Полицейлер бірнеше ұрлықтың бетін ашты
Өткен тәулікте облыстың тәртіп сақшылары бірнеше қылмыстың бетін ашты. Қылмыскерлердің дені тұрмыстық заттарға және бір рет пайдаланылатын өнімдерге қол салғандар. Мәселен, Рудный қаласының тұрғыны 20 мың полиэтилен қапшығын ұрлаған. Ал Аманқарағай ауылының азаматы үлкен шегелер мен темір жолдың металл төсенішін заңсыз қанжығасына байламақ болған.
Полиэтилен қапшықтарының жоғалғанын кеншілер қаласындағы кәсіпорын қызметкерлері тек үш күн өткеннен кейін байқаған екен. Дереу полицияға шағымданған. Сол күні-ақ күдікті анықталып, құрықталды. Рудный қаласының 54 жасар тұрғыны кәсіпорынға 83 мың теңге көлемінде шығын келтірген.
Әулиекөл аудандық ІІБ қызметкерлері темір жол тарауы өтетін Аманқарағай ауылында 20 жасар тұрғынды ұстады. Аталмыш азамат 5 үлкен шеге мен темір жолдың металл төсенішін ұрлап алған. Енді бір азамат, Қамысты ауылында 32 мыңның көмірін жергілікті кәсіпорын ауласынан алып кеткен. Бұл аталған ұрлықшылардың арам істері бірден әшкере болған.
Амангелді ауылының тұрғыны жеке үйге қосымша салынған құрылыстың жертөлесінен 6 шыны құты тұздалған қияр мен қызанақты және 4 құты нәрсуын қолды еткен. Іздеу іс-шаралары барысында күдікті полицейлер құрығына түсті.
Махаббат Бекбай