Әдемінің әдемі ойыншықтары
Әдемі деп отырғаным бірге оқитын қыз. Күнде көретін Әдемі бір күні бәрімізді таңқалдырды. Несімен дерсіз. Әдемі небір ойыншықтарымен. Сөмкесінен көздің жауын алардай нешетүрлі ойыншықтарды алып шыққанда топта отырған бәріміз оны қаумалап алдық. Қызылды-жасылды ойыншықтарды ол өз қолымен тоқыдым дегенде таңқалысымызда шек болмады.
Қазақ қызы ежелден пысық. Не нәрсеге болса да икемді сияқты. Ою-өрнек пен ас пісіріп, үйінің сәні мен мәнін жарастырып отыратын да осы қыздар. Десе де қол өнермен айналысып, тоқыма тоқитын қыздар қазіргі күні некен-саяқ. Ал Әдемі сол саусақпен санарлық өнерлі арулардың қатарын толықтырып жүр.
Сыздық Әдемі Қостанай мемлекеттік университетінің 2-курс студенті. Мамандығы – болашақ журналист. Ізденімпаз, оқуынан бөлек өзіне ине-жібін серік еткен. Қолы бос кезінде Әдемі бар уақытын қуыршақтар жасауға жұмсайды екен. Сүйікті ісімен айналысып жүргеніне бес айдың жүзі болған. Бұл ермекті ол ғаламтордан әп-сәтте үйреніп алғанын айтады.
Қазіргі таңда Әдемінің әдемі ойыншықтары өз құрбы-құрдастарының арасында сұранысқа ие. Туындыларының дені дерлік мульт-фильмдер мен ертегі кейіпкерлері. Өнерін өрбітіп, сүйікті ісін кәсіпке айналдыруды Әдемі әлі ойламапты. Бар болғаны сүйікті ермегімен шұғылданып, қолдан келсе басқаларына да үйретуге қарсы емес.
Ақылына көркі сай, он саусағынан бал тамған қыздың орны қашанда биік емес пе.
Кенже ҚОНЫСБАЙ.
Әдемінің өзі әп әдемі ақ екен)))))))))))