Жауынгерлерді еске алды
Осыдан жиырма жыл бұрын әскери міндетін өтеу жолында 17 қазақ жауынгері тәжік-ауған шекарасында қаза тапты. Олар кейінгі толқынның тыныш ұйқысы, мұңсыз тірлігі үшін күресіп, жат қолында көз жұмды. Ержүрек жауынгерлерді қаламыздағы №6697 әскери бөлімінің ұжымы еске алып, мемориалдық тақтаға гүл шоқтарын қойды.
Іс шараға әскери бөлімнің жауынгерлері, ауған соғысының ардагерлері қатысты. Жиналғандар он жеті батырдың есімі жазылған мемориалдық тақтаға гүл шоқтарын қойды. Ауған соғысының ардагерлері сөз сөйлеп, өткен күндер белесінде қалған оқиға туралы кеңірек айтып берді.
-Тәжік-ауған шекарасындағы қақтығыста қаза тапқан сарбаздар кейінгі толқынның тыныш өмір сүруі үшін өз өмірлерін тәлкек етті. Ел игілігі үшін көзсіз ерлік жасаған жауынгерлерді ұмытуға хақымыз жоқ, -деді ҚР Ұлттық Ұланы №6697 әскери бөлімі командирінің міндетін атқарушы, майор Қайрат Берсугуров.
Ішкі әскер тарихында мәңгіге сақталған бұл оқиға 1995 жылдың 7 сәуірінде болған еді. Дәл сол жылы Памир тауының етегінде еліміздің ішкі әскері тұтқиылдан келген шабуылға тап болды. Бұл кезде ішкі әскердің жеке ротасы – еліміздің бітімгершілік миссиясына сай тәжік-ауған шекарасын күзетіп жүрген болатын. Олар Тәжікстан шекарасын қару-жарақ пен есірткі дәлізіне айналдырмақ болған қарулы топтармен күресті. Тұтқиылдан басталған төрт сағаттық соғыстың нәтижесінде 17 қазақ сарбазы оққа ұшқан болатын.
Қымбат ДОСЖАНОВА
Суретті түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.