Скринингтен өтті
Бүгінде елімізде тұрғындардың денсаулығын жақсарту мен олардың медициналық қызметке қолжетімділігін қамтамасыз етуге ерекше мән берілуде. 2011-2015 жылдарға арналған мемлекеттік “Саламатты Қазақстан” бағдарламасында да осы мақсаттарды жүзеге асыру керектігі міндеттелген болатын.
Аталған бағдарлама аясында бүгін облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары орталығы мен қаламыздағы №1 емхана мамандары облыстық әкімдікте қант диабетінің алдын алу мақсатында арнайы акция өткізіп, елуге жуық мемлекеттік қызметкер скринингтік тексерістен өтті. Мамандардың айтуынша, скринингтік тексеру аурудың бастапқы кезеңін айқындап, уақтылы ем қабылдауды, сауығып кетуді қамтамасыз етуге, сондай-ақ, асқынуға, мүгедектікке және өлімге әкеліп соқтыратын аурудың күрделі түрінің дамуын тоқтатуға мүмкіндік береді.
-Осы бағдарлама бойынша қант диабетін анықтау мақсатында қосымша тексерістен өтуге болатынын көбісі білмейді. Әрі қызметтегі қала адамының өз бетінше ауруханаға барып тексерістен өтуіне қолы тие бермейді. Міне, сол себепті де біз арнайы мекемелерге барып, осындай акциялар ұйымдастырудамыз. Мұның алдында қалалық салық басқармасында, облыстық сотта болған едік. Жалпы, диабет – кең таралған созылмалы сырқаттардың бірі. Бұл дерт бүгінде бүкіл дүниежүзін қамтып отыр, әсіресе дамыған елдерде көп таралуда. Аурудың пайда болуының ең басты себептерінің бірі – бұл дұрыс тамақтанбаудан болған артық салмақ пен физикалық белсенділіктің аз болуы, – дейді бағдарлама үйлестірушісі Рабиға Наукенова.
Иә, өзінің болашағын, денсаулығын ойлаған әрбір азамат скринингтік тексеруден өтуі тиіс. Түсіне білген адамға, бұл – елдің денсаулығын нығайту мақсатында жасалып жатқан зор мүмкіндік. Орталық мамандары тексеруден өткен мемлекеттік қызметкерлердің қан қысымы мен қандағы қанттың, холестриннің мөлшерін анықтап қана қоймай, денсаулықты күту туралы кеңестер беріп, тегін брошюролар таратты.
Қарлығаш ОСПАНОВА