Балықшы құтқарылды
Көктем келе Қостанайдың суқоймаларында қауіп жоғарлады. Мұз жолдары және мұз үстінде балық аулау қайғылы оқиғаға әкеп соқтыруы мүмкін. Сондықтан облыс құтқарушылары адамдарға қауіпсіздік тәртібін сақтау туралы ескеру жасауды жөн көрді. Қостанай облысы Төтенше жағдайлар департаментінің суда-құтқару бөлімшесінің қызметкерлері наурыз айынан бастап күшейтілген қызмет түріне көшті. Суқоймаларында тәуліктік кезекшілік құрылды.
Қостанай қаласының ТЖБ қызметкерлері мен құтқарушылар күн сайын рейдке шығады. Бұл жолы қайғылы оқиғаның алдын алу шарасы Тобыл өзені өткелінде жүргізілді.
Рейдтің барысында балықшыларға су қоймаларындағы қауіпсіздік ережелері түсіндірілді. Мұндай уақытта балық аулаудың қауіпті екендігі де ескертілді. ТЖ Департаментінің сүңгу-апаттық құтқару жасағының басшысы Владимира Гороховскийдің сөзінше көктемде қалың, я болмаса жұқа мұз болсын бәрі бір қауіп жоғары. Өйткені ол бірден морт жарылады екен. Адамдардың суға кетуіне алдын алу шаралары жүргізілгенмен, қайғылы оқиғалар болып жатады. Мәселен, жақында Қостанай қаласының сүңгу-құтқару станциясынан бірнеше метр жерде балық аулаушы суға түсіп кеткен. Абырой болғанда мұзды ұстап үлгірген. Суда-құтқару қызметінің қызметкерлері уақытында оған жетіп, көмек көрсеткен. Осылайша ажал тырнағынан аман қалған.
Махаббат Бекбай