Өрт: қауіп сейіле бастады
6 қыркүйектегі деректерді ТЖМ жедел штабы ұсынды. Жалпы аумағы 107 257 гектар болатын Басаман және Семиозер орман шаруашылықтарында тұтанған өрт 43 мың гектар аумақты жалмап кетті Дегенмен дәл бүгінгі деректер бойынша елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ.
«Ұзын саны 91 тұрғын үй отқа оранған. Оның 85-і – Аманқарағайда, алтауы Озерныйда. Қазір учаскелерде ашық жалындар жоқ. Елді мекендер жіті бақылауда. Өрт сөндіру басталғалы тікұшақтар жоғарыдан 137 рет су құю жұмыстарын іске асырған. Оның үстіне түнде сіркіреп жауған жаңбырдың да көмегі тиді. Өрт сөндіруге 2193 адам, 224 техника, 7 әуе кемесі, 5 өрт сөндіру пойызы жұмылдырылған», – делінеді жедел штаб хабарламасында.
Дәл қазір Әулиекөл орта мектебі және мектеп-интернатында 66 адам тұрып жатыр. Эвакуацияланған тұрғындардың басым бөлігі үйлеріне оралған, кейбірі туыстарының үйін паналауда. Өрт салдарынан бас-аяғы 11 адамның денсаулығына әртүрлі деңгейде залал келген. Өкнішке қарай, осыған дейін хабарланғандай, 1935 жылы туған аманқарағайлық М.Бабенко есімді қарияның мәйіті өз үйінен, үйінді астынан табылды.
«Орман өрті дерегі бойынша Ішкі істер органдары ҚР ҚК 341-бабы (Орманды жою немесе оған нұқсан келтіру), 204-бабының 2-бөлігі (Өзгенің мүлкін абайсыз жою немесе бүлдіру) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Облыс әкімінің шешіміменн 5 қыркүйектер Әулиекөл және Қарасу аудандары көлемінде төтенше жағдай жарияланған еді.Құжат ҚР Әділет министрлігінде тіркелді», – дейді жедел штаб.
Естеріңізге салайық, күні кеше Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев облысқа ранайы келіп, барлық зардап шеккендерге көмек көрсетілетінін айтқан еді. Ол 2-2,5 айда су жаңа үйлер салынатынын мәлімдеді.