Жеңімпаз жауынгерлер жолға шықты

Қостанайлық он жеті соғыс ардагері Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерейтойына орай Астанадағы шеруге қатыспақ. Жеңімпаз жауынгерлерді шығарып салу үшін қала халқы темір жол вокзалына жиналды. Салтанатты шараға облыс әкімі Нұралы Садуақасов қатысып, майдангерлерге сәт-сапар тіледі.IMG_1821
Жергілікті өнерпаздар мен облыстық делегация мінген автокөліктер вокзал маңына тоқтады. Біркелкі форма киген ардагерлердің жүздері бал-бұл жанады. Тағдырлас замандастар бір-бірімен көрісіп, өзара әңгімелесіп жатты. Мінекей, олар Жеңістің жетпісінші көктеміне куә болып отыр. Қандай бақыт десеңізші. Бұл көктемге, бейбітшілік көктеміне жеткен де, жетпеген де арманда.IMG_1767
-Сіздер Елорда төрінде болатын мерекелік шеруге қатысасыздар. Мұндай ерекше құрметке ие болып отырған әрқайсыңызды құттықтаймын. Біз сіздермен мақтанамыз,-деді облыс әкімі Нұралы Садуақасов.
Бүгінде облыс аумағында 338 ардагер бар. Соның он жетісі мерекелік шеруге қатысып, Елбасы Н.Ә.Назарбаевпен кездесу құрметіне ие болды. Иә, майдангерлерге қандай құрмет білдірсек те орынды.IMG_5103 Себебі олар от пен оқтың ортасынан аман келген қас батырлар. Осы аталған он жеті батырдың бірі-Әбілжан Нұрмағанбетов. Тоқсан жастағы ардагер Астанадағы шеруге екінші мәрте қатысқалы отыр. Ақсақалды балалары мен келіндері ақ жол тілеп шығарып салды.IMG_5157
-Мен сіздерге қарап таң қаламын. Қаншама уақыт өтсе де сіздердің діндеріңіз берік, ділдеріңіз мықты. Құрыштан құйырлған адам сияқтысыздар. Сіздердің бойларыңыздағы беріктік, тектілік Совет Одағына Ұлы Жеңісті сыйлады. Сіздер бүкіл Еуропа жерін фашисттерден азат еттіңіздер. Сондықтан да сіздердің еңбектеріңіз ешқашан ұмытылмайды,-деді Қостанай облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжебек Укин.
Иә, батыр бабалар сыйлаған бейбітшілікті балаларының бағалағаны дұрыс. Ержүрек ерлердің есімдері де ерлік істері де ұмытылмауы керек… Ұмытылмайды да.IMG_1877
Салтанатты рәсімнен соң жеңімпаз жауынгерлер мінген жүрдек поезд Елорданы бетке алды. Сәт сапар, арда ерлер, ардагерлер!
 
Қымбат Досжанова
Суреттерді түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ, Бағдат АХМЕТБЕКОВ.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓