Ынтымақ үшін ымыра керек
Челябі облысының мәдениет министрлігі, Челябі облысының Халықтар достығы үйінің және Қостанай облысы әкімдігінің қолдауымен «Қазақстан-Ресей» шекара маңы ынтымақтастығы көпмәдениетті коммуникациясының тиімді және функционалдық құралы» тақырыбында халықаралық онлайн дөңгелек үстел өтті.
Дөңгелек үстел шеңберінде пандемия жағдайындағы шекара маңы ынтымақтастығының проблемалық аспектілері айтылады. Шекара маңы ынтымақтастығын дамытудың өзекті мәселелеріне арналған дөңгелек үстел жұмысына өңірлер мен облыстардың басшылары, екі елдің іскер топтарының өкілдері қатысты.
Сондай-ақ «Қазақстан-Ресей шекара маңы ынтымақтастығын дамытудың шеңберінде «Мәдениеттер диалогы» сияқты мәдени іс-шараларды іске асыру бағыттары, ынтымақтастық туралы келісімдердің жобалары талқыланды. Дөңгелек үстелге Қостанай облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Марат Жұркабаев, Челябі облысы мәдениет министрлігі Мәдени саясат басқармасының бастығы Елена Злобина қатысты.
Қазір әлемдегі індеттің өршуіне байланысты екі елдің шекарасы жабық, дегенмен шекаралас аймақтың мәдени қарым-қатынасы интернет арқылы жалғасты.
-Екі елдің мәдени ынтымақтастығын нығайту мақсатында бес жылдан бері «Мәдениеттер диологы» жастар лагері өткізіліп келеді. Қостанайлықтар жыл сайын Славян мәдениеті күндеріне қатысып жүреді. Менің ойымша, мәдени байланыс ешқашан үзілмейді. Бізде этнобірлестіктер театр қойылымдарын дайындайды. Жақында ғана орыс драма театры «Любовь и смерти: Ақкелін» пьесасын қойды. Бұл туынды Ахмет Байтұрсыновтың жары Бәдрисафаға арналған. Біздің облыстық Достық үйінде украин бірлестігінің вокал ансаблі құрылған. Біздің өңірде барлық этно өкілдерінің басын қосатын Орынбор қазақтарының вокал ансаблі құрылған, – деді Марат Жұрқабаев.
Челябі облысы Халықтар достығы үйінің директоры Юлия Лапидус Челябі облысының Қазақ ұлттық-мәдени бірлестіктерімен бірлесіп «Челябі облысы Халықтар достығы үйінің» ОГБУК Қазақстан Республикасымен ынтымақтастығы жайлы айтып берді. «Туған жер» қазақ шығармашылығының аймақтық фестивалінің негізгі бағыттары мен перспективаларына, «Мәдениеттер диалогы» жастар лагерінің жұмысына тоқталды. Сондай-ақ, алдағы 2022 жылға арналған шекара маңы ынтымақтастығы шеңберінде жоспарланған бірлескен іс-шараларға шолу жасады.
Облыстық ішкі саясат басқармасы» ММ «Қоғамдық келісім» КММ директоры Наталья Рамазанова «Қазақстан республикасы этносаралық қатынастарды нығайтудағы шетелдік ынтымақтастық» тақырыбында екі елдің мәдени ынтымақтастығын нығайту, түрлі ұлтаралық арандатушылыққа жол бермеу бағытында әлі де жұмстар жүргізілетінін жеткізді.
Дөңгелек үстел аясында қазақ тілін сақтау және дәріптеу мәселелері де қарастырылды. Осы тақырып бойынша «Жақсылық» қазақ ұлттық-мәдени орталығының төрайымы Юлит Байдулетова атқарылып жатқан жұмыстары туралы айтып берді. Ал Қостанай облысы тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы Бақытгүл Сүлейменова «Челябі облысындағы қазақ диаспорасына ана тілін үйренуде ұйымдастырушылық және әдістемелік көмек көрсету» тақырыбында баяндама оқыды.