Ерлік шежіресіне толы мәңгілік құжат

Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің жетпіс жылдығы қарсаңында Қостанай облысында бірегей жоба басталған еді. Ол-«Жеңіс эстафетасы» аясындағы «Қостанай облысының Әскери Даңқ кітабы» деп аталады. Майдангерлер ерлігін паш етуді мақсат тұтқан кітап облыстың аудан, қалаларында болды. Дала мен қаланы шарлаған кітап бүгін облыстық ардагерлер кеңесіне табысталды. Салтанатты рәсімге өңіріміздегі ардагерлер, билік өкілдері және жас толқын қатысты.IMG_1645
Отты жылдары Жеңісті жақындатуға Қазақстан халқы лайықты үлес қосты. Атап айтқанда 75 мың қостанайлық соғысқа аттанды. Оның 40 мыңнан астамы қаза тауып, хабарсыз кеткен. Тыныштық, бейбітшілік үшін қасық қаны қалғанша күрескен арда азаматтарға мың алғыс. «Қостанай облысының  Әскери Даңқ кітабы» батыр бабаларға деген мәңгілік ескерткіш іспеттес.IMG_1656
-Қостанай жерінде жасақталған 151-ші  атқыштар бригадасы еуропа жерін басып өтіп Берлинге дейін жетті. 500 қазақстандық Кеңес Одағының батыры атанды. Соның ішінде екі қостанайлық абыройлы атаққа екі мәрте ие болды.  Соғыс жылдарында Тобыл өңіріне ондаған кәсіпорындар көшірілді. Бұр ретте Херсон қаласынан көшірілген Большевичка тігін фабрикасының орны ерекше,-деді Қостанай қаласының әкімі Ахмедбек Ахметжанов. 
«Қостанай облысының Әскери Даңқ кітабының» әр беті қасіретті жылдардан сыр шертеді. Ондағы әр деректен ерліктің шежіресін оқып білесіз. Құндылығы жоғары мәңгілік құжаттың бір данасын облыстық мұражайда сақтау жоспарланып отыр.IMG_1653
-Бұл жоба Жеңіс мерекесін ұрпақ санасына сіңіріп, патриоттыққа тәрбиелеу мақсатында жүзеге асты. Өнегелі іс облыс әкімі Н.Садуақасов пен облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы К.Укиннің қатысуымен бастау алды. Даңқ кітабы қолдан-қолға табысталып, соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлерінің құжаттарын жинақтады,-деді облыстық мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Гүлжан Меңдикенова.
Салтанатты іс-шара барысында соғыс ардагерлері «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 70 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталды. Сонымен қатар соғыс жылдарындағы әндер шырқалды. 
 
Қымбат ДОСЖАНОВА
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓