“… Ана көрген тон пішер”
Құрақ құрап, көрпе тігетін, ұршық иіріп, тоқыма, шәлі тоқитын әйел-аналар біздің ауданда да баршылық. Ал, мақалама арқау болып отырған Клара Жалкенова кешегі күні халықты нарық қысқан шақта айрандай ұйыған отбасының берекесін сақтап қалу үшін қол қусырмай еңбек етіп, отағасы мен балаларына жоқшылықтың тауқыметін тартқызбай жүрген жанның бірі
Тігінші апаймен аз уақыт тілдескенімізде қазақ халқының қол тігістері өзінің тігілу әдісі мен мәнеріне қарай бірнеше түрге бөлінетінін, олардың әрқайсысы өз атауларымен аталатынын білдік.

Атадан баласына, анасынан қызына мирас болып келе жатқан – сәндік өнерінің өзі ұлттық мәдениеттің дамуына ықпал етеді. Тігіншінің қолдан тігілген оюлы бұйымдары күндік іс емес, ұдайы жетілдіруді, дамытуды қажет етеді. Қазақи қасиеттерді бойына сіңіріп өскен Клара апай өз өнімдерін ұлттық нақышпен әшекейлеу арқылы тұтынушысын тартпақ.
Тігіншілік өнерді алғаш әжесінен үйреніпті. Көп жылғы тәжірибесін тиімді пайдалана отырып өз білгенін қыздарына үйретіп, одан қалды қолындағы Гүлжазира келінін де осы іске бейімдесе керек. Тіпті, үлкен ұлы Қосылбай да тігін тігу өнерінен кенде емес.
– Орта жасқа келсем де қал-қадерімше іс тігіп, киім пішіп, құрақ құрауды, кесте тігуді әлі жалғастырып келемін. Өнер мектебінің дарынды балаларына, мәдениет үйінің әншілеріне тапсырыс бойынша сахналық киімдерді жаңартып, тігіп беріп отырамын, – дейді кейіпкеріміз.
Осы өнер әжесінен дарыса, Клара қазір қыздарына кеңінен үйретуде. Анасы іс тіге бастаған кезде балалары жанына келіп, көмектеседі екен. "Ана көрген тон пішер…" дегеніміз осы емес пе?!
Байбатыр НИЯЗБЕКҰЛЫ.
Жанкелдин ауданы.