Басқалар жаза баспасын деп…
Бір ғана нәрсе адамның тағдырын күрт өзгертеді екен. Сол бір басымнан өткен оқиға жатсам-тұрсам да есімнен кетер емес. Кейінгі сіңілдерімен өзім қатарлы құрбыларыма сабақ болсын деп жазып отырмын. Адамның бір ғана қателесуі кейде өмірін мүлдем басқа арнаға бұрып жібереді екен. Ата-анамның аялап өсірген қызының бірі едім. Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін "Дипломмен – ауылға!" бағдарламасымен мұғалім болып жұмысқа тұрдым. Екі-үш жыл табыс тауып, ата-анама қолғабыс етем деп жүрген едім. Сөз байласқан жігітім де бар еді. Бірде бірге жұмыс істейтін таныс құрбым үйіне қонаққа шақырды. Онда көрші ауылдан нағашы ағасы жолдастарымен келген екен. Тамақ ішіліп, отырыс аяқталған уақытта құрбымның нағашы ағасы алып қашты. Бір айға дейін келісімімді бермей, көнбедім. Көрші-көлем, туған-туысы жабылып жүріп істемегендері қалмады. Ақыры соңында келісімімді бердім. Менің шалыс басуым осыдан басталды. Жастығым ба, бәрібір қайтып барғанда осы қылығымды барлығы бетіме басатындай болып көрінді. Сөйтіп, танымайтын жігіттің отын түтетіп қала бердім.
Келесі күні бетім ашылып, танымайтын бір отбасына келін болып түстім. Азапты күндерім басталды. Күйеуім жұмыс істемейді екен. Азғантай малға қарап, жан сақтап отырған болып шықты. Сөйтіп жұмысымды да осы ауылға ауыстырдым. Сүйіп қосылмаған адамым болмаған соң, қасына да жатқым келмейтін. Солай күнім өте берді. Бар ойлағаным "құлағым тыныш болса болды" еді. Бірақ ықтиярсыз алғандарына қара-мастан, уақыт өте келген жерім, басыма шыға бастады. Енем жолдасымды болмашы нәрсеге бола маған айдап салатын. Жолдасым да соны сылтауратып қол жұмсай бастады. Бірнеше рет оқталсам да қайтып баруға әке-шешемнен қорықтым. Сөйтіп жүріп аяғым ауырлап қалды. Енді бар тілегім ортамыздағы бала еді. Бәлкім балам өмірге келсе бәрі дұрысталар дедім. Жоқ керісінше енем әрнәрсені сылтауратып тиісе беретін. Енеме не істесем де жақпадым. Ал күйеуім қора мен үйдің екі ортасын ғана білетін. Менің әке-шешеммен де дұрыс араласпады. Уақыты келіп, өмірге ұл бала әкелдім.
Бір күні баламның ыстығы көтерілген соң ата-анама уақытында тамақ пісіріп бере алмадым. Мектептің жұмысы да ауыр ғой, кейде жұмыстан кешігіп шығам. Соны сылтауратып "Неге кешігіп жүресің, көңілдес тауып алдың ба" деп, тағы қол көтерді. "Шыдамның да шегі бар" емес пе?! Сөз қайтармай, ішке кіріп, баламды орап алып, төркініме кетіп қалдым. Содан бері бес жылдай уақыт өтті. Артымнан енем мен жолдасым бірнеше рет келді. "Бармаймын" дедім. Балам жақында алтыға толады. Өзім жұмысымды істеп жүріп жатырмын. Әке-шешемнен бөлек кетіп, үй алатын ойым бар. Қазір ойласам, мүлдем ақымақтық жасаған екенмін. Ажырасқан адамға кім тұрмыс-қа шығу туралы ұсыныс жасасын, жалғызбын қазір де. Осылай өзіме берген жазаммен өмір сүріп жатырмын. Адам мына жалғанда қателеспеуі керек. Бір қателессең, сол қателік бүкіл өміріңді өксітеді екен.
Алма ҚАЙРАТҚЫЗЫ.