Ерен еңбектің егесі

Таяуда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолынан жерлесіміз Борис Князев «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын алды. Даланы түлеткен, ауылына гүл еккен, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға ерен үлес қосқан азамат марапаттардың төресіне ие болды. Бұл жетістік – оның ұзақ жылдар бойы жасаған табанды еңбегінің мәуесі.Князев 1
Жақсы аты шыққан ердің жаман аты шықпаған ауылы жайлы аз айтылып, кем жазылып жүрген жоқ. Б.Князевтің «Алтынсарино» шаруашылығы (ауыл – авт.) берекетті тірлігімен көпке үлгі болатыны шынымен де жасырын емес. «Балапан басымен, тұрымтай тұсымен» кезеңде, ауыл шаруашылығының іргесі сөгіле бастаған 90 жылдар шенінде тоқырау-араннан оның өз күшімен алып қалған жұрты-тын бұл. 
Қамысты ауданына қарасты оймақтай елді мекенде қазіргі таңда 1800-ден астам адам немесе 320-ға жуық түтін бар. Жалпы бұл ауылдың құрылғанына биыл 60 жыл. Содан бері, бұзылуынан гөрі түзілуі басым бұл ауылда жыл сайын тек жаңа үйлердің іргетасы қалануда.  Соңғы 10 жылда жиырмадан астам баспана бой көтерген. Бұл үрдіс жалғасын да таба бермек. Қазір мұнда үй кезегінде тұрғандардың қатары көп. Тұрмысы бекем бұл жұртқа қоныс тебуші отбасылар қатары көбейе түсуінің себебі біреу: қос қолға күрек, бір шаңыраққа тамызық болар табыс бар. Табыс мол болғандықтан да ауылдықтардың әлеуметтік ахуалы тұрақты. Тұрғындардың жартысына жуығы шаруашылықта еңбек етеді. Борис Павловичтің өзі айтатындай, ауылдың айрандай ұюының басты факторы – тоқшылық. Осы жолында ол бар күшін салады. Ауылдастардың жем-шөбінің тоннасын небары бес мың теңгеге түсіріп береді. Әлеуметтік нысандар да түгендеулі, жүзік көзінен өткендей. Мектеп-балабақшасы, спорттық мекемелер, мәдениет үйі мен мұражайы жөндеуден өткізілген. Бір сөзбен қайырғанда, абат ауылдың бақуатты тірлігі көрген көзді тәнті етпей қоймайды.
Б.Князев өз шаруашылығының да болашағын ауылдастарымен байланыстырғандықтан, олардан аяйтын ештеңем жоқ дейді. Ақадал ас абыройлы еңбектің арқасы екенін айтады. Дала төсін емген егінші биыл да, егіс науқанының қиындығына қарамастан, маңдай терді ақтайтын өнім өсірді. Гектарына 12-15 центнерден астық алды. Өйткені берекені көктен емес, еткен еңбектен күтті. Шығымды шығынсыз жиып-терді. Мал шаруашылығын мандытып отырғаны – тағы бір төбе әңгіме. Бүгіндері ет бағытындағы түлік басы екі мыңға жеткен. Оны еселей түсу – басты мақсаттарының бірі. Бақташыларына, өзге де материалдық көмектерді қоспағанда, 101 мың теңге жалақы төлеп отырғанын да айта кеткен жөн.Князев
Князев – облыстағы әлеуетті меценаттардың бірі. Жалқы мысал – былтыр Торғайдағы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің 150 жылдығына 2 млн. теңгенің телескобын сатып алып берді. Өзге де қоғамдық мұқтаждықтарға бейжай қарап көрмеген кеңпейіл жан. Еңбегімен ерен, болмысымен биік, азаматтығымен алып тұлға. Сол ерен, биік, алыптығынан болар – тұтас бір ауылға саясы түсіп тұр.
 
Жандос Жүсіпбек

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓