Қынамен сурет салу да әсемдік
Бүгінде қыздардың дені қолдарына қынамен сурет салып алатынды шығарған. Бұл теледидардан күнделікті беріліп жатқан үнді сериалдарының әсері болса керек. Қолға қынамен сурет салу да бір өнер екен. Осы өнерді игеріп алған Әсемай Өмірзақова күніне бірнеше қызға қынамен қолдарына сурет салатынын айтады.
Адамдар ертеден өзінің денесін түрлі ою өрнектермен безендіруді меңгерген. Қолға қына салу өнері көне Вавилонда, Ассириде, Месопотамиде, Грецияда және өздеріңіз байқап жүргендей ежелгі Үндістанда да кеңінен таралған екен. Қынамен сурет салу ол тек сәндіктің ғана емес, сонымен қатар тылсым күштерден қорғайтын тұмар ретінде де танымал деседі.
– Бұл өнерді құрбымнан үйрендім. Қазір қынамен сурет салудың түр-түрін білемін. Жалпы өзім суретті жақсы саламын. Бүгінгі таңда мейрамдар қарсаңында немесе жай сұлулық үшін, тіпті қалыңдықтар той алдында қолдарына сурет салдырып алады. Ол екі күн, үш күн немесе бір жеті қолда тұрады. Қынаны арнайы Алматы қаласынан алдырамын. Кейде осы еңбегіммен ақша да табатыным бар. Суреттің қиындығына қарай 700-1500 теңге, – дейді Әсемай.
Өнердің бұл түрі «Менди» (Mehndi) деп аталады. Ал араб елдерінде жай «хна» – «Хенна» (Henna) деген атаумен қолданыста. Әдемі ою-өрнектеп салынған суретті бірі бояуға рұқсат десе, бірі боямаған дұрыс деп жатады. Деректерге сүйенсек, тұрмыстағы әйелдің қолын қынамен бояуына Құран, хадис және жамағатта ешбір тыйым жоқ. Әйелдің бұл әрекеті күйеуіне әдемі көріну болғандықтан сауапты болып саналады. Сондықтан, әйелдің қынаны сәндік үшін қолдануына рұқсат. Тіпті, құп саналатын бірден-бір мұсылман әйелінің сәндік косметикасы деуге де болады.
Қынамен бояу тұрмыс құрған әйелмен қатар қыздарға да рұқсат. Ал, қынамен нақыштап сурет салуда қыз-келіншек шариғат әдебін ұстанатын болса, онда ешбір тыйым жоқ.
Бір ескертетіні, қазіргі таңда қанық түс болуы үшін қынаға парафенилендиамин қоспасын қосып жатады. Бұл қоспаның әсерінен кейде түрлі аллергиялық аурулар тууы мүмкін. Сол себепті, мұндай бояуларды пайдаланғанда осы мәселені де естен шығармаған жөн.
СУРЕТТЕ: Әсемай Өмірзақова.