ҚОРҚОР ТАРТСАҢ, ҚОР БОЛАРСЫҢ!

Баяғыда қорқор (кальян) деген нәрсенің бар екендігін тек кинолардан көріп, әдеби кітаптардан ғана оқушы едік. Онда сақалы салпиған шалдар мен шығыстың әміршілері шынтақтап жатып қорқор шегіп, рахатқа батып отыратындықтан тек соларға ғана лайықты дүние сияқты көрінуші еді. Кейінгі жылдары бұл беймәлім зат Қазақстанға да келіп жетті. Жаңадан келген таңсық дүние талайдың әуестігін оятып, тіпті көпшілік жұрт дәмін татып та үлгерді.img4d063fc59224e
Қорқор – салқындатылған түтінді ішке тартып, шылым шегуге арналған ыдыс. Сұйықтығы бар ыдысқа түтік салынады, іштегі түтін су деңгейінен жоғары екінші түтік арқылы шығып, адам өкпесіне өтеді. Әуел баста кальянды бөлмелерге хош иіс беру үшін пайдаланған екен. Кейін оны тартуды адамдар әдетке айналдырған.
Соңғы уақыттары әлеуметтік желілерде қорқор тартқан жастардың суреттері самсап жүр. Тіпті, арасынан ару қыздарымыз да қылаң беріп қалатыны алаңдатады. Олар үшін қорқор – мақтан, абырой немесе жастарша айтқанда, «гламур». Ал осы «гламурдың» соңы неге апарып соғарын жастар білмесі анық.
Иә, шылымның аяғына шылбыр ілінген сәттен бастап-ақ қоғамдық орындарда қорқор шегуге де шектеу қойылуы тиіс еді. Бірақ қолымызды уақытынан кеш сермейтін әдетімізге тағы бастық.
Қазір көп мейрамханаларда қорқордың иісіне масайып, рақатына бөленіп отырған жастарды көресің. Оған деген тәуелділік жылдан-жылға артып келеді. Құрамына қосылатын түрлі шөптер мен сусындарға байланысты екі мың теңгеден сегіз мыңға дейін барады. Иә, пайдасы шаш етектен. Бағалары да құбылып, уақыт өткен сайын артуда. Тақырыпты тереңірек тарқату үшін жастардың да пікірін білген едік.
Гүлназ, студент:
-Таныстарым қорқордың түтіні қою, әдемі болып шығады. Соның арқасында ол ерекше романтикалық, шығыс атмосферасын қалыптастырады, дейді. Арақ пен темекіден алыс жастар қорқорды еш зиянсыз деп ойлар. Меніңше, көп елдерде тыйым салынған нәрсенің зиянынан пайдасы шамалы. Ақшасы артылып бара жатса, үйге, кішкентай іні-сіңгілеріне тәтті алып бермей ме? Сондықтан жүрген жерде қорқордың зияндығын айтып, қауіпті дерттен құтқарып қалуға тырысамын.
Ерсейт, жас маман:
– Достарыммен анда-санда көңіл көтеріп, кальян шегіп қайтамын. Бағасы ішіндегі салынған шөпке байланысты. Біз әдетте біреуін 3500 теңгеге аламыз. Ол 2-3 адамға жарты сағатқа жетеді. Адамның ағзасына зиян деп біраз жерден алынып тасталды деп естіп ем. Бірақ арнайы сүзгіден өткізіп береді емес пе? Дәмін бір рет татсаң, бас тарта алмайды екенсің.
Әлеуметтік желі арқылы алған сауалнамадағы пікірлер де сан қилы. Дегенмен жастар төрттен бір бөлігі қорқорды өмірінде бір рет болсын тартып
көргендер екен. Әрине, пенде болған соң, көп адамдар бұрын сезінбеген жаңа эмоцияларды байқап көргісі келеді. Сондықтан 1-2 рет дәмін татып көрем деп жүріп, сиқырлы құмыраның қасында сенделіп жүретіндігін де сезбей қалады. Оның көзді арбайтын ыдысынан бөлек, жеміс-жидектің, сүттің, коньяктың дәмін беретін алуан түрлі шөптері бар. Бұл қорқордың жағымсыз дәмін жасыру үшін пайдаланылады.
Қорқор – жұқпалы аурулардың таралуына себепші. Санитарлық-эпидемиологиялық зерттеу барысында қорқор ыдысындағы сұйықтықтан көк іріңді таяқша, стафилоккок вирустары табылған. Бұл вирустардан сары ауру, герпес, туберкулез, тіпті, жыныстық аурулар тарайды. Адамды жүрек-қан тамырлары ауруларына, өкпе ісігіне шалдықтырады және жаңа туған сәбилердің денсаулығының нашар болуына соқтырады. Қорқор тартатын жастардың бедеулікке, белсіздікке ұшырау қаупі жоғары.
Кальянның түтіні сұйық сүзгіден өтсе де, толығымен түрлі қоспалар мен никотиннен тазармайды. Оның құрамында тұншықтырғыш газдың көп мөлшері, ауыр металл тұздары мен канцерогенді қосылыстар сақталып қалады. Дәрігерлердің айтуынша, бір сағат қорқор тарту – жүз тал темекі шегумен тең.
Рудный қалалық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының жетекшісі Светлана Чикинова:
– Адам бір тал темекіні 2-3 минут шегіп, кейін лақтырып тастайды. Ал кальянды ең аз дегенде 45 минут тартады. Керек десеңіз, түні бойы шегетіндер де бар. Қорқор темекінің класына жатады. Оның құрамында никотин мен смола болады. Қазіргі уақытта кальянды жастар, тіпті, үлкендердің өздері пайдаланады. Әуестенгендер әр түрлі пікір айтады. «Оның түтіні темекінікі сияқты емес. Бөлмені қальянның хош иісі алып кетеді. Оны шекпей, тек иісін иіскеп отырған адамға да еш зияны жоқ» – деп жатады. Оның бәрі – жалған сөз! Біздің заңда кальян деп жазылмаған. Оның құрамында никотин, смола болғандықтан, ол темекілердің қатарында болуы тиіс. Сол себепті оны темекіге арналған заңға кіргізу керек. Сөйтіп, ақырындап азайтып, доғарғанымыз жөн болар.
Жарты сағат бойы қорқор шеккен адам тұншықтырғыш газды бір қорап шылым тартқан адамнан көбірек жұтады екен. Оны тарту кезінде күш жұмсауға тура келетіндіктен, түтін өкпенің терең тұстарына кіріп кетеді. Хош иіске құныққан адамның құмарлығы арта түседі. Түбінде ол дертке айналады. Гигиеналық тұрғыдан таза деп те айта алмайсыз. Себебі бір емес, бірнеше адам бір түтікті пайдаланатындықтан, оны «жұқпалы індеттің ордасы» деп атауға да болады.
ТҮЙІН:
Бір қызығы, Франция, Финляндия, Англия, Бельгия, Испания, Эстония, Біріккен Араб әмірлігі сияқты алдыңғы қатарлы мемлекеттер қорқордың зияндығын ескеріп, оны тартуға заң жүзінде тыйым салды. Бізде де осыдан тура екі жыл бұрын қоғамдық орындарда қорқор шегуге тыйым салынды. Алайда жастар көп жиналатын кез келген көңіл көтеру орнынан
қорқор сұрасаң тауып береді. Ештен кеш жақсы. Онсыз да жүрісі көбейіп, шылым мен шарапқа әуестеніп бара жатқан жастарымызды қорқордан құтқаратын кез келді. Бұл мәселені тек құқық қорғау органдарының құзырына итеріп тастамай, сіз бен біз болып, қорқормен қоғам болып күресейік.
 
Қуаныш СЕЙДОЛЛАҰЛЫ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓