Аула сыпырушы өз құқығын қорғады
Соңғы кездері жұмысшылар құқықтарының бұзылу деректері жиілеп барады. Қарапайым еңбекшілердің сотқа жүгінуден басқа амалдары қалмай барады.
Қостанай қалалық соты тағы бір істі қарады. Бұл жолы коммуналдық мекеме қарамағындағы адамды заңсыз жұмыстан шығарылған.
Нақтырақ тоқталсақ. Татьяна Борзилова Қостанай қаласының «Железнодорожная» жеке пәтер иелері кооперативінде аула сыпырушы болып жұмыс істеген. Кооператив қайта құрылып, «Стандарт 04» ЖШС атанады. Бірақ мұнымен Татьянының жағдайына оң өзгеріс әкелмейді. Қайта керісінше жұмыс көлемі арта түседі. Азаматша Т.Борзилова өз міндетін адал атқарып жүрді деп сырыпушы қызмет көрсетіп жүрген үйлер тұрғындары сотта оның мүддесіне куәлік еткен. Арызданушы үш жыл бойы құзырлы мекемелер табалдырығын тоздырып, өзінің 7500 теңге еңбекақысының аздығын, ал жұмыс көлемінің көп екендігін айтып шағымданған. Әрине бұл қылығын жақтырмаған жұмыс беруші әр түрлі сылтаулармен Т.Борзиловаға қатысты жазалау бұйрықтарын жаңбырша жауған. Ақыр соңында жұмыстан шығарып тынған.
Қостанай облысы әкімдігінің еңбек инспекциясы басқарсының тексерісі нәтижесінде ЖШС қызметінде еңбек заңнамасының бұзылғаны және Татьяна Борзилованың жұмыстан шығарылуы заңсыз екендігі анықталды.
Екі жақтың уәждері тыңдалып, прокурор ұйғарымы қаралып, сот Т.Борзилованың шағымын қанағаттандырды. Оның «Стандарт 04» ЖШС жұмыстан шығарылуын заңсыз деп таныды. Сот үкімімен аула сырыпушы бұрынғы қызметіне қайтарылды. Ал серіктестік оған жұмыссыз отырған уақытына 116 291 теңге көлеміндегі еңбекақысын төлеуге міндеттеді.
«Стандарт 04» ЖШС сот үкімін 3 ай мерзім ішінде орындауы тиіс. Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Махаббат Бекбай