ҚОБЫЗ БЕН КИЕ (Бейнематериал)

 
Науырзым ауданында осыдан екі жарым ғасыр бұрын жасалған қобыз табылды. Замана запыранын зар ғып тартқан көне жәдігерді көздің қарашығындай сақтап, бүгінге дейін жеткізген Мереке ауылындағы Долдашевтар әулеті. Кәрі қобыздың иесі – кезінде бақсылық-емшілігіне қоса, көріпкелдік қасиетімен көпке мәшһүр болған Тағышы руынан шыққан бақсы Жетібай әулие. Жеті жасында аян түсіп, он жасында осы қобызды ұстаған Жетібай ата – Торғай, Науырзым өңіріне әйгілі Ақанұлы Түркебай мен Оспан қожаның замандасы. Қара қобызын зарлатып, түрлі дерттің бетін қайтарған шипагер, әруақты кісі болған екен. Жоқ іздеп алдына келгеннің мал-дүниесінің қайда, кімнің қолында екенін тап басып болжап беретін сәуегей болған деседі.  Жетібай ата шамамен 1873 жылдары дүниеден озған.  Одан кейін қобызды ешкім ұстамапты.   12
«Мың рет естігеннен, бір рет көрген артық».   Көнеден жеткен қара қобызды көзбен көріп, қолға ұстап, шама келсе сөйлетіп, үнін естіп көрейік деген ниетпен Мереке ауылына бардық. Қобыздың бүгінгі иесі Оразбек және Әмірғали Долдашев деген ағайынды жігіттер екен. Бізге жол бастап келген Данияр Құрмантегі де бұл әулетке бөтен емес. Қобызды алып шығып, құран оқып, ақ дорбадан алып алдымызға қойды. Қобызды сахнадан көргенім болмаса, бұрын-соңды жақындап көрмеппін. Бар сенгенім сапарлас-серігім әрі әріптесім – Қыдырбек Қиысхан.  
Қобызға шек тағып, үнін естіп көрмек үшін өзімізбен бірге Қостанайдан айғырдың құйрық қылы мен ысқы және сыңар құлақ ала келген ек. Алайда бұл ниетімізді аспап иесі  құп көрмеді. Оразбек қобыздың үнінен қорқады екен. Өйткені, киелі аспап боздаса, әулетке бір жамандық келеді деп сенеді. Алыстан арнайы келгенімізді айтып, бірнеше қайтара өтінген соң Орекең сәл иіп, икемге көнді. Алайда қобызға таққан құлақ, шектеріңді шешіп, кейін өздеріңмен бірге қайтып алып кетіңдер деп талап қойды. Иесі рұқсат берген соң, Қыдырбек пен фотосуретшіміз Бердіболат екеуі қобызға қыл тартып, шек салды. Сынған тиегін оңдады. Қобызды шамасы келгенше бүтіндеп алған Қыдырбек қыл ішекті біраз ысып отырып қобызды ыңғайына көндіріп, тамағын бір қырнап алды да, Доспамбеттің «Айнала бұлақ басы тең» толғауын аңырата жөнелді. Осылайша, 200 жылдай үнсіз жатқан Жетібай бақсының киелі қобызы араға ғасырлар салып, Молықбай бақсының ұрпағы Қыдырбек жыршының қолында зарлады.
Толғауын аяқтап, қара қобызды айналдыра қарап, мұқият көз жүгіртіп алған Қыдырбек жыршы: – Бұл қобыз негізінен еш бөліктенбей бүтіндей шабылған. Жеміс ағаштарынан шабылған болуы мүмкін. Негізінен алма ағашы деп тұспалдап отырмын. Киелі аспап бүгінгі күнге дейін өте жақсы сақталған. Тек бет терісінің сырты ғана патшалық дәуірдің шегелерімен жиектеліп қағылған екен. Терінің өзі ұзақ уақыт сақтауда болғандықтан әбден қатып ағаш болып қалған. Егер мүмкіндік болса бұл аспапты қайдадан қалпына келтіруге болады. Оның қалпына келтіру жұмысы аса күрделі емес, тек ғана бетіне тері қаптап, ешкінің терісінен қаптап, оң жақ құлағын жонып салып, шама келсе тегін қоса жонып, әдемі жылқының қылынан тартуға болады. Және жаңадан ысқы болса, қобыз кәдімгідей ойнауға дайын деген сөз. Ең бастысы, Жетібай әулиенің ұрпақтары бұл бабадан келген мұраны сандық түбіне сақтамай, шама келгенше мұражайға тапсырғаны абзалырақ болар. Себебі еліміздегі секілді біздің өңіріміздің де мұндай киелі аспаптар некен-саяқ. Сол себепті мұражай қорына жақсы бір жәдігер болып қалар еді. Егер қобыз мұражайда тұрса, онда халықтың Жетібай әулиеге деген ықыласы артып, бабамызды зерттеу тереңірек қолға алынған болар еді, – деп өз ойын түйіндеді.
Бұдан соң үй иесі де шешілді. – Жетібай атам бақсы болған кезінде, – деді Оразбек. – Оспан қожаның жиені болған бұл кісі. Оспан қожаның батасын алған кісі. Жетібай атамнан кейін бұл қобызды ешкім ұстамаған. Жетібай атам дүние салғаннан кейін бұл қобыз өзінен-өзі үн шығаратын болған. Адам алатын болған. Қобыз боздаса, осы әулеттен адам өлетін болған. Сондықтан Ақан әжем бұл қобыздың шегін үзіп, тілін кесіп, астына шапан төсеп ақ матаға орап сандыққа салып тастаған. Негізінде бұл қобызбен ата адам емдеген дейді. Қиналып жатқан әйелдерді босандырады екен, кетпенді қыздырып, қып-қызыл кетпенмен аяғынан басып тұрып.
Негізі бұл қобызды ешкім білмейді. Қай бақсыға барсаң да, үйде бір қобыз бар деп айтады. Ұзақ уақыт сол сандықта ораулы күйінде жатқан. Сандықты ашып, қобызды қолға ұстауға ешкімнің дәті бармаған, киесі ұра ма деп қорқады. Біз де қорқамыз. Өйткені атам рұқсат бермесе, тағы біреу шетінеп өлуі мүмкін. Негізі біздің әулет өсіп-өнбей қалған әулет. Ол да осы қобыздың қасиетімен байланысты. Жетібай бақсыдан Есмағамбет деген жалғыз ұл қалған. Оның ұлы Долдаш атамыз да жалғыз. Долдаштан Мұқамметқали, Биданберген деген екі ұлы тарайды. 2001 жылы қобызды сандықтың түбінен шығарып, қабырғаға іліп қойдым. Шығарған себебім, қобыз қайта-қайта күңірене берді. Сол жылы әулетіміз үш бірдей жаннан айырылып қасірет құшып, қара жамылып қалдық. Әуелі қарындасым, содан кейін шешем, іле әкем қайтты.
Бізге жиен болып келетін Ақайша деген кісі осы қобызды тартамын деп алып кетіп, тарта алмады. Түнімен әруақ қысып, ауырып, түн ортасында өгізге шана жегіп, атамның басына кетіп қала береді екен. Әйтеуір бір күнәсі болып тұр ма, білмеймін ғой, біздің жиен өзі ақжын болған. Атамның басына сол кісі ғана баратын. Содан қобыз қинап болмаған соң, мына Күйіктің маңында бір ескі көңнің ішіне тастап кетіпті. Аталарым барса, қобыз көңде өзінен-өзі боздап тұр екен.  Қайтып үйге алып келіпті. Бір жамандық болса, ойнайды бұл қобыз. Ондай жағдайда дұға оқимыз. Бұрын қобыз дыбыс шығарған сайын садақа беріп отырыпты. Содан мал қалмаған кездері, адам алатын болған ғой. Қобыз үн шығарса, көп ұзамай бір адам кетіп отырған. Бұл қобыздың тарихын жақсы білетін екі үлкен кісі бар еді, екеуі де тоқсан алтыншы жылдары қайтып кетті.
Әжем айтып отыратын, ескіде иесіз көңдер болды ғой, әлгі колхоз кезінде мынау Қарасу деген жерлерде. Аталарым сол маңда қыстапты. Ескі көңде шайтан көп болады дейді. Мал төлін көңге кіргізіп қояды екен. Сонда түнімен қозы маңырап, бұзаулар өкіріп шығады екен. Шайтандар қылғындырады – дейді. Жаңағы жерге әдейі қобызды іліп қойса, қозы да бақырмайды, бұзау да мөңіремейді екен.   VEVT1885
Жетібай атамның нақты қай ғасырда өмір сүргенін тап басып айта алмаймын. Әйтеуір бесінші ұрпағы менмін. Ауылдың шетіндегі қорымға жерленген. Бірақ нақты қай жерде жатқаны белгісіз болып келген. Осы бір-екі жыл бұрын басын таптым ба деп отырмын. Бір нағашы апамыз кезінде бір үшкір тас қойып, айтып кетіпті. Жетібай аталарың қорымның Бестамаққа қараған шетінде, жолдың маңайында жатыр, – депті. Сол тасты тауып алып, екі жылдан бері дұға оқып жүрмін. Шілде айында барам да, басына мал сойып, осы ауылдың үлкендерін шақырып, құран оқытамын.  Жақында Астанадан бір кісі ауырып, аяғын басып жүре алмай келді. Содан Жетібай атамның басына барып аунап, құлан-таза айығып, жүгіріп шауып кетті. Жүйке ауруына шалдыққан кісілер де, осы біздің үйдегі қобыз ілініп тұрған бөлмеге қонып, басылып, тәуір болып кетеді.
Жетібай атам дүниеден өтерінде: «Мына қобызыма бесінші, не жетінші ұрпағым ие болады» – деп өсиет қалдырған екен. Мен бесінші ұрпағымын. Мен ұстамасам, жетінші ұрпаққа дейін жету керек бұл. Менің бұл қобызды ешкімге бермей, ұстап отырғанымның себебі де осы.
Жетібай бақсының қобызы туралы мистикалық әңгімелер мен аңыздар көп. Енді әңгімені киелі қобыз туралы бізге алғаш хабарлаған Данияр Құрманов сабақатды. – Қырық күн шілденің шіліңгірінде шөп сарғая бастағанда, атам осы қобызды зарлатып отырып, зау көкте қарайған бір шөкім бұлтты үйіріп әкеліп, жаңбырды құйып жібереді екен. Содан өріске қайта от бітіп, мал тоғаяды екен, – дейді Жетібай әулиенің ұрпағы Тағы бір әңгімеде әулие жолаушылап келе жатып бір өзеннің жағасына түседі. Өзеннің арғы бетінде ас беріліп жатады. Жетібай атайға: Құдайы қонақ болыңдар. Бергі жағаға өтіңдер, – дейді. Өткел бермес асау өзенді айналып өтейін десе, ас тарқап кетеді. Сонда атай: – Анау киіз үйдің төрт жағын төрт қазықпен бекітіңдер. Ішіне ас қойып, дайын болғанда, айтыңдар, – депті.  Әлгі ас дайын болған соң, Жетібай ата дұғасымен бір табақ етті өзеннен бері өткізіп алып, жанындағы серіктерімен бірге тамақтанып, ас беріліп жатқан әруаққа құран оқып, әрі қарай жол жүріп кеткен екен. Астың өзеннің арғы бетіне қалай өтіп кеткенін сырттағылар түгілі, үйдің ішінде сол дәмді әзірлеп жүрген аспазшының өзі де білмей қалған деседі.
 – 2017 жылы Түркістанға барып, тәу етіп қайту ниетімен жолай Астанаға соқтым, – дейді Данияр Құрманов әңгімесін әрі қарай сабақтап. – Темір жол вокзалында Айнұр есімді келіншекпен кездесіп, аз-кем тілдесіп қалдық. Ол кісі бірден: «Сіздің үйде қобыз бар ғой» – дегенде, шалқамнан түсе жаздадым. Сөйтсем, бұл қобыз кезінде орта жүзге белгілі болған қобыз екен. Мұхамбетқали Долдашев деген ағам болды. Осы Озерныйға көшіп келген соң, қайтыс болды. Сол марқұм ағам:
Қыпшақта бар Қойлыбай,
Бағаналы да бар Барлыбай,
Қожада бар Оспан қожа,
Сүгірде бар Түркебай,
Тағышыда бар Жетібай –
деп айтып отыратын.
Данияр Құрманов ел ішінде нала заманның күйін боздатқан нар қобыздың тарихын білетін ескі көз қариялар әлі де бар деп есептейді. Олар қасиетті аспап жайында ауыз ашуға қорқады. Өйткені мистикалық күшке ие қобыздың киесінен қорқатын көрінеді.  
 – Есмағамбет атам соғысқа кетіп бара жатқанда: Мына қобыз күбірлесе, жеті шелпек пісіріп, құран оқыңдар, – деген екен. Ол кезде соғыс жүріп жатқан, жоқшылық уақыт болса керек. Бізден 12 шақырым жерде Бестамақ деген ауыл бар. Сол ауылда тұратын бір әйелдің баласы ауырып, әжейге келіп: Қобызды беріңізші, баланы ұшықтап жіберейін, – деп қобызды сұрайды ғой. Әжей әлгі әйелге қобызды ұстатып жібереді. Содан бір-екі күн өтпей әжей қора жақтан келе жатса, есіктің алдында бір әйел жатыр дейді. Жақындап барып, әлгі қобызды алып кеткен келіншекті таниды. Көтеріп тұрғызайын десе, әйел жүріп кеткен екен. Анадай жерде ағашта қобыз ілініп тұрғанын көреді. Екі баласын шақырып, қобызды түсіртіп алып, ақ матаға орап сандықтың түбіне тығып тастайды. Есмағамбет атамыздан кейін бұл қобызда ойнаған адам жоқ, – деп әңгімесін түйіндеді Данияр Құрманов.
Нар қобыз туралы белгілісі, қазірше, осы ғана. Бір анығы – ғасыр мен ғасырдың, аңыз бен ақиқаттың, дін мен мистиканың, пәни мен бақидың, тылсым күш пен өнердің арасын жалғап жатқан алтын көпір іспеттес киелі аспап алдағы уақытта жан-жақты зерттеуді қажет етеді. 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓