Бейбіт күннің гүлдері
Жеңіс күні де келіп жетті. Бұл күнге 70 жыл толса да ол күндердің азабын айтып тауысу мүмкін емес шығар. Ал қатары сиреп жатқан ардагерлеріміз бүгінгі ұрпаққа «Енді соғыс болмасын!» деп тілек айтады көздеріне жас ала. Бұл жолы да қос ардагеріміз Қасымхан Алдабергенов пен Сабыр Батырғалиұлы балалардың ортасында отырып, бірге шай ішіп, оларға өз ақылдарын, өсиеттерін айтып, баталарын берді.
Облыстық балалар үйінде өткен кеш «Ер есімі – ел есінде» деп аталады. Игі шараны ұйымдастырған қазақ тобының тәрбиешісі Айгүл Әбілқасымова әр балаға бұл мерекенің мән-мағынасын түсіндіруде. Балалармен кездесуге келген ардагерлермен қатар Марал ишан мешітінің бас имамы Асылхан қажы Түсіпбек, «Зекет» қорының төрағасы Жақсылық Гайсин және қажы апаларымыз бар. Бұл жай ғана бірге отырып тамақтану емес. Ата-анасыз қалған әр балаға қиындықты жеңу өз қолдарында екенін түсіндіру. Кешке келген қонақтар соғыс зардабын көрген кісілер. Олар да соның салдарынан бірі әкеден, бірі анасынан ерте айрылғандар. Жастық өмірлерін қиындықпен өткізгендер. Бірақ мұның бәрі оларды мойытпады. Қайта намыстанып, қайратты болуға бастады.
Ал ендігі болашақ осы балғындардікі. Осы балалар үйінің ішінен ашылған №9 топ тәрбиеленушілеріне қазақы тәрбие беріледі. Жүрегінде иманы бар кісілер мұнда соқпай кетпейді. Бұл отырысқа балалар да тиянақты дайындалыпты. Олар өз қолдарынан түрлі заттар дайындап, көрмеге қойыпты. Ал Қалибек Деріпсалдин ағамыз кештің шырайын келтіріп, әндерін арнады. Әрбір кісі бала жүрегіне жол табуға тырысты. Ең бастысы бала үшін өмірді көрген кісілерден үлгі-өнеге алып, өткенін біліп, алдыңғы күнге сеніммен қадам басса, нағыз жеңіс сол емес пе.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА