Темір тұлпар ұрлығы жиіледі
Соңғы екі күнде көлік ұрлығының 5 дерегі ашылды. Транспорттық құралды заңсыз иемденіп кету оқиғалары белең алып барады. Жыл басынан бері облыс бойынша 100 факті тіркелді. Олардың 80 ашылып, қылмыскерлер ұсталды.
Темір тұлпар үшін гараж сатып алуға әр кімнің қалтасы көтере бермейді. Сондықтан көпшілік автокөліктерін аулада қалдырады. Міне осындай машиналар ұрылар көзіне түседі. Бірақ жақында қылмыскерлер ақылы авто тұрақта тұрған термір тұлпарды айдап алып кеткен.
Заң бұзушылар 69 жасар зейнеткердің ескі «ВАЗ-21063» көлігіне қызығыпты. Полици қызметкерлерінің жедел іс-қимылдары нәтижесінде айдап әкетушінің 18 жасар жігіт екендігі анықталды. Көлікті мініп кеткен жігіт оның бір шамын сындырып, алдынғы бамперін майыстырып үлгеріпті.
Тәртіп сақшыларының айтуынша түнгі сағат 2 мен 5 аралығы қылмыс көп жасалатын, қауіпті уақыт болып саналады. Мәселен, Қарабалық аулыныда «Лада-21901» темір тұлпарын түнгі сағат 3 шамасында айдап әкеткен. Көлік иесі машинасын ЖЖС қалдырып кеткен. Бұл жерді ең қауіпсіз аймақ деп ойласа керек. Ал 35 жасар қылмыскер үшін бұл кедергі болмаған. Тәртіп сақшылары жедел шара қолданып, бір тәулік ішінде қылмыстың бетін ашты. Тек темір тұлпар енді мінуге келмейді.
Көлікті ұрылардан сақтап қалу үшін бірнеше қағиданы ұстанған жөн дейді полицейлер. Ең бастысы автокөлікте бірнеше қорғаныс құралдарын орнатқан жөн. Сонда қылмыскерге оларды істен шығарып, есіктерді бұзып ашуға ұзақ уақыт қажет болады. Қорғаныс құралының фирмалық таңбасын жабыстырып алып, ұрыға қосымша мәлімет берудің де қажеті жоқ. Темір тұлпар есіктерінің құлыптарын тұрақты тексеріп, ондағы ақау болмауын қадағаланған да артық емес. Сонымен қоса, транспорттық құралды түнде жарық түсетін, адамдапр көп жүретін ашық жерге қойған дұрыс дейді Қостанай облысы ІІД қызметкері Алексей Шевцов.
Махаббат Бекбай