42 500: төлем көлемі ұлғаюы мүмкін
Қазақстанда коронавирус инфекциясының "екінші толқыны" бола қалған жағдайда карантин кесірінен жұмысынан айырылған азаматтарға жасалатын төлем көлемін ұлғайту жоспарланып отыр. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің айтқанын жазады Tengrinews.kz тілшісі.
"Инфрақұрылымдық жобалар, "Жұмыспен қамтудың Жол картасы" бағдарламаларын жалғастыру есебінен жұмыс орындарын сақтау және құру жөнінде шаралар қабылданатын болады. "Еңбек" бағдарламасы аясында субсидияланатын жұмыс орындарының көлемін ұлғайту жоспарлануда. Қысқартылған жұмыспен қамтуға көшу кезінде өтемақы не жалақының бір бөлігін ең төменгі бір жалақы деңгейінде субсидиялау енгізілуі мүмкін. Карантин кезеңінде жұмыссыздар үшін жұмысынан айырылған кезеңде төлемді арттыру бойынша ұсыныстар енгізу жоспарлануда", – деп хабарлады Е.Нұрымбетов.
Нұрымбетов алдағы бес жылдағы еңбек нарығындағы болжамдар туралы айтты.
"Еңбек нарығындағы жастардың жыл сайынғы ағыны 2025 жылға қарай 256 мың адамға дейін өседі, еңбекке қабілетті халықтың 12,1 миллион адамға дейін өседі деп болжанып отыр. 2022 жылы жұмыс орындарын құру көлемі еңбекке қабілетті жастағы адамдарды жұмыспен қамтамасыз ету үшін жеткіліксіз болады. 2025 жылға қарай ең жоғары тапшылық 87 мың жұмыс орнын құрайды. Сондықтан алдағы кезеңде қосымша жұмыс орындарын құру қажет", – деді ол.
Осы мәселелердің барлығын ескере отырып, оның айтуынша, карантинді қайта енгізу жұмысшылардың босатылуына және олардың кірістерінің төмендеуіне әкелуі мүмкін.
Естеріңізге сала кетейік, қатаң карантиндік шектеулер кезеңінде табысынан айырылған азаматтар мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан айына 42 500 теңге мөлшерінде төлем алған болатын.