Атағы дардай аспазшы ауданда болды
Өткен жылдың қазан айында өңірде ашылған «Азия» аспазханасы аудан жұртшылығы үшін жемісті жұмыс жасап тұр. Бұл жаңа нысанды жеке кәсіпкер Игорь Мерега германиялық «WIESHEU» фирмасынан әкелінген заманауи құрылғылармен жабдықтаған.
Бүгінде бұл жерде тәтті тоқаштар, кәдімгі нан мен шелпектер, түрлі тәттілер т.б. арнайы түрде пісіріледі. Өнімдерді ыстықтай сатып алу үшін сарыкөлдіктердің бәрі осында сабылады.
Жақында әріптестік аясында ауданымызға аяқ басқан тамақ өнеркісібінің доценті, SES (Senior Experten Service) ұйымының аға сарапшысы Ханс-Херберт Дорфнер Германия Үкіметінің қаржыландыруымен екі апталық кездесу ұйымдастырды. Яғни, «Азия» аспазханасының жұмыскерлері топтамалық шеберлік сыныбынан өтті. Сөйтіп, сарыкөлдіктер үшін тәжірибелі шебердің қолынан дайындаған өнімдерді сатып алудың сәті түсті.
Айтпақшы, алыстан арнайы келген қадірменді қонақпен аудан әкімі Эльдар Күзенбаев кездесіп, әңгімелесті. Өңір басшысының сауалдарына Ханс-Херберт жеке-жеке жауап берді. Ол өз сөзінде, қазақстандық ұн өнімдерінің өте жоғары сапада дайындалатынын айырықша атап өтіп, одан жасалатын өнімдердің де өте дәмді болатынын жеткізді. Сондай-ақ, жаңаша техникалармен жабдықталған аспазхананың бүгінгі жұмысына көңілі толатындығын білдіріп, өз бағасын берді. Әсіресе, оны ондағы жұмыскерлердің өз ісіне деген құштарлығы, сарыкөлдіктердің сыйластығы сүйсінтті.
Сондай-ақ, әлемге әйгілі фирманың өкілі Ханс-Хербергпен кездесуге келген аудандық колледж тәлімгерлері мен шеберлерінің делегациясы да мәртебелі мейманға әлемдік аспаздық пен нан пісіру өнерінің жаңаша үрдісін үйреткені үшін өз алғыстарын айтты. Қазақы қонақжайлығымыздың белгісі ретінде шетелдік қонаққа ұлттық үлгіде жасалған шәй ішуге арналған ыдыс-аяқты сыйға тартты.
Жалпы, айта кеткен жөн, Х.Дорфнердің аспазхана ісімен айналысып келе жатқанына 60 жылдан асыпты. Өз ісіне деген адалдығы соншалық, балалық шағынада пісірген тәтті тоқашы әлі күнге дейін есінде. Атағы дардай аспазшы әлемдік деңгейдегі шеберлік сыныбымен барлық Еуропаны аралаған, сондай-ақ Оңтүстік Африка мен Қытайда болған. Ал, міне, Қазақстанда ол алғаш рет болып отыр.
Руслан ӘЛКЕЕВ.
Сарыкөл ауданы.