Тегіне тартып туған немесе елі үшін жастай құрбан болған Ғазымбек Бірімжанов туралы сөз
"…Ахмет ағай, Ғазымбек,
Елден шетке кетіп жүр,
Отанға қызмет етіп жүр.
Қазақтың қамы қайғысы,
Жүрген жоқ олар босқа тек".
Мұхтасиф
Әлмұханбет Оспанұлы.
Ғазымбек Қорғанбекұлы Бірім-жанов 1896 жылы Торғай облысы, Торғай уезінің Тосын болысының №1 ауылында (қазіргі Қостанай облысы, Жанкелдин ауданы Шеген ауылы) дәулетті отбасында (әкесі Қорғанбек Бірімжанов – Торғай уезі бастығының көмекшісі қызметін атқарған) дүниеге келген.
Ғазымбек туралы сөзді оның ата тегінен бастағанымыз жөн. Ол текті атадан, яғни әріден алсақ бабасы Шақшақ Жәнібек тарханды айтпағанда,бергі аталары Дәуітбай мен Мұса тархан және Шеген би алты Алашқа танымал батыр тұлға, ұшқыр ойлы, даналығымен белгілі билердің бірі болса, өз әкесі Қорғанбек пен Бірімжан да кезінде Қостанай- Торғай өңіріне атағы шыққан, ықпалды, беделді адамдардың бірі болғаны тарихтан белгілі. Анасы Сүлеймен төренің қызы Сақып келбетті, ақжарқын жан болған.Болашақ Алаштың жас қайраткерінің балалық шағы дүние есігін ашқан атақонысы – Сарытосында өтеді.
Ата-бабасынан туған зеректік пен тектілік Ғазымбек бойына да туа дарыған. Ол жасынан алғыр, өткір, көрегендік сияқты жалпы қасиеттерімен танылып өседі. Заман ағымын андай білген Қорғанбек, келешек – оқыту екенін жақсы түсініп, ауыл молдасынан тілін сындырған Ғазымбекті Торғайдағы екі кластық уездік орыс-қазақ мектебінде оқытып, сауатын аштырады. Мұнан соң Ғазымбек Орынборда реалдық училищеде оқып, кейін Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университетіне түсіп, дәрігерлік мамандық бойынша бітіріп шығады. Университетте оқи жүріп ол қоғамдық жұмыстарға белсене кірісіп, өзі сияқты білім іздеп келген қазақ жастарымен қоян-қолтық араласады.
Осы жылдар империядағы саяси жағдайдың ушығып, қарсылық қозғалыстарына оқушы-студент қауымының да белсене араласа бастаған кезі болатын. Орыс басқыншыларының озбырлығына қарсы шыққандардың арасында Ғазымбек те болады. Осындай оқиғаларда саяси шынығып, қайратты да саналы күрескер ретінде қалыптасады. Сол кезеңдерде ол жерлес ағалары А.Байтұрсынов, М.Дулатов, К.Тоқтабаев және М.Есполов секілді 20-шы ғасыр басында қазақ интеллигенциясын тарихи аренаға шығарған Алаш қайраткерлерімен бірге елдің қамын ойлап, отаршыл жүйеге қарсы шықты.
Солармен бірге ұлт мүддесіне кереғар пікірдегі отаршыл патша саясатына қарсы жарияланған мақалаларды үзбей оқып, олардың пікірталастарына белсене араласып, өз ойын да ортаға салып отырды. Оның қоғамдық- саяси қызметі Алаш партиясы мен Алашорда үкіметімен тығыз байланыста болды. Ғазымбек те Алаштың белді бір мүшесі болып, оның міндеттері мен мақсаттарын айқындауға белсене ара-ласты. Тарихи басылымдарда Ғазымбектің Колчак үкіметімен Алашорда атынан келіссөз жүргізуге қатысқаны, Алашорданың Башқұрт үкіметі жанындағы уәкілі болғаны туралы айтылады.
Сонымен бірге, 20-шы жылы желтоқсанда "Ақжол" газеті жарыққа шыққанда М.Дулатов Ғазымбекті журналистік жұмысқа тартқаны белгілі. 1920-1922 жылдары ол осы газетте "Ғазымбек", "Шеген" деп қол қойып, көп материалдар жариялаған. Бұл жөнінде кезінде қазақ журналистерінің ұстазы атанған, ғалым, ұлтымыздың ұлағатты азаматы Темірбек Қожакеев "Арыстардың ағартушы шәкірті" ("Қазақстан мұғалімі"), "Өрелі өрім еді" ("Сұхбат") атты мақалаларында Алаштың жас қайраткері туралы толық әрі жан-жақты мағлұмат беріп, жазған болатын.
Негізінде Ғазымбектің мақалалары тақырыптарының әр алуандығымен, ой-пікірлерінің нақтылығымен, тілінің шұрайлығымен ерекшеленеді. Қай тақырыпта ой қозғап жазса да, мәселені терең біліп, терең зерттеп жазуға ты-рысқан. Қазақ жерінің тарылып, суы мол, шұрайлы, шабындықты жерлердің келімсектерге беріліп, ата-баба жерінің қолдан кетіп бара жатқаны, орыс шаруаларының толассыз ағылуы оның жанына қатты батты.
Өзінің "Қанына тартпағанның қары сынсын", "Жер дауы, жесір дауы", "Нар жолында жүк қалмайды", "Ауруын жасырған өлер", "Қырсық" және т.б. осындай көкейкесті мәселеге байланысты жарияланған еңбектерінде қазақ даласының бөлшектеніп, өз жерін қазақ қалай сақтап қалу керектігіне, теңдік туралы жауап іздей келе халықты бірлікке, өнер-білімге, экономикалық тәуелсіздікке, А.Бөкейханов пен А.Байтұрсынов идеяларын іске асыруға шақырады. Сондай-ақ, "Ақжол" газетінің бетінде Алаш қайраткерлеріне қиын-қыстау кезінде көмек қолын созған қазақ байлары туралы жазғанда демеу болған Торғайдың игі-жақсылары да назарынан тыс қалмады.
1923 жылы Түркістан Республикасы білікті жастарды даярлау мақсатында жергілікті ұлт өкілдерінен білімді деген бір топ жасты жинап, солардың қатарында Ғазымбек те Германияға оқуға (қазіргі "Болашақ" бағдарламасы сияқты) жіберіліп, Берлин университетінің ауыл шаруашылығы факультетіне түседі. Сөйтіп қазақ елінен шетелде оқыған алғашқы толқынның қатарында Ғазымбек Бірімжанов та болды.
Тарих ғылымдарының докторы, профессор Көшім Есмағанбет "Әлем таныған тұлға" атты мақаласында бұлай деп жазады: " М. Шоқайдың елдегі таныстарымен, ұлттың қайраткерлерімен байланыс орнату жұмыстарына Түркістаннан Германияға оқуға барған жастар үлкен көмек берді. Бұлардың ішінен Ғазымбек Бірімжановті ерекше атауымыз керек. Жоғары білімді ол Германияға бара жатқан талапкерлер құрамына Ә.Бөкейхановтың ұсынысы бойынша арнайы енгізіліп, Кеңес өкіметіне қарсы ішкі және сыртқы күштер арасында байланыс орнату жөнінде қауіпті де жауапты міндеттер жүктеледі.
Ол М.Шоқайды ел жағдайымен, Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Х.Досмұхамбетов, У.Қожаев, С.Қожановтың атқарып жатқан жұмыстары жөнінде хабардар етеді. Ғазымбек Бірімжанов Германияға барған бойда С.Қожановқа жолдаған хатында: "Мұстафа өте нашар тұрады, қазақтың студент-жастары оған көмектескісі келеді. Бірақ ол одан бас тартты және бұл ақша өздеріңе керек болады, өйткені алда көп істер күтіп тұр" дегенді айтты, деп хабарлайды". Міне Ғазымбек Бірімжановқа М.Шоқайды қазақ халқының жағдайымен таныстыруды, Мұстафаға қазақ халқына төніп тұрған опат жөнінде әлем жұртшылығын хабардар етуді тапсырғаны белгілі болды. Ол тапсырманы Алаштың жас қайраткері абыроймен орындап шықты.
Ғазымбектің Алаш қозғалысының танымал жас қайраткері екендігі бұрыннан белгілі болатын. С.Сейфуллиннің 1937 жылы өзінің Нәзір Төреқұловпен қарым-қатынасы жөнінде Л.Мирзоянға жазған хатында "Ғазымбек Бірімжанов Әлихан Бөкейхановпен бірге атышулы Алашорда үндеуіне қол қойған Алаш пар-тиясы орталық комитетінің белгілі мүшесі болған" – деп жазған. Ол 1917 жылы Алаш партиясының Бағдарламасын жасауға тікелей атсалысты. Айта кету керек, осы Бағдарламаның 7-і авторының 3-і Торғайдан шыққан Алаш қайраткерлері екені белгілі (А.Байтұрсынов, М.Дулатов және Ғ.Бірімжанов).
Тағдыр Ғазымбектің басына таңдап алған қосымша екінші мамандық бойынша жұмыс істеу-ге жазбады. Сол кезде жүріп жатқан қуғын-сүргін Ғазымбектің де жеке басына шүйлікті. Ол екінші агроном мамандығы бойынша оқуын бітіріп, елге қызмет етемін деп келе жатқанда 1928 жылы ұсталады. Тағылған айып: "Алаш қайраткерісің, Германияда оқып жүргенде орыс-қазақтың зиялы ақсүйек қауымымен араластың, Мұстафа Шоқаймен кездесіп, оның көзқарасын қолдап, пікірлес болдың. Ахмет пен Міржақыптың үзеңгілес серігісің және "Торғай ісіне" қатысты кінәлі деген желеумен" түрмеге қамайды. Ақыры үштіктің шешімімен Ақ теңіз каналы құрылысына он жылға жер аударылады.
Айта кету керек, Ғазымбек Бірімжановтің 1928 жылы ұста-луына мына факті себеп болған секілді. Соны тілге тиек етейік. "…Во время поездки в Германию в 1924 году Рыскулов встретился со-студентами из Туркистана и Бухары, обучавщимися в Берлине, и "установил, что некоторые из них воспитывается против советского строя", общается с работниками турецкого и иных консульств, а сын бывшего волостного правителя Тургая Беремжанов Газымбек встречается с лидером мусульманской эмиграции М.Чокаевым и даже осмелился просить Рыскулова помочь земляку-эмигранту. Категорически запретив ему дальнейшие контакты с антисоветчиком, он применил прием, с успехом использовавшийся партийным руководством для управления национальной интелегенцией и расправы с ней внутри страны; я ввел в бюро студенческого землячества Г.Беремжанова, враждовавщего с председателем бюро Идрисовым. Таким образом, они могли, по его мнению, доносить друг на друга подробности о проведенной "работе" в полпредство СССР в Берлине". Я расколол тогда студентов", – докладывал в апреле 1924 года Рыскулов Сталину, в ЦК партии и ГПУ. ("На изломе. Алаш в этнополитической истории Казахстана". стр. 380. Авт. д.и.н., чл.кор. РАЕН., Аманжолова Д.А., Алматы, 2009, изд.ТОО "Издательский дом "Таймс"). Осындай қитұрқы саясаттың салдарынан сол кездегі аумалы-төкпелі кезеңде Рыс-құлов секілді кейбір ел ағалары Ғазымбек Бірімжанов сияқты алда зор үміт күттіретін жастардың болашағына балта шапқаны қазақ тарихының көлеңкелі беттері болды. Бұл жөнінде белгілі жазушы, алаштанушы, профессор Тұрсын Жұртбай да баспасөз беттерінде нақты мұрағат деректеріне сүйене отырып жазған болатын.
Былайғы жұртқа Ғазымбектен гөрі оның туған ағасы, қазақтан шыққан тұңғыш заңгерлердің бірі, кезінде Ресей Мемлекеттік Думасына қатарынан екі рет депутат болған, Алашорда үкіметінің мүшесі Ахмет Қорғанбекұлы Бірімжановтың есімі көбірек таныс болғанымен, Ғазымбекте Алаш арыстары үміт артқан асыл ұлдардың бірі болды.
Сөзіміз дәлелді болу үшін 1917 жылдың тамыз айында Ғазымбек Қорғанбекұлы Бірімжанов Орынбор округтік сотына аудармашы-тілмаш қызметіне ұсынылғанда Алаштың көсемі Әлихан Бөкейхановтың берген мінездемесінен үзінді келтірейік: "…Газымбек Биримжанов оказался весьма способным и работающим не на страх, а за совесть работником. По убеждениям, как большинство моих близких знакомых молодых киргиз, народник в духе народников 70-х годов". ("На изломе. Алаш в этнополитической истории Казахстана". стр. 150. Авт. д.и.н., чл.кор.РАЕН., Аманжолова Д.А., Алматы, 2009, изд. ТОО "Издательский дом "Таймс").
Орайы келгенде айта кететін бір жәйт, Ғазымбектің туған інісі, жастайынан үлкен ақын болады деп үміттенген, Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университетінің түлегі Мұхтар Қорғанбеков те "Қапланбек Алашордашылары" тобының мүшесі ретінде 1934 жылы ұсталып, небәрі 27 жасында ату жазасына кесіледі. Сөйтіп, қазақтан шыққан алғашқы тіл мамандарының бірі, болашағынан үміт күттірген жас ақынның өмірі жанбай жатып сөнеді. Өз заманындағы шындықтың шырақшысы, ардың айнасы бола білген, елінің рухани тұрғыдан жетілуіне барынша атсалысқан және Алашорда үкіметінің экономикалық, қорғаныс-тық тірегі болған Қорғанбек Бірімжановтың үш бірдей ұрпағы – Ахмет, Ғазымбек және Мұхтар азаттық жолында құрбан болды. Сұңқардың ұясынан сұңқарлар ұшып шығады деген осы емес пе?!.
Осы орайда халқымыздың хас батыры Бауыржан Момышұлының: "…Әділет, шындық, ақиқат түптің түбінде жеңеді. Бір өкініштісі, сәл кешігіп жетеді" деген сөзі ойға оралады. Елінің еркіндігін аңсап, бейнетіне жастай өгіз болып жегіл-ген Алаштың жас қыраны Ғазымбек Қорғанбекұлы Бірімжанов небәрі 41 жасында дүниеден арманда кетті.
Ертай Қарабала.
Астана қаласы.