Аудан экономикасы алға басуда

Өңір басшысы Нұралы Садуақасов іс сапармен Қостанай ауданына барып, бірқатар кәсіпорындар мен әлеуметтік нысандарды аралап қайтты.
Алдымен Садовый ауылының іргесінде орналасқан «БК-Стройпром» ЖШС-не табан тіреді. Бұл кәсіпорын облыстағы тұрғын-үй құрылысына қажетті кірпіш шығарумен айналысатын бірден-бір мүйізі қарағайдай мекеме. IMG_4683Директоры Сергей Кимнің айтуынша, алғаш рет кәсіпті осы кірпіш шығарудан бастапты. Содан кейін серіктестік құрылыс нысандарын салуды қолға алған. Қазір облыс орталығындағы бой түзеген бірнеше тұрғын үйдің әр кірпішін «БК строй»-дың қалағанын жақсы білеміз.
– Ресей валютасының құлдырауынан кейін экономикамыз сәл де болса тұралап қалды. Бірақ тез арада ес жиып, азға місе тұтып, кірпіштің бағасын түсіре отырып, жағдайымызды жақсартып алдық,- деді Сергей Ким.
Сондай-ақ, қиыншылыққа қарамай аталған кәсіпорын Таран ауданында қиыршық тас өндіретін зауыт ашып үлгеріпті. Бұл қуанышты жайтқа разы болған Нұралы Садуақасов:
– Келешекте құрылыс материалдарын бір жерде өндіретін орталықтар ашу қажет-ақ. Бұған Сіздердің мүмкіншіліктеріңіз қалай?– деді.
– Бұл ойыңыз жақсы-ақ. Бірақ бізде әзірге мұндай мүмкіншілік аз. Бірте-бірте соған адымдап келеміз ғой. Кеше кірпіш, бетон шығарсақ, бүгін қиыршық тас өндіру ісі қолға алынуда,- деп Сергей Ким жауап берді.
Одан кейін өңір басшысы кәсіпорынның аймағында орналасқан жылыжайға мойын бұрды. Мұнда қиярдың бірнеше түрі өсіріледі. Өз қаражатымен қамтамасыз етілген жылыжай оңтүстік кореялық технологиямен салыныпты. Әзірге өте-мөте пайда әкелмесе де, жылыжай агрономы Алексей Стоякин болашақта бұдан да жақсы өнім әкелетініне сенімді. Себебі, қызметкерлерімен біріге отырып бірнеше ғылыми тәжірибелермен шұғылданып отыр.
Бұдан соң Нұралы Садуақасов мінген кортеж жолай Алтынсарин ауылына келіп, алкогольсіз сусын шығаратын «Одақ» ЖШС-нің өнімін тамашалады. Директоры Жолдыбай Адиятов былтырғы жылдан бері «Ұмай» маркалы суды 6 миллион, квасты 45 мың, «Дюшес» сусынын 17 мың тоннаға жуық өндірілгенін алға тартты. Тіпті, сусындарының сапалы өнімі үшін Мәскеу қаласындағы халықаралық көрмеде мәртебелі сыйлық алғанын да жеткізді.
Біздер барған келесі нысан да осы ауылда орналасқан. Төрт түлік малын баптап өсіріп отырған «Сейдахметов» шаруашылығы осыдан төрт жыл бұрын АҚШ-тың Оклахома штатынан «Ангус» тұқымды сиыр малын әкеліпті. Былтырдан бері барлығы 75 малды, оның ішінде 63 қашар, 12 тайыншасын сатқан көрінеді.
– Шаруашылықтарыңыздың жағдайы көңіл қуантады. Қора-қопсыларыңыз да лайықты салыныпты. Тек бір нәрсе ғана алаңдататыны белгілі. Қалаға жақын орналасқандықтан Сіздерге жайылым, жем-шөп тапшы. Мұны қалай шешпексіздер,- деді Н.Садуақасов.
– Иә, бұл мәселе бізді үнемі тығырыққа тірейді де тұрады. Міне, жаз шыға малдарымызды Таран ауданына апарып жайлаймыз. Қыс түсе осы жерге әкеп бағамыз. Жем-шөпті 100 шақырымға жуық Белозерка ауылынан тасып аламыз,- деді Ерсен Сейдахметов.IMG_4820
Шаруашылық басшысы тек төрт түлік мал бағумен ғана емес, картоп өсірумен де айналысатын боп шықты. Былтыр 650 тоннаға жуық өнім алып, үлгертіпті.IMG_4935
Алтынсарин ауылынан шыққан соң жол бойындағы «Костанайшинсервис» ЖШС-не соғып, өңірді автодөңгелектермен қамтамасыз етіп отырған бірден-бір шаруашылықтың жай-жапсарымен танысты.Әсіресе, ауылшаруашылығы техникаларына қажетті дөңгелектердің сапасы мен бағасы жайында әңгімелесті.
Бұл нысанда да көп аялдамай облыс әкімі келесі бағыт – Заречный ауылына келіп, құрылысы енді басталатын су жүретін арықтың жобасымен танысты. Биылғы көктем заречныйлықтарды әбігерге салғаны анық. Міне, сол жағдай қайталанбас үшін суағар арықтың қажеттігі туындап отыр.
– Суағар арық 3,5 шақырымға созылатынын байқадым. Су жиналатын жердің де аумағы белгілі. Келесі көктемде қар суы молайып, салған бөгетімізді жырып кетпей ме?– деді Нұралы Садуақасов кеңесшісі Виктор Мейстерге.
– Біз бұл үшін сақтандыру шараларын ойластырып қойдық. Салынар бөгеттің де жалпақтығы 3 метрден астам. Суды ұстап тұруға да берік болмақ,- деп В.Мейстер сендірді.
Суағар арық пен бөгеттің құрылысын «Арвис» ЖШС мойнына алып отыр. Директоры Рубик Аветисян тамыз айының соңына қарай аталған нысанның құрылысы тәмамдалып қалатынын мәлімдеді.
Заречный ауылынан кейін Шеминовка ауылына бет түзедік. Мұнда өңір басшысы «Шеминовка» ЖШС-нің басшысы Юрий Чеховскиймен кездесіп, шаруашылықтың жай-күйін сұрап, жөндеу жұмысы жүргізілген орта мектепке келіп, ауылдық мәдениет үйіне барды. Іргетасы 1982 жылы қаланған мәдениет шаңырағы әлі күнге дейін ауылдықтардың басқосатын орны. Бұдан соң Нұралы Садуақасов ҰОС ардагерлерінің құрметіне қойылған ауылдағы жаңа ескерткішке барып, шәйіт болған жандарға тағзым етті.
 

Нұрболат МЕШІТБАЕВ.

 
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓