Бақберген ӨТЕУЛИН, Таран ауданының әкімі: “Биылғы жылға артар үмітіміз мол”
Бүгін ауданда "Қостанай таңының" күндері өтеді
Таран ауданы табиғаты мен орналасуы бойынша аймағымыздағы шаруашылықты қай жағынан да дамытуға қолайлы саналады. Өңірдің тарихы көне жәдігерлерге де кенде емес. Егін салып, мал өргізіп, бақша дақылдарын өсіргенімен қатар, топырағы сан түрлі қазба байлыққа толы аудан күре жолдың бойында орналасуымен де ерекшеленеді. Б.Майлин туған өңірде болған сапарымызда аудан әкімі Бақберген Өтеулинмен сұхбаттасқан едік.
– Бақберген Қасымұлы, Таран ауданы – өндірістік аймақ. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуындағы қандай жетістіктермен бөлісер едіңіз?
– Таран ауданы өндірістік-аграрлы аймақ болып табылады. Өндірістік объектілерге: "Варварин" АҚ және "ССТКӨБ" АҚ бөлімшелері Қызылжар, Қоржынкөл кеншарлары жатады. Мұнда ауданда өндірілетін өнімдердің жалпы көлемінің 96% шығады десе болады. Ал ауылшаруашылық саласы егіншілік және мал шаруашылығымен сипатталады. Өндірістік салада да, ауылшаруашылық саласында да белгілі себептерге байланысты көрсеткіштер төмендеді. Қазір алтынның да, мыстың да бағасы былтырғы жылмен салыстырғанда төмен. Енді осындай тығырықтан шығудың жолдарын қарастырып жатырмыз. Өндіріс көлемін сақтау бойынша жұмыстар жал-ғастырылуда. "Варварин" АҚ өнімнің көлемін сақтап қалу үшін басқа кен орындарының рудасын пайдалануды жоспарлап отырмыз. Оны пайдалануға енгізу 2015 жылға жоспарланған. "Баталы", "Варварин" стансасында "Көпшілік пайдаланбайтын темір жол құрылысы" инвестициялық жобасы жүзеге асырылып жатыр. Соңғы жылдары ауылшаруашылығы саласы қиындықтарды бас-тан кешіруде. Үш жыл қатарынан егіннің көрсеткіші де төмен болды. Бірақ "Агробизнес-2020" бағдарламасының арқасында тығырықтан шыға аламыз деген сенім-деміз. Бұл бағдарлама арқылы, мемлекет тарапынан ауылша- руашылық құрылымдарына қолдау көрсету қарастырылған. Барлық жұмыс жоспарлы түрде атқарылып жатыр. 2014 жыл – ауданның кезекті даму кезеңі болып табылады. Биылғы жылға артар үмітіміз мол.
– Ең алдымен ауылдарды сумен, газбен қамтамасыз ету мәселесі дұрыс жолға қойылып отыр. Ағымдағы жылы Таран селосындағы ұңғыманы, жалғаушы су құбырын, су тазарту құрылыстарын және ажырату желілерін жаңарту жұмыс-тары жалғастырылуда. Тобыл кен-тінде су тазарту құрылыстары мен магистральды су бұру, Тобыл өзенінің ашық су қоршауынан Тобыл кентінің 2-ші көтерілімінің сорғыш станциясына дейін қайта жаңғырту жұмысына кірістік.
Әрине, әр саланың өзіндік же-тістіктерімен қатар, кемшіліктері де жетерлік. Мысалы, білім саласында қыруар жұмыс көп. Бұл үшін біз қомақты қаржы бөлдік, әлі де қажетті мөлшерде қаржы бөлі-нетін болады. Бұл мәселе тек қаржыға ғана байланысты емес, сонымен қатар педагогикалық ұжымдардың жұмысына байланысты екенін атап айту керек. Спорт та ауданда жан-жақты дамыған. Бұл ауданның дамуына өзіндік үлесін қосады деп ойлаймын.
– Көрнекті жазушы, Бейімбет Майлиннің биыл 120 жылдығы. Осыған орай ауданда қандай іс-шараларды атқарып жатырсыздар?
– Жылдың басынан бастап, Бейімбет Майлинның мерейтойына арналған іс-шаралар барлық мектептерде, кітапханаларда, аудандық мұражайда өткізіліп жатыр. Маусым айының екінші жартысында ұлы жазушының ұрпақтарын шақырып, жазушының туған жері Асенкритов ауылдық округінде бұл шараны кеңінен атап өту жоспарланды. Іс-шаралар бағдарламасында театрландырылған қойылым, концерттік бағдарлама және де бірқатар сый-кәделер дайындалып жатыр. Уақытынан бұрын бәрін ашып айтқым келмейді. Сондай-ақ, Таран ауданы үшін биылғы жыл атаулы күндерге толы. Бұл Сапар Ерғалиевтың 100 жылдығы, Елубай Өмірзақовтың 115 жылдығы, Таран аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Д.И.Берлиннің 110 жылдығы. Бұл шаралар да назардан тыс қалмақ емес. Сондай-ақ, тарандықтар үшін тың және тың-айған жерлердің игерілуіне 60 жыл толуы да маңызды оқиғаның бірі. Ал, ауданымыздың ең ірі кеншары Тобыл кентінің тұрғындары 75 жылдық мерейтойын атап өтетін болады.
– "Қостанай таңы" газетіне деген жылы лебізіңіз.
– Газет мемлекеттік тілде шығып, облысқа тарайтын бетке ұстар басылым. Елмен кездесіп жатқаны қуанышты жағдай. Басылым ең алдымен өз оқырманымен байланыста болуы керек деп ойлаймын. Сондықтан газет бетіндегі оң өзгерістер кім-кімді болмасын қуантады. Б.Майлин негізін қалап кеткен байырғы басылымның оқырманы көбейіп, жазар көп болсын деген тілектемін.
Биыл көрнекті жазушы Б.Майлиннің 120 жылдық торқалы тойы
Орталық алаңқай балаларға лық толы