Асылан ДАБЫЛОВ, облыс әкімінің кеңесшісі: Мүгедек жандар тасада қалмайды…

IMG_1675"Мүмкіндігі шектеулі жандардың толыққанды өмір сүруіне Қазақстанда ешқандай кедергі болмауы тиіс". Бұл Елбасының халыққа кезекті Жолдауында белгіленген межелердің бірі еді. Соның негізінде Үкіметке қадау-қадау тапсырмалар жүктелген-ді. Осы тапсырманы бағдарға алған өңіріміз әлеуметтік сала мамандары, "Нұр Отан"   партиясы және кәсіпкерлік палата мүшелерімен тізе қосып, мүгедектерге білім беріп, оларды еңбекпен қамтамасыз ету үшін бірқатар жұмыстар атқаруда. Біз бұл жөнінде облыс әкімінің осы мәселелер жөніндегі кеңесшісі Асылан Дабыловпен әңгімелесіп, егжей-тегжейлі таныстық.
–  Қазір мүмкіндігі шектеулі жандарды еңбекпен қамтамасыз етуде қандай жұмыстар атқарылуда?
– Бұл жөнінде біз облысымыздағы қала, аудан көлеміндегі кеңесшілерімізбен бірқатар міндеттерді орындап та үлгердік. Соның нәтижесінде 300-ден астам мүгедек жандар еңбекпен қамтылып, қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысуда. Әлі де бұл дүние  жалғаса бермек. Жақында ғана соған байланысты арнайы жәрмеңке де өтті. Бұған да, басқа да мәселелер тұрғысынан қадағалау үшін тікелей министірліктен әлеуметтік қорғау департаменті басшысының орынбасары Айгүл Табіргенова келіп қайтты.
– Әлгінде ғана өзіңіз айтқандай, қала, аудан көлемінде де кеңесшілеріңіз бар екен? Халыққа ұғынықты болуы үшін осы жөнінде таратып айтып берсеңіз. Себебі, бұл бастама жақында ғана көтерілген еді ғой?
– Рас. Менің тағайындалғаныма да көп уақыт өтпеді. Бірақ соның негізінде қазір қала, аудан әкімдерінің жергілікті жерде кеңесшілерін қойып та үлгердік. Соның негізгілеріне ғана қысқаша тоқталып өтейін. Жанкелдин ауданында Ақмарал Досмақова, Қостанай ауданында Қонысбай Садырбек, Науырзым ауданында Әсем Спанова, Рудный қаласында Серік Шәйкенов. Ал, қал-ған қала, аудандардағы кеңес-шілеріміз енді-енді іске кірісіп кеткелі отыр.
– Ал, қоғамдық бірлестіктер ше?
– Қоғамдық бірлестіктеріміздің жайы да көңіл толарлықтай. Олар: қаламыздағы "Қостанай қалалық мүгедектердің ерікті қоғамы", "Үміт-Надежда", "Мүгедектердің ерікті қоғамы" Қарабалық аудандық филиалы, "Таран ауданындағы мүгедектер қоғамы", "Рудный қалалық мүгедектердің ерікті қоғамы", "Лисаков мүгедектердің ерікті қоғамы", "Мир без границ" қоғамы мен Денисов ауданындағы "Ұмай" қоғамдық бірлестіктері. Міне, осылармен біз қазір тығыз қарым-қатынастамыз. Көптеген жобаларды жоспарлап қойдық. Алдағы күндері іске асырылып қалама ма деген үміттеміз.
– Өңіріміздегі мүгедектер спортының хал-ахуалы қандай? Кешегі өткен Сочидегі қысқы паралимпиада ойындарында жасындай жарқылдап, Қазақстанның қанжығасына 5 бірдей жолдаманы байлап берген Александр Колядиннің өзі осы мәселеге қатысты өз ойын да жасырмай, пұшайман болып айтып берген еді.
– Бұл сауалды негізінен, спорт басқармасындағы мүгедектер спорты бөліміне қойғаныңыз жөн еді. Десек те, айта отырайын. Себебі, бір ұшы біздің жұмысқа да қатысты болғандықтан. Сашаның – Александрдың сөзінің жаны бар. Осы мәселе төңірегінде таяуда облыс әкімі Нұралы Садуақасовпен ұзақ әңгімелестік. Алдағы уақытта арнайы мүгедек жандарға арналған спорт кешені де бой көтеріп қалатын да шығар?! Бұл күні еліміздің барлық жерінде бұл мәселеге көңіл бөлініп келеді. Тек біздің өңір мен Шығыс Қазақстанда және Батыс Қазақстанда ғана арнайы спорт мектептері жоқ екен. Бірақ әкім бізге де, спорт басқармасындағыларға да нақты тапсырмалар берді. Енді соны іске асыру ғана қалды. Мұның өзі толассыз тол-ғаныстан туған қуанышты жайт. Сондықтан да, мүгедек жандарымыз енді тасада қалмайды.
Сұхбаттасқан
Нұрболат МЕШІТБАЕВ.
Суретті түсірген 
Айбек ЖҮЗБАЙ.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓