Елбасы: ЕАЭО елдерімізді әлемдегі жетекші орындарға шығару үшін қуатты серпін береді

Астанада Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің мемлекет басшылары деңгейіндегі отырысы өтті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
1 Шағын құрамдағы отырысқа Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей Президенті Владимир Путин және Беларусь Президенті Александр Лукашенко қатысты. Мемлекет басшылары Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістікті дамытудың негізгі бағыттарын, сондай-ақ еуразиялық интеграциялық үдерісті кеңейту мәселелерін талқылады. Қазақстан Президенті бұл кездесудің Қазақстан, Беларусь және Ресейдің болашағы үшін тарихи маңызға ие екенін айтты. – Біз Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шартты әзірлеу жөніндегі орасан жұмысты аяқтадық. Оған қол қою арқылы еуразиялық кеңістіктегі ықпалдастықтың жаңа сапалы кезеңі басталады. Шарт барлық мемлекеттеріміздің мүдделерін ескерген, салиқалы, сауатты әзірленген, бірқатар келіспеушіліктерге қатысты қол жеткен консенсус барлық тарапты қанағаттандырды. Құжатта халықаралық ұйымдарға тән барлық базалық аспектілер көрініс тапқан, мемлекеттердің егеменді теңдігі, аумақтық тұтастығы, сондай-ақ одаққа мүше мемлекеттердің саяси құрылымының ерекшеліктерін құрметтеу қағидаттары бекітілген. Ұйымның барлық деңгейіндегі шешім қабылдауда консенсус қағидатының болуы маңызды. Осы орайда әрбір тараптың даусының шешуші мәні бар, – деді Мемлекет басшысы. Нұрсұлтан Назарбаев Одақтың органдарындағы кадр саясаты тараптардың тең қамтылуы қағидатын ескере отырып және осы маңызды жұмысқа мейлінше білікті мамандарды тарту үшін конкурстық негізде жүргізілетінін атап өтті. Қазақстан Президенті шарт үш мемлекеттің азаматтарының әл-ауқатын арттыруға бағытталғанына назар аударды. – Еуразиялық экономикалық одақты құру біздің экономикамызды жан-жақты жаңғыртуды жалғастыру, елдерімізді әлемдегі жетекші орындарға шығару үшін қуатты серпін беретініне сенімдімін. Күн тәртібіндегі барлық мәселелер пысықталды, енді негізгі Шартқа қол қоюға дайынбыз. Құрылып жатқан одаққа Арменияның қосылуы туралы тармақ бар. Өз кезегінде Қырғызстан Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесі мақұлдаған Кедендік одаққа қосылу туралы жобаны қолдады, – деді Мемлекет басшысы. Беларусь Президенті А.Лукашенко өз сөзінде елдерімізге экономикалық интеграция жолы оңайға түспегенін атап өтті. – Әрбір қадам оңай болған жоқ, бірақ біздің басты мақсатымыз айқын – халықтарымыз татулық пен достықта өмір сүріп, мемлекеттерді дамыту мен нығайту өзара тиімді ынтымақтастықтың негізінде жүзеге асырылып жатқанына олардың сенімді болуын қамтамасыз ету. Біздің дұрыс жолды таңдағанымызды өмірдің өзі көрсетті. Бұрынғы кеңестік кеңістіктің қайтарымсыз кері интеграциясына жол бермес үшін біз ТМД-ны құрудан бастадық, сосын Еуразиялық экономикалық қоғамдастықты, Кеден одағын құрдық, Бірыңғай экономикалық кеңістіктің нобайын сыздық. Бүгін біз мәреге жеттік, ол бізді Еуразиялық экономикалық одаққа әкелді, – деді Беларусь Президенті. Бұл ретте А.Лукашенко қол қойылып отырған шарттың ережелерін оған қатысушылардың барлығының ортақ пайдасына қарай жетілдіру мүмкіндіктері бар екенін атап өтті. Өз кезегінде Ресей Президенті В.Путин Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт мемлекеттік егемендікті толық сақтай отырып, елдерімізді интеграцияның мүлде жаңа деңгейіне алып шығатынын айтты. Сондай-ақ, Ресей көшбасшысы Еуразиялық одақ идеясының бастауында Нұрсұлтан Назарбаев тұрғандықтан шартқа Қазақстанның елордасында қол қойылуының символдық мәні бар екеніне тоқталып өтті. – Бүгінде біз бірлесіп, экономикалық дамудың қуатты, тартымды орталығын, 170 миллионнан астам халықты біріктіретін ірі өңірлік нарықты құрудамыз. «Үштік» елдерінде дамыған өнеркәсіп, индустриялық база, қуатты кадрлық, интеллектуалдық, мәдени әлеует бар. Географиялық жағдайымыз бізге тек өңірлік қана емес, жаһандық та маңызы бар көлік-логистикалық бағдарлар қалыптастыруға, Еуропа мен Азияның ауқымды сауда жолдарын өзімізге «бағындыруға» мүмкіндік береді. Осының барлығы – біздің бірлестігіміздің бәсекеге қабілеттілігінің, оның жедел өзгеріп жатқан әрі күрделі әлемдегі қарқынды дамуының кепілі, – деді Ресей Президенті.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓