Ардагерлер мерейі
Облыстық кәсіподақтар ұйымы бірқатар соғыс ардагерлері мен тыл ардагерлерін Жеңістің 70 жылдығына арналған мерекелік медальмен марапаттады.
Олардың қатары жылдан жылға сиреп келеді. Бүгінгі құттықтауға келе алғандары бір-бірімен сағыныса көрісіп жатты. Денсаулығына орай келе алмағандар да бар. Сұрапыл соғыс даласында медициналық көмек көрсеткен жанның бірі – Александра Боронина. Ол кісі сол сұрапыл жылдарда жараланған әр солдатқа барынша көмек беруге тырысты.
– Әлі есімде жараланған солдаттарда есеп болмады. Мен жап-жас қызбын. Оларға алғашқы жәрдемді көрсететінбіз. Қолда бар дәрі-дәрмекпен жараны жазуға тырысып бағатынбыз. Соғыс даласында аяғыма зақым келіп, елге оралдым. Сол жарақаттың кесірі әлі бар, – деп өткен күнді көзіне жас алып еске алды қарт ардагер.
Мерекелік медальмен марапатталғандар арнайы жайылған дастарқан басында бас қосып, дәм татты.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА