ПРЕЗИДЕНТПЕН БІРГЕ БИІК БЕЛЕСТЕРГЕ!
Рудный қаласының орталық алаңында кезектен тыс Президент сайлауында 97,7 пайыз дауыс жинап, жеңіске жеткен Нұрсұлтан Назарбаевты құттықтауға арналған жеңімпаздар форумы өтті. Онда Президентпен бірге биік белестерді бағындырамыз деген ұранда тілектер айтылып, Елбасының ел дамуы жолындағы еселі еңбегі екшеленді.

Бүгін қазақ елі үшін тарихи сәт. Бөркін аспанға лақтырып, қалай қуанса да жарасатын күн. Өйткені Қазақстанның бүгіні мен ертеңі таразыға түскен саяси шарада көптің қалаған тілегі орындалды.
Алаңға жиналған мыңдаған адамның бірде-бірі кездейсоқ келген жоқ. Көздерінен жалын атқан жастар да, қуанышын жасыра алмаған жасамыс та ыстық ықыласпен, зор ниетпен келіп отыр.
Еңбек адамдары, түрлі әлеуметтік сала өкілдері, шахтер мен металлургтар да осында. Себебі олардың таңдауы бір, мақсат-мүддесі ортақ. Ол әлбетте бейбіт елді мәңгілік баянды ету. Ал елдегі тұрақтылық пен тыныштық – Н.Назарбаев тұғырнамасының басты ұстанымы осы.

Форумды құттықтау сөздерімен ашқан Рудный қаласы бойынша сайлау штабының жетекшісі Мұхамеджан Турдахунов:

-Азаттыққа қол жеткізіп, енді ғана аяғынан тік тұра бастаған жас мемлекетті түрлі қиындықтардан алып шығып, Қазақстанды төрткүл дүниеге танытқан – Нұрсұлтан Назарбаевтың ұтымды шешімдері мен сындарлы саясаты. Еңселі істерді қазақ елі білікті басшының арқасында еңсерді, – дей келе жиналған қауымға белсенді дауыс бергендері үшін өз ризашылығын білдірді. Ашық аспан астына құрылған сахна төріне мәслихат хатшысы, еңбек ардагерлері мен белсенді жастар да шығып, жүрекжарды лебіздерін айтуға мүмкіндік алды. Шара әрі қарай патриоттық әндермен өрнектелген концерттік бағдарламамен жалғасты.
Міне, осылайша жылдың ең маңызды оқиғасы өз мәресіне жетті. Тұтас әлемде тұлғасы биіктеп, тұғыры беки түскен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты ел-жұрты жұмыла қолдайтынына күллі дүниежүзі халқының көзі жетті.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ