Жауынгердің ұлы еді

«Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» – дейді дана халқымыз. Мәлік Шаяхметов дүниеден өтсе де, ол енді ел азаматтарының жүрегінде мәңгі сақталмақ. Ел аузында тек қана жақсы сөз қалыпты.  Мәкең туралы оны көзкөргендердің барлығы ерекше адамгершілік қасиеттерін баяндап тауыса алмас.Безимени-1
Мәкеңнің тегіндегі қарапайымдылығы, имандылығы мен керемет еңбекқорлығы, туа біткен мәдениеттілігі, салиқалы мінезі оның парасаттылығының негізі еді. Мәлік Бәйекеұлын ел арасында азаматтар атын тура атамай, көбінесе «Мәке» дейтін. Осы төрт әріптен тұратын «Мәке» атауында оған деген жылы лебіз, сый мен құрмет, ризашылық білінетін. Сондықтан да болар, мен де Мәлікті «Мәке» дейтін едім. Біздермен жүздескенде еш нәрсені бүкпей, жасырмай, қалжыңдасып, ағынан жарыла аңқылдап тұратын.
1988 жылы Лисаков қаласында тұратын Тобыл деген туысымыз осы Мәкеңмен мені жақын таныстырып, артынан жақсы жолдас болып кеткен едік. Ертеректе Мәкеңнің атасы Ораз Төсұлымен, менің аталарым Меңдібай Таңыбайұлы Ақсирақ өңірінде бірге қоныс теуіп, бір-біріне деген  қатынастары жақсы болыпты. Біздің аталарымыз Ақсирақ жерінде жерленген көрінеді.
Бертін келе біз Қостанай қаласында Мәкеңмен көрші тұрдық. Менің жолдасым Күнсұлуды қай жерде болмасын, атын айтпай еркелетіп «Кассандра» дейтін.
2009 жылы немерелі болып, ырымдап, атын Мәлік қойып едім.Сол бір кездесуде Мәкең: «Әкем Бәйеке – Ұлы Отан соғысының ардагері, Генерал И.В.Панфиловтың 8-гвардиялық дивизиясында әскер қатарында болыпты. Мәлік Ғабдуллин болса, осы дивизияда аға политрук болса керек, жан жолдас болып  қырғын соғыстың талай қиыншылықтарын бірге көріпті. Мәлік бастаған атқыштар қайда қиын-қыстау болса, үнемі сонда болыпты. Ол қиын кездерінде ұрысты басқара алатын шеберлігін де, жеке басының ерлігін де көрсетсе керек. Қарулас інісінің майдандағы ерлігін өз көзімен көрген даңқты Бауыржан Момышұлы да Мәлікті жоғары бағалаған екен. 1942 жылы Новгород облысы Холм қаласының маңында болған қиян-кескі ұрыста әкем жаралы Мәліктің жанына барып: «Мәлік, мына сұрапыл соғыс бітіп, елге аман-есен оралсам, ұлым болса, сендей ержүрек батыр болсын  деп, сенің құрметіңе баламның атын Мәлік қоям», – деген екен. Мен туғанда, сол Москва іргесіндегі ұлы шайқаста қаһармандықтың асқан үлгісін көрсетіп, Кеңес Одағының Батыры атағын алған Мәлік Ғабдуллин жолдасының атын маған қойған екен», – деп әңгімесін айтқан болатын. Міне, мен білетін текті тұлға, бекзат Мәкең сол Батыр ағасына тартқан жан еді.Осындай  азаматтар ұмытылмай, есімізді әрдайым сақталатын болсын.
 
Аманкелді МЕҢДІБАЕВ.
Көкшетау қаласы.
 
 

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓