Әрбіріңе жеке-жеке тоқталмай-ақ қояйын. Алдымен, ТКШ-на бөлінетін қаржыны жеті өлшеп, бір рет пішкен дұрыс. Өйткені, жоспар бойынша кейбір қаржы көлемі жетпей жатқан тұстар көп. Жобалық-сметалық құжаттарды мұқият дайындаңдар. Әсіресе, осы тұрғыдан қала халқынан шағымдар жиі түседі, – деді облыс басшысы.
Расында да, солай. Өткен жылдың басынан бүгінге дейін кейбір қаражат жетпей қалып, қайта қаралып, бөлінген кездер болды. Ол мәселе сол уақытта әкімдікте ескерілді де. Қанша дегенмен де төрт құбыламыз түгел болса да, тіршілік түйткілдеріне сәйкес ескерілмей қалып, соңы ойланып, қапы қалатын тұстар көп. Өңір басшысы, міне, соны меңзеді. Сондықтан да қала мен аудан әкімдеріне айт-қан әлгіндегі әңгімесі де сол еді.
Енді осы бағдарлама аясындағы өңіріміздегі әрбір қала тіршілігіне ойыссақ.
Алдымен, өткен ғасырдың 90-шы жылдарында кетеуі кетіп, қаңырап қалған Арқалық қаласы қазір жанданып келеді. 18-ге жуық нысанның кондоминиумы әділет басқармасына тіркеліп қойылған. Коммуналдық инфрақұрылымға жаңғырту жүргізу үшін шаралар әзірлеуді және қабылдауды қамтамасыз етіп, тұрғын үй қатынасының оңтайлы моделін құрап отыр. Халыққа көрсетілетін тұрғын үй-коммуналдық қызметтердің сапасын арттырып, сондай-ақ қаржыландырудың әлеуметтік тетіктерін құруды біржақты етіпті. Терможаңғыртуды қоса алғанда, кондоминиумның ортақ мүлкіне күрделі жөндеу жүргізуге мүмкіндік берілді.
ТКШ саласы өзара байланысты екі негізгі элементтен тұратыны белгілі. Олар:
– коммуналдық қызметтердің негізгі тұтынушылары болып табылатын көп пәтерлі тұрғын үйлерді (КПТҮ – автор) және жеке үй құрылыстарын қамтитын тұрғын үй секторы;
– жылумен, газбен және электрмен жабдықтауды қамтамасыз ететін желілер мен құрылыстарды (жүйелерді) қамтитын коммуналдық сектор.
Осы екі элемент бойынша Арқалық қаласында Жеке кәсіпкер (ЖК) Әбдібеков, ЖК Мәжитов, "Бақыт-К" ЖШС, "Шаһар Құрылыс" ЖШС бірталай жұмыстарды атқарып тастапты.
Шағын қалаларды дамыту бағдарламасы бойынша да осы мәндес жұмыстар жүргізіліпті. Жылу есептегіш құралдары 10 млн. теңгеге 11 тұрғын үйге қойылып, қазір тұрғындар пайдасын көріп отырған көрінеді. Ағымдағы жылдың қараша айына дейін 11 нысанның кондоминиумы орындалады деп күтілуде.
Ал, Жітіқара қаласында 180 көп пәтерлі үйдің 32-сінің кондоминиумы тіркеліп тұр екен. Мұны қала әкімі Мейрам Өтешев әңгімелеп берді.
Оның айтуынша, көппәтерлі тұрғын үйлердің негізгі мәселелері тұрғын үй иелерінің кондоминиум объектісін басқаруда белсенділігінің төмен болуы екен. Сондай-ақ, кондоминиум нысандарын басқару органдарының қызметіне пәтер иелерінің қанағаттанбауы әрі басқару органдарының қызметінде кондоминиум нысанын басқару және күтіп ұстау функцияларын шоғырландырудың жеткіліксіз болуы.
Осы жерде дамыған шет елдердегі жағдаймен сәл салыстырып көрелік. Нарықтық экономикасы дамыған елдерде тұрғын үй-коммуналдық қызметтерін мемлекеттік және жеке секторлардың аясында ұйымдастырудың бай тәжірибесі жинақталған. Мәселенки, Шығыс Еуропа елдерінің көп пәтерлі тұрғын үйлерді басқару жөніндегі тәжірибесі тұрғын үй иелерінің серіктестік-теріне (ТИС – автор.) бірігетінін (ТИС – қазақстандық ПИК-тің баламасы – автор.) және конкурстық негізде кәсіптік сервистік компанияны тартатынын, олар тұрғын үйді күтіп ұстаумен және пайдаланумен байланысты жұмыстардың барлық түрлерін орындайтынын көрсетеді. ТИС тек орындалған жұмыстарға мониторинг және бақылау жүргізеді. Көрсетілген қызметтердің сапасы қанағатсыз болған жағдайда ғана басқа сервистік компанияны жұмысқа шақыру туралы шешім қабылдайды.
Әлемдік тәжірибеде мемлекеттік жеке меншік әріптестік (МЖӘ – автор.) бойынша айрықша табысты тәжірибе оң нәтижесін беріп келеді екен. ТКШ саласында МЖК нысандарын дамытудың жоғарғы деңгейі, әдеттегідей, Батыс Еуропа және Солтүстік Америка елдерінің жоғары дамыған елдерінде кеңінен байқалады. Ал перспективалы экономикалық елдер (Қытай, Үндістан, Ресей, Бразилия және т. б.), сондай-ақ бұрынғы кеңестік кеңістіктегі көптеген елдерге қатысты айтар болсақ, олар әлі де болса МЖӘ нысандарын дамыту тәжірибесі бойынша едәуір артта қалған көрінеді. Бұл әлемдік сараптамаға сүйеніп айтылып отыр.
Шетелдік тәжірибе тұрғын үй-коммуналдық саладағы МЖӘ дамытудың әртараптандырылған бағытын алға тартады. Бұл бойынша АҚШ, Ұлыбритания, Бельгия, Нидерланды, Швеция, Австрия елдері жақсы көрсеткіштерге жетіп отыр.
Жоғарыда Жітіқара қаласы әкімінің кондоминиум нысандарын басқару туралы айтқан пікірі біз салыстырмалы әңгімелеген жәйттерден хабар береді.
Бағдарлама алғаш жариялаған күннен бүгінге дейін Жітіқара жерінде бірнеше тұрғын үй жаңғырып келеді. 2012 жылы 4 үйге жөндеу жүргізіліп, 25 млн. теңгенің қаржысы жұмсалса, биыл 6 үйге 75 млн. теңге қаржы шығындалған. Алдағы жылдары бұл көрсеткіш бірнеше есе артатын тәрізді.
Лисаков пен Рудный қаласындағы жағдай да көңіл қуантады. Үкіметтің қолдауы аясында халықаралық қаржы институттарын және екінші деңгейдегі банктерді тарта отырып, коммуналдық сектордағы жобаларды бірлесіп қаржыландырудың арнайы құралдарын әзірлеудің арқасында ТКШ-тағы нормативтік-техникалық құжаттамаларды әзірлеу жөніндегі іс-шаралары да біржақты жеңілдеп қалды. Соның нәтижесінде біз айтқан екі шаһар ауқымды жұмыстар атқарыпты. Коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуды қамтамасыз ету үшін инженерлік желілер мен нысандардың техникалық жай-күйін де назардан тыс қалдырмай келеді. Бірнеше жылу есептегіш құралдарын қойып, қазір тұрғындар қаржысын үнемдеп жұмсап отыр. Лисаков қаласы 2 шағын ауданы жеке пәтер иелері кооперативінің басшысы Нонна Прудниктің пікірінше бұл есептегіш құралдары орнатылғаннан бері 46 шаршы метрлік екі бөлмелі үйдің тұрғындары жылу маусымында 12000 теңгеге жуық қаржыны үнемдепті. Ағымдағы жылы 2 көппәтерлі тұрғын үй 29 млн. теңгеге жуық қаржыға жөнделген екен. Сол сияқты Рудный да осы қарқында жұмыс істеп отыр.
Еліміз бойынша орташа алғанда, статистикалық деректерге сәйкес жылу энергиясының жыл сайынғы ысыраптары 10,7 млн. Гкал құрайтын көрінеді. Оның ішінде қазандықтар бойынша жылу энергиясының ысыраптары жылына шамамен 3 млн. Гкал жетеді, бұл орташа құны 3000 тг./Гкал болған кезде 9 млрд. теңгеге жуық қаржыны құрайды.
Енді осы қазандықтардың проблемаларын шешу үшін шараларды үш негізгі топ-қа бөліп қарастыруға болады. Алдымен, ұйымдастырушылық, технологиялық және экологиялық. Осы шараларды іске асыру нәтижесінде қазыналық қаражатты жұмсау тиімділігі артып, энергияны тұтыну 10 %-ға төмендеп, қаражатты үнемдеу жыл сайын 41 млрд. теңгені құрайды. Бұл зерттеуші мамандардың топшылауы. Бірақ, есептей келе әлгі пікір расқа айналып отыр. Бүгінгі күні коммуналдық ин-фрақұрылым объектiлерiнiң көбі 1970 жылдардан бастап 1980 жылдарға дейінгі кезеңде пайдалануға енгiзiлген әрі объективті табиғи және субъективті техногенді факторлармен азаю жағына қарай түзетіл-ген тіпті,оларды пайдалану мерзімі де әлдеқашан өтіп кеткен. Инженерлік коммуникациялардың басым бөлігі де сол шамалас.
Осы жәйттерді тізбелеген өңір басшысы Нұралы Садуақасов келер жылы да осы қарқында жұмыс істеп, аталған бағдарламаны жоспарға сәйкес орындау керектігін тапсырды.
Нұрболат
МЕШІТБАЕВ