Тартысқа толы турнир
Осыдан тура бес жыл бұрын белгілі журналист, талантты ақын Тұрсынмәмет Бұқабаев кенеттен дүниеден озды. Биыл ол тірі болғанда 37 мүшел жасқа келетін еді. Тобыл өңірінің төңірегіне есімі белгілі азаматтың туған күні бір топ достары мен әріптестері шағын футболдан марқұмды еске алуға арналған турнир өткізді.Жарысқа облыстық «Қостанай таңы» газетінің командасы, «Қазақстан-Қостанай» телеарнасы, А.Байтұрсынұлы атындағы ҚМУ құрамасы, Меншікті тілшілер құрамасы, Ақынның достары, інілері бір-бір команда қосты. Турнирдің ашылу салтанатында Тұрсынмәмет Бұқабаевтың туған ағасы Омар Нүсіпханұлы, жары Алмагүл Сұлтан, курстас досы Нұржан Өтегенов және «Хабар» агенттігінің облыстағы меншікті тілшісі Мағауия Қалиев сөз алып, марқұмның өнегелі істері туралы тебірене айтты. Турнирге қатысушылар марқұмды бір минут үнсіздікпен еске алып, талантты журналистің рухына тағзым етті.
Командалар екі топқа бөлініп, күш сынасты. Турнирге қатысуға ниет білдірген командалардың арасында олқысы жоқ. Алайда, жарыстың аты-жарыс. Жеңіс пен жеңіліс қатар жүретіні ақиқат.Топтық кездесулерде еншілерінде бір жеңіс, бір жеңілістері бар «Қостанай таңы» газетінің қомандасы үшінші орын үшін болған ойында «Ақынның достары» командасын 3:2 есебімен ұтып, турнирдің «қола» жүлдесін жеңіп алды. Ал ақтық сында «Ақынның інілері» командасы мен ҚМУ құрамасы кездесіп, бұл ойында алғашқысы турнир жеңімпазы атанды. Сөйтіп, арнайы Кубокты, «алтын» медаль мен Т.Бұқабаев турнирінің дипломын, ақшалай сыйлықты иеленді.
Сондай-ақ, ұйымдастыру комитеті «Үздік қақпашы» аталымына Нұржан Өтегеновты лайық көрсе, «Үздік қорғаушы» жүлдесін «Қазақстан-Қостанай» телеарнасының ойыншысы Әлішер Әбікенов жеңіп алды. «Ұздік ойыншы» жүлдесін «Қостанай таңы» газетінің ойыншысы Дулат Едрес иеленді. Жарысты ұйымдастырушылар аты аталған турнирді бұдан былай жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіп тұруға уағдаласты.
Қасқырбай Қойшыманов
Суреттерді түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ