ОТАН ҮШІН ОТҚА ТҮСКЕН

 Ұлы Отан соғысы кезінде 1943  жылы тамыз айында Украина жеріндегі шайқаста ерлікпен қаза тапқан қазақ азаматы, мерген Сұлтан Еркімбайұлы «Ерлігі үшін» медалімен, Қызыл Жұлдыз орденімен және жан қиған аса зор ерлігі үшін I-ші дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденімен марапатталған. Батыр жігіт өзі қорғап қалған Украинаның Еремовка селосында жерленген.
Үмітпен қарсы алатын нұр таңдарды,
Қолдамас қиындықтан бұлтарғанды,
Сыйлады тарихыма Әулиекөл
Туған тек ерлік үшін Сұлтандарды.
 * * *
Шағында сәби-бала қарасыны,
Есейіп болған әке жанашыры,
Ел сыйлар Еркімбайдың шаңырағында
Сұлтаны – жалғыз тұяқ, бар асылы.
Қыздарды қызықтырған көркемдігі,
Жігітте болмас, сірә, ер кемдігі.
Аңыздай тарап кеткен ауылына
Сұлтанның сұңқардайын мергендігі.
Жас болып қыңыр ісі жоқ істеген,
Шекісіп, замандаспен керіспеген.
Тек әттең 18-і қатар келді
Қара бұлт елге төнген – соғыспенен.
…Маусымның атты таңы нұр арайлы,
Әскери міндет жайды сұрамайды
Комиссар:
«Майданға қажет қазір дәл өзіңдей
Мергендер көзден атар құралайды», –
деді де, мінезін де мақтан қылды,
Жігерін қайрап, жанын шаттандырды.
Еңіреп Еркімбайдың жанұясы
Сұлтанын «сәт сапар», деп аттандырды.
…Ілігіп басшылардың назарына,
Көндігіп сұм соғыстың азабына,
Украина жерінде түсті Сұлтан
Қайнаған қан майданның қазанына.
Медет қып жүрегіне бір Алланы,
Ұлтының қуат беріп ұранды әні,
Одақтық Отан үшін жан аямай,
Жайратты жауды талай қыр арланы.
Кез емес қателесіп,  сүрінетін,
Қарашы бұл Тәңірдің құдіретін.
Хат жазып ата-анаға сағынышпен
Жіберді соңғы әскери суретін…
Көтерді Сұлтан шыдап заман жүгін
Елді ойлап, ой түбіне қамалды мың.
Бауыры Сақыш еді хат жазып тек,
Білдірер жанұяның амандығын.
…Харьковтың бұзу үшін бекінісін
Фашистер төкті аямай нөпір күшін.
Өзендей ақты қаны мергендердің
Шайқаста болған өткел көпір үшін.
Туған ел қалды кейін алыстап ән,
Абат па арыстандай алыспаған!
Қансырап жатсадағы Сұлтан мерген
Жауына аттатпады қарыс қадам.
…Сұм хабар жетті бірақ ел күтпеген.
(Қайратты халық неге көндікпеген?)
Шайқаста Харьков үшін болған ерен
Мерт болды Сұлтан мерген ерлікпенен.
Тосатын талай қызық алдан әлі,
Үзілді қыршын жастың арман әні…
Өзегін анасының өртеп өтті
Сұлтаннан бір тұяқтың қалмағаны…
Жыл өтіп, ай алмасу  өмір заңы.
Күн бейбіт. Жас ұрпақтың көңілді әні.
Орнатты Сұлтан ерге мәңгі белгі
Сақыш пен Бигелдінің Өмірзағы.
Ерліктің алаулатып отын әлі,
Тарихтан танып ұрпақ оқыр әрі.
Жат жерде ер Сұлтанға торқа болар
Бір уыс туған жердің топырағы.
Жырақта туған елдің құла белі,
Жайқалып жауқазын гүл тұрар еді.
Мәңгіге тыныстады қайсар қазақ,
Бабалар ерлігінің мұрагері.
P.S. «Ел үшін, алға!» болып ұрандарды
        Мерт болды қанша ұлттың қырандары.
       Сұлтанның ерлігіне тағзым етіп,
       Гүл қойып жүр украин ұландары.
ВОВ_1
Ұлы Отан соғысында 1942 жылдың шілде-тамыз айларында Сталинград шайқасында ерлікпен қаза тауып, 70 жыл белгісіз жауынгер есебінде саналған жерлесіміз Құдайқұл Ордабаевтың мүрдесін жиені Мұхамеджан Кәменұлы Жетпісбаев 2013  жылдың 23-ші шілдесінде туған жерге жеткізіп, арулап жерледі.
…Орынды сөзді осы сәт қандай таба алам?
Көрмеген қазақ тарихта танып тағадан.
Алашқа аңыз айбарлы абат бабалар
Жорыққа шықса, жеңістің туын қадаған.
Даламда мына жайнаған шоқтай гүлдерім,
Сәулесін ерек шашатын сынды күн керім.
Ерлік боп елге оралды ердің есімі
Тарихта таңба болатын күні шілденің.
Өкініш – өксік тірелді келіп алқымға:
Азамат еді қайраты басым нар тұлға,
Қиылып қыршын, айқасып жаумен алапат,
Оралды мәңгі жауынгер жігіт қалпында.
…Тілегін тілеп артында дос пен туыс қап,
Ұмтылды ма екен жауына тура ту ұстап?
Қазаққа нәубет кер заман кездің құрбаны
Жатады енді топырақта туған тыныстап.
Күндерде бейбіт атса да талай таң күліп,
Сұм соғыс бейне өшпейтін ұзақ жаңғырық.
Ұрпаққа үлгі із салған тарлан тарихта
Ерлерім барда, өлмейді Ерлік мәңгілік.
            Әсия БЕРКЕНОВА,
Қазақстанның халық ақыны.

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓