«Қарқын» агрофирмасы үшемдерге ауылдан баспана алып бермек
Меңдіқара ауданында Николай, Евгений және Виолетта есімді үшем дүниеге келді. Үшемдердің дені сау, анасының да денсаулығы жақсы. Енді Петровтар отбасында жеті бала.
Меңдіқара ауданы Харьков ауылының тұрғыны Алена Петрова үшем босанатынын алдын ала білген. Бірақ босануы мерзімінен бұрын басталып, аудандық ауруханаға жолдасы жедел жәрдем шақырмай, келіншегін досының көлігімен жеткізген. Осылайша таңғы сағат 06:00-де алдымен екі ер бала (салмағы 2070 гр және 1860 гр), соңынан қызы бала (1680 гр) дүниеге келген. Жаңа туған нәрестелердің жағдайы тексеріліп, қажетті процедуралар жасалғаннан кейін бірден күтім жасау үшін кювездерге орналастырылған. Ал жағдай тұрақталған соң бір тәуліктен кейін санитарлық авиация ұшағымен аудандық дәрігерлер балаларды Қостанай облыстық ауруханасының перинаталдық орталығына емдеуге жіберген. Ер балалар бірден бөлімге орналастырылып, қыз екі күн жансақтау бөлімінде болған.
Меңдіқаралық Петровтар отбасында енді 7 бала. Қазір ана мен үшемдердің жағдайлары жақсы, жас босанған Алена Петрова сәбилерін құшағына алып, үйге баруға асық. Үйде үлкендері күтіп жүр.
«Қорқыныш болғаны рас. Бірақ осындайда жедел көмек көрсетіп, бар жағдайды жасаған дәрігерлерге алғысым шексіз. Ең бастысы балаларым салмақ қосса, үйге шығамыз», – дейді көпбалалы ана.
Облыстық перинаталдық орталықтың балалар бөлімінің меңгерушісі Игорь Бойконың айтуынша, балалар дін аман. Салмақ қосуда, қажетті ем-дом алып жатыр. «Қыз бала әлденіп кетсе емханадан шығарып қалармыз, әзірге нәрестелер салмақ жинауда», – дейді дәрігер.
Отбасының үлкені ересек, қазір өз алдына үй болған. Қалғандары анасына көмек беруге дайын. Өздерінің екі бөлмелі баспаналары да бар екен. Көп балалы отбасы ешқандай шағым айтып, ештеңе сұрап отырған жоқ. Бастысы балалардың амандығын тілеп, бәрі жақсы болатынына сенімді. Әрине, көпбалалы отбасыға үкіметтен болсын, кәсіпкерлерден болсын қандай да бір көмек болып жатса құптарлық. Қазақстанның Еңбек Ері Сайран Бұқанов Петровтар отбасына жергілікті «Қарқын» агрофирмасының атынан ауылдан кең баспана тарту етіп, үшемге бір жыл бойы ай сайын 100 мың теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетіліп тұратынын айтты.