Жүрек жылуы
Жақсылық жасау – имандылық, тәрбиелілік, парасаттылық белгісі. Абайдың он төртінші қара сөзінде: «Нағыз жүрек ісі рақымдылық, мейірбандылық және әртүрлі істе адам баласының бәрін өзіне тартып, бауырым деп, өзіңе ойлағандай оларға да болса игі еді»,- делінген.
Өткен аптаның қасиетті жұма күні Сарыкөл аудандық Аққозы қажы мешіті мен оның жамағаты кең пейілділік танытып, Әмреновтар отбасына қайырымдылық жасады.

Бұл шаңырақта 5 бірдей мүгедек тұрып жатыр. Көкірегі қаяулы, жаны жаралы жандардың жасын анасы Гүлсім әже мен қызы Зәуре сүртіп, жүрек жылуын беріп, қолдан келгенше бағып-қағып отыр. Жастары да біразға келіп қалған. Олардың бәрінің де диагнозы бір. Ақыл-естері дамымай қалған. Екеуі балаша еңбектеп жүрсе, енді біреуі қол арбаға танылған. Ал, қалғаны сөйлей алмайды. Мінекей, осындай жандардың бар екенін көріп, бұл да бір Алланың сынағы екендігіне шүбәсіз иланасың.



Айта кеткен жөн, осы отбасының жағдайымен танысқан наиб имам Омар Закарин мен мешітке жиналған жүрегі жомарт жандар ақша жинап (40 мың теңге), апарып берді. Имам өз сөзінде бұл үрдістің жалғаса беретіндігін айтты.
Руслан ӘЛКЕЕВ,
Сарыкөл ауданы.