Жыр мен жаным үстінде бір кеменің
Қазақстанның халық ақыны, ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері, “Мәдениет саласының үздігі”, Қазақстан оқу-ағарту ісінің үздігі, еліміздің ақмаңдай аруы.
Өткір тіл, өжет мінезімен айтыстың алмас қылышындай болған Әсия Беркенованы Ахмет Байтұрсынұлының 125 жылдығында алғаш рет сахнадан өз көзімізбен көрдік. Үстінде көк барқыттан тігілген құндыз жағалы бешпенті бар айтыстың аруанасы бізге расында жұрт айтқандай суықтау көрінді. Балалық па, батылымыз жетпеді, баруға беттей алмадық. Бір күні университетте Әсия Беркенова ақындар сыныбын ашқалы жатыр деген ақпарат тарап кетті. Ести сала, өлең десе өзегін жұлып беруге даяр өрімдей үш-төрт бала асығып-аптығып, апайдың алдына жетіп бардық. Бір жағынан аты аңызға айналған ақынды жақыннан бір көрсек деген албырт арманымыз тағы бар. Сонымен не керек, есіктен ішке ендік. Бізді ойлағанымыздан мүлде бөлек, ақжарқын, жүзінен мейірім шуағы төгілген, әуезді әсем дауысты, әдемі апай құшақ жая қарсы алды. “Ал, қошқарбайлар келдіңдер ме?” деді. /Бізді әлі күнге солай еркелетеді./ Бұл сөзге біз бір күліп алдық та, сабақты бастап кеттік. Бірінші күні бізге: «Балаларым, сендер өнерлісіңдер, ойын өлеңмен өру кез-келген жанға қона бермейтін қасиет, оны да көтере білу керек», – деді.
Жалпы, ұстаз туралы ой қозғағанда оның ақындар сыныбы туралы айтпай кетуге болмас. Мұнда қанша жастың қаламы ұшталды, қанша жасқа өмірге бағыт сілтенді. Ақындар сыныбы арманымызға жетудің баспалдағы іспетті еді. Дәрісте өлең құрылысын, айтыстың түрлерін, мақамдарды үйренеміз. Бүгінде өз саласында елге танылып жүрген Дархан Қастеров, Заңғар Санай, Әлия Сапарова, Мешіт Ғазиз бар барлығымыз бір-бірімізбен айтысамыз. Бірде апай бізге «не жазып жүрсіңдер?» деді. Біз жазуға шабыт болмай жүргенін айттық. Сонда ол айтыс ақыны деген табан астында суырып салу керек, шабытты күтіп отырмау керек, кәне, қазір шабыттарыңның болмай отырғандары туралы өлең жазыңдар деді.
Біз: «Шуақты күнді көрем деп,
Жазушы ем жырды көлемдеп.
Еңсені басқан ала бұлт,
Кеткендей аспан төмендеп.
Жігерді жығып құлатқам,
Сезімді асау сұлатқам,
Суып-суық күздің бұл күнін,
Қалайша Пушкин ұнатқан?», – деп жаздық.
Сол күні ұстаз осылай табан астында өлең жазудың әдістерін үйреткен болатын. Содан соң, ол бізге: «Сендер жастарыңа жетпей қартайып қалған секілдісіңдер. Жанның рахатын, тыныштықты сүйесіңдер. Жас дегенің жанып тұруы керек емес пе? Қиындықты жеңуге, асуларды алуға ұмтылу керек емес пе? Әйтпесе жастық шақта не қадір-қасиет бар. Ертең өлеңдеріңді алып келіңдер, жинақ қып бастыруға дайындаймыз. Менің өлеңдерім айтыс тұрғысындағы поэзия, мен сендердің өзімнен биік болғандарыңды қалаймын» – деді. Алдымен, өзіне-өзі сыншы ақын, өлеңдерінің көркемдік келбетін көзге ілмейтін секілді. Сол күні біз ұзақ әңгімелестік. Біздің үйден жырақта, бірде аш, бірде тоқ жүргенімізді байқай ма, үнемі үйден жылы-жұмсағын, шай-пайын ала келеді.
Апай бізді туралыққа үйретті. Ол ешқашан біреудің алдында жалтақтамайды, шен-шекпені жоғары екен деп жағынбайды. Әсия Беркенованың халық ақыны екенін, оның айтыстарда ұлтының жоғын жоқтап, жұртының қамын ойлап айтқан сүбелі ойлары мен айшықты жырларын алашы жақсы біледі. Біз бүгін тек ол кісінің ұстаздық қырына ғана тоқталып отырмыз. Ұстаздықта ең бірінші талап етілетін нәрсе, ұстаздың сөзі мен ісінің бір жерден шығуы десек, ұстаздың өзі де тәрбиелі, әдепті. Екіншіден, шәкіртін жақын туыс, бауыр, тіпті баласы деп қабылдайды. Бұл тұста «Ұстазы мейірлі болса, шәкірті пейілді келер» деген аталы сөз еске түседі. Қашанда өзгелерге үлгі болатын кеңпейіл, сабырлы, байыпты қалпынан танбай, шәкірттерін жақсы көріп, барынша махаббатпен үйретеді. Анығында «ұстаз» деген кім? Ұстаз – шәкіртін өмірге баулушы, оған өмірлік азық боларлық пайдалы білім мен жанына ізгіліктің нәрін егуші, жақсы мен жаманды, обал мен сауапты үйретіп, адамгершілік қасиеттерді сіңіруші, өзінің тәжірибесімен бөлісетін жанашыры әрі ақылшысы. Бір сөзбен айтқанда, бүгінгі қоғамды ертең алға сүйрейтін озық ойлы адам тәрбиелеуші, өз уақытын аямай, өзгенің бақытын аялаушы емес пе?
Жаратылысынан таза ниетті, ой өрісі кең, үлкен жүректі осындай ұлағатты ұстаздардың алдын көрген қостанайлық жастар өзімізді бақытты шәкірттер қатарынан санаймыз. Ұстаздарымызға амандық, шалқар шабыт пен абыройлы ғұмыр тілейміз!
Дархан ӘБДУАХИТ,
«Хабар» телеарнасының жүргізушісі.
Гауһар ТӨЛЕКБАЙ,
«Қазақстан»
ұлттық арнасының
жүргізушісі.
ұлттық арнасының
жүргізушісі.
Жыр мен жаным үстінде бір кеменің
Шабыт дәйім жаныма шоқ тасуда,
Мейлі алдымнан не тұрсын: от па, су ма,
Жырмен әрлеп жүремін дәнекерлеп,
Ойларымды қалдырмай тот басуға.
Тұяғынан от шашып жорға жырым,
Той ішінде талайдан озған үнім.
Топтасқаннан іргемді ірелеймін,
Жырда да бар өз жолым, өз даңғылым.
Тұрсадағы тіршілік мың құбылып,
Жүгінбеймін шендіге құлдық ұрып.
Қолым күйіп шындықтың шырағына,
Жүрем дәйім бір тұрып, бір жығылып.
Төрімде той болмайды күнде менің,
Білгенімнен көп әлі білмегенім.
Ақындық пен аңқаулық егіз, сірә,
Жан берер деп қаламын гүлге демім.
Жабырқасам, жай сұрап күндемегін,
Жанарлардан жайдары күн көремін.
Үсік шалмай үлбіреп тұрсын өлең,
Жыр мен жаным үстінде бір кеменің.
Ән-жырмен көсегесі көгерген ел
Тарихы тарлан, бірақ көнермеген,
Ән – жырмен көсегесі көгерген ел.
Қуаныш, қайғы – мұңын күймен шертіп,
Қашаған сөзден мүсін өлеңменен.
Жан болса хас өнердің нарқын ұғар,
Жақсы әннің әр сөзінде нар құны бар.
Қазақтың әуелеген әндерінде,
Тарихы, талғамы мен тағдыры бар.
Әлдилі ән тыңдаумен ержететін,
Ұланы ұран әнмен өрге өтетін,
Ай тыңдап, аспандағы жалғыз ару,
Әндер бар ақ сезімді тербететін.
Деуменен сөзі сұлу, жұмыр қалай,
Ерекше төгетіндей нұрын да арай.
Әндерін қазағымның қалықтағын,
Мүмкін бе тыңдау жүрек шымырламай!
Әрлетіп, әнмен қашап тылсым қылық,
Тамсантып, тәнті қылып, күрсіндіріп…
Адасқан ана тілден шала қазақ,
Әнменен жүрсе, шіркін, тіл сындырып.
Әсия БЕРКЕНОВА
Жақсы жазушының (ақынның) кітабын оқығаның сол дәуірдің білімді, ақылды кісісімен әңгімесін тыңдағаныңдай деген сөз бар. Рас. Тек сұрақ қоя алмайсың. Ұстаз деген мектеп, арнайы, жоғары оқу орынымен шектелмейді. Өмір-мектеп, университет, академия…Өмірде кісі мен кісіні дос, одақтас қылатын қасиет не? Ең әуелі мінезде ұқсастық болу керек. Мүдде ұқсастығы болуы керек. Жаны жырға жақын жастар, әрине, осындай кісілерді үлгі тұтып, бағалай білсе білгендік. От ауызды, орақ тілді небір шешен болған. Әсия апамыз солардың ізбасары емес пе. Бәрі ойластырылған: адам жанына жетпей тұрған білім, ақыл, тәрбие үйде, оқуда, қызметте болмаса да әйтеуір бір кезігеді. Тіпті БАҚ, қоғамдық орында, демалыста болсақ та. Талпынған талапты мақсатқа жетеді.