Кейкі батыр туған жерге белгі қойылды
«Өр Торғай – ерлік мекені» экспедициясының мүшелері Қостанай облысы Аманкелді ауданындағы Кейкі батырдың туған жері Байтұма қонысына белгі қойды.
«Ұлт- азаттық көтерілісінің 100 жылдығына байланысты Торғай даласына шыққан экспедиция Аманкелді батырдың серігі, жолдасы Кейкі (Нұрмағамбет) Көкембайұлының туған жеріне келіп тұр. Мынау ойпатта тұрған Байтұма қопасы Кейкі батырдың туған жері. Бүгінгі күні осында келіп ұлтжанды азаматтардың бастамасымен, қолдауымен Кейкі батырдың туған жеріне келешекте қойылатын ескерткіштің орнына уақытша белгі қойдық. Бұл біріншіден, Кейкі батырға деген құрмет. Екіншіден, біздің тарихымыз. Үшіншіден, патриоттық тәрбие. Төртіншіден, кешегі елім деген, жерім деген, осы топырақтан шығып әділетсіздікке қарсы қан төккен батырдың рухы алдында ұрпақтар парызын өтеу. Бұл жақсы игілікті іс деп ойлаймын», – дейді өлкетанушы ғалым Шөптібай Байділдин.
Кейкі – Кейкі (Нұрмағамбет) Көкембайұлы (1871-1923 ж.) 1916 жылғы Торғай көтерілісінің батыры. Орта жүз құрамындағы Қыпшақ тайпасының Құланқыпшақ руынан шыққан. Жастайынан аңшы, мергендігімен, өжеттігімен аймаққа танылған. Оның құралайды көзге атқан мергендігіне сай ел аузында «Амангелдінің көзі мерген, Кейкінің қолы мерген» деген сипаттама сақталған.
Кейкі батыр Күйік қопасындағы соғыста, Торғай қаласын қоршау кезінде және жазалаушы отрядқа қарсы соңғы ұрыс – Доғал шайқасында ерекше ерлік көрсетті. 1919 ж. 13 мамырда Торғай ояздық соғыс комиссары, халық батыры Амангелді Иманов өлтірілгеннен кейін Кейкі қудалауға ұшырап, Ұлытау, Қызылқұмға бой тасалауға мәжбүр болды. Бұлсүргін Торғайда Кеңес өкіметі орнағаннан кейін де толастамады.
Ақыры, 1922 жылдың көктеміңде комиссар Александр Токаревті атып кеткен Кейкіні 29 наурызда қызыл әскерлер айуандықпен өлтірді. Олар мергеннің екі қолы мен басын кесіп алып, басын бір ай бойы Торғай қаласының орталық алаңына сырыққа шаншып қойды. Кейін мергеннің бас сүйегін Орынборға, ал 1926 ж. республика астанасы Қызылордаға көшуіне байланысты, Санкт-Петербургке алып кеткен. Ол қазір Санкт-Петербургтегі антропологиялық қордың кунсткамерасында сақтаулы.
Естеріңізге сала кетейік,11-інші қыркүйек күні Арқалық қаласынан бастау алған, «Өр Торғай ерлік мекені» атты экспедицияның бір аптаға межелеген сапары барысында екі мың шақырым жолды басып өтіп, тарихи маңызы зор отыздан астам нысанға бару жоспарланған. Экспедиция құрамында ғалымдар, өлкетанушылар, қоғам белсенділері, журналисттер мен блогерлер бар. Экспедицияға демеушілік жасаған әрі бастамашы болып ұйымдастырған – «Тorgay expedition» тобының ұлтжанды, белсенді азаматтары.