Сарыкөлдегі – Жеңіс күні
Сағат 10.00-де орталық алаңда Жеңіс күніне арналған мерекелік бағдарлама өз жұмысын бастады. Аудан жұртшылығы шелектеп төккен жауынға қарамастан мерекеге ағылды.
Басты мейрам театрландырылған қойылыммен басталды. Қан майдандағы оқиғалар мен Жеңісті қарсы алғандағы сәттер сахналанды. Содан кейін аудандық мекеме басшылары мен ұйымдар, ҰОС-ның ардагерлері, соғыс-интернационалдары, аудандық Кеңес ардагерлері, колледж студенттері мен мектеп оқушылары сап түзеп, Даңқ ескерткішіне дейін жүріп өтті.
Аудан әкімі Эльдар Күзенбаев айтулы мейраммен соғыс және тыл ардагерлерін, мәртебелі меймандар мен сарыкөлдіктерді құттықтады. Жүрекжарды лебіздер легін соғыс ардагері Андрей Евтушенко жалғастырып, майдандастарымен өңір халқын құттықтап, тек қана бейбіт заман болуын тіледі.
Алаңға жиналған жамағат соғыста қаза тапқан майдангерлерді бір минут үнсіздікпен еске алып, олардың рухына тағзым етіп, ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Бұдан соң сарыкөлдіктер солдаттық асхананы аралап, мерекелік концертті тамашалады.
Сондай-ақ, Жеңіс күнінің құрметіне соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне арналып, мерекелік түскі тамақ беріледі.
Бүгінгі мерекедегі бір ерекше жәйт, сарыкөлдіктердің төбелерінен ұшып өткен ұшақ бейбітшіліктің белгісі ретінде түрлі-түсті қағаздарды тастады. Бұл жағдай аудан тарихында алғаш рет болып отыр.
Жалпы, сарыкөлдіктер бұл мерекеден ерекше әсер алып, тағы бір Жеңіс тойын тарих қойнауына шығарып салды.
Руслан ӘЛКЕЕВ.
Сарыкөл ауданы.