Кітаптан үркитін ұрпақ өсіп келеді
Бүгінде біразымыздың басымыз компьютерге байланып, тіпті техника тілінде сөйлейтін болып барамыз. Бұл аздай, бүлдіршіндердің өзі бұған әуес…
Бұрынғылардың бәрі ықылас, зейіндерін бар білімнің атасы – кітапқа бөлсе, ал қазіргілердің қауқары ақпараттық құралдарды құшақтаудан әрі аспай қалды. Ақыл айтар аузы дуалы дейтін ақсақалдарымыздың кейбірі зеріккенде карта ойнап, желіккенде қызғалдақтарға қылмындайтын күйге жетті. Тіпті, бала-шағасынан да қымсынбайтын болып барады. Жастарымызға жөн сілтеп, шежіре тарқатар шақта аға ұрпақ адасып жүрсе, басқасына не дейміз?
Иә, иә, кітаптан үркитін ұрпақ өсіп келеді… Бұған бір дәлел, біздің жастар арасында жүргізген сауалнаманың нәтижесі. Оң емес теріс. Яғни, сарыкөлдік жастардың жартысынан астамы әдеби кітап оқымайтын болып шықты. Есесіне, олардың дені дүниені жаулап алған ғаламторға ғашық. Соған сүйенеді, сонымен сөйлеседі, соны тыңдайды. Құдды бір, бабасының сара жолындай көреді. Сондай-ақ, бәз біреулер сайттан сауат ашып жүр. Сол арқылы асқақ армандарына да қол жеткізкісі-ақ келеді. Бірақ, бұл өрескел қателік. Ертең опық жеп, болашағына балта шаппасына кім кепіл?!
Ертең-ақ өсіп, жетіледі деп сенген өскелең ұрпағымыз – еліміздің болашағы ғой. Сондықтан, олардың рухани қазынадан рух алмай, темірдей техникаға телміргені жаныңды жегідей жеп, жаралайды.
Кітаптан күдер үзген кейбір жастарымызға айтарым, сақау техниканың мылқау дүниесіне мәжбүр болып, санамызды сан саққа соқтырмай, одан да кітап оқып, әдеби-рухани құндылықтармен жан-дүниемізді рахатқа бөлеп, саналы азамат болып, сауатты сөйлей білейік! Себебі, кітап – білім нұры, сарқылмас бұлағың!
Руслан ӘЛКЕЕВ.
Сарыкөл ауданы.
Соңғы оқыған кітабым-"Тар жол тайғақ кешулер". С. Сейфуллиндікі. Қапас түрме, астындағы қары еріп мұзға айналған авгонда тоңып отырған жігіттер. Адамның адамдығы қиын тұста сыналады. Озбырлар жұртымыздың парасатты ұлдарын түрмеге қамады. Жазығы жоқ еді. Оны қорғар, бағалар қазақ бар ма? Апыр-ай! Асыл еді, бағалай алды ма? Өзі көзін ашсам, өмірін оңалтсам деген қазақтың сұлу даласына түрме әйнегінен қарап отырған көздері мөлдір, көркем жүзді, жанып тұрған от кезіндегі қылшылдаған жас қазақ он жылға қартайтқан абақтыдан шыққан соң жүнжімей, қыңбай барлығын жазып осы кітапты мұра қылып қалдырды. Стилі ерекше, жайсаң жанның жігерлі екпіні, себеп, мән,оқиға барлығы оңды қамтылған. Суреткерлігі мүлтіксіз. Бұл тағдыр, пешене деген құдайдың кесімі . Бірақ, біз әлі шалақазақпыз. Ғаламтор?Әуелі өз бабамызды, тілімізді, ұлтымызды зерттеп, ұғып- білейік.Әр елдің заңы басқа. балалық, жастық бәрі қысқа. Асылы, кешегі Ахаң, Жұбан, Мұқағалидың ізбасарлары бүгінгі Мекемтас Мырзахмет, Тұрсынбек Кәкішев іспетті парасат иелері саясат пен идеологияны реттесе ұлт тағдыры, тіл мен діл, рухани сауат түзеледі.