Әкемдей болған асыл жан
Ұлы Отан соғысының ардагері Қалимолда
Омаров туралы сөз
Ақындар «күркіреп күндей өтті ғой соғыс» деп суреттеген зұлмат сол заманда өмір сүргендер үшін уақыт деп аталатын шексіздіктің «қасірет белдеуі» секілді болғанын бүгінгілердің басым бөлігі біле бермейді. Ал біз болсақ, сол соғыстың қиыншылығын жан-тәнімізбен сезініп өскен ұрпақпыз…
Соғыс басталғанда әкем Сатыбалды Қостанай облысының қазіргі Әулиекөл ауданы (бұрынғы Семиозер ауданы) «Жанкелдин» колхозында еңбек ететін. Ағаш шебері, ұста, он саусағынан өнер тамған шебер колхоздың нағыз қажет адамы еді. Шаруашылықтың небір қажетті және жетімсіз дүниелерін жөндеп, жасап, жұмыс істетуші қызметін атқарды. Мұндай жан әрқашан да шаруашылыққа аса қажет. Осыны ескергендіктен болар ауылдағылардың біразын әскерге шақыртқанда ол кісіге арнайы «Сталиндік бронь» деп аталатын қағаз беріліп, тылдағы жұмыста қалдырылды. Майданда қантөгіс болса, тылда тер төгістің нағыз өзі еді. Бел шешіп ұйқы көру сирек болатын. Күндіз-түні бірдей жұмыс. Таң атпай еңбек алаңына кететін әкеміз біз ұйқыға кеткенде, түн ортасы ауа үйге оралатын көрінеді. Жаздың аптап ыстығы, күздің қара жаңбыры, қыстың үскірік аязы ол кісілерді жұмыстан тоқтата алмайтын. Заманның талабы, парасаттың міндеті осы. Осылай тыным көрмей, еңбек еткен әкей бір күні тұруға шамасы келмей, төсек тартып жатып қалды да, не керек екі-үш күннен соң бақилық сапарға аттанып кетті. Шиеттей жетім баламен анамыз Мейіз аңырап қалды. Әкейді бақилық сапарға аттандырған соң, Науырзым жақта тұратын анамның ағасы Бижан нағашымыз біздерді өздеріне көшіріп алды. Сөйтіп, бұл жақтағы ағайын-туғаннан алыстап кеттік.
Соғыс кезін біз осы Науырзымда өткіздік. Әкейдің туысқандарынан жалғыз қалғаны – аталас інісі Қалимолда Омаров және онын балалары. Қалимолда аға болса майданға аттанды. Сөйтіп нағашы жұртты сағалап жүргенде, соғыс аяқталды. 1945 жылдың аяғына таман Қалимолда ағамыз майданнан келді де,бізді іздеп келіп үй ішімізбен көшіріп, қайтадан Әулиекөл жаққа әкетті. Өзі сол кездегі «Семиозер орман шаруашылығы» мекемесінде жұмыс істейді екен. Қалимолда ағамыз 1942 жылы майданға аттанған екен, содан Смоленск, Курск, Орел, Минск қалаларын, Беларуссияны, Калининградты азат етуге қатынасқан. Кенигсберг қаласын жаудан азат ету жолындағы кескілескен шайқаста ауыр жараланып, 1945 жылдың тамыз айында ғана госпитальдан емделіп шыққан соң ол елге оралады.
Қалимолда ағайдын әкесі мен менің әкемнің әкесі бір туған. Яғни біздер шөбере болып келеміз. Қалимолда Омаров 1902 жылы наурыз айында Әулиекөл ауданы Ноғайкөл ауылында дүниеге келген екен. Жас шағынан жұмыстың ауырына қарамастан қара малмен жылқы бағуға араласып, әкесі Омармен Соқырбай байдың сан жетпес жылқысын баққан. Совет үкіметі орнағаннан кейін колхозға мүше болып кіреді. 1919 жылдан бастап Басаман орман шаруашылығы мекемесінің Семиозер орманшылығында өрт күзетшісі болып істейді. 1928 жылдан бастап Семиозер орман шаруашылығында орманшы, аға орманшы, кейін орман технигі (орман шебері) болып істеді. 1942 жылдың шілде айында Отанымызды фашисттік басқыншылардан қорғауға Ұлы Отан соғысына алынады. Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерлігі үшін, екі рет «Ерлігі үшін» медалімен, «Отан соғысы» орденімен, «Германияны жеңгені үшін» медалімен, «Кенисбергті алғаны үшін» медалімен марапатталды. Қайтып оралған соң еңбек жолын өзінің еңбек еткен Семиозер орман шаруашылығында жалғастырады.
Сол кездегілердің парасаты мен мейіріміне риза боласың. Жағдайдың қиындығы, дүниенің тапшылығы оларға шөбере туысты қанаттың астына алып, қамқор болуға кедергі жасаған жоқ. Қалимолда аға маған әкемнің орнына әке болып кетті. Ағайдың қамқорлығын ол кісі бақилық сапарға атанғанша көрдік дей аламын. Өзінің отбасындағы алты жан және көшіп барғандағы біздің үйдің төрт адамы, барлығы онымыз Қалимолда ағайдың аядай үйіне сыйып, шүйіркелесіп өмір сүрдік. Жетімсіз дүниені бірге пайдаландық. Азғантай тамақты бөліп жедік. Үлкенді тыңдап, кішіміз қолқанат болдық. Ал жаз шыға Қалимолда ағай бізге ағаштан үй тұрғызып берді. Үйіміз бөлінгенмен, ырысымыз бір болды. Анам сол шаруашылыққа көмектесіп жүрді, ал біз болсақ ағайдың көмекшісіне айналдық. Қолдан келгенше үлкендерге жәрдемдесу өзіміздің парызымыздай еді.
Сөйтіп жүріп, қазіргі Әулиекөл ауданы орталығындағы Шоқан Уәлиханов орта мектебін тәмамдадым. Орайы келгенде айта кетейін, Қалимолда ағайдың қызы Жамал мектепті менімен бірге бітірген әрі жақсы оқыған еді. Солай бола тұрса да ағамыз өзінің туған қызын алып қалып, Алматыдағы Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетіне оқуға мені жіберді. Қолынан келген көмегін аяған жоқ. Ал мен болсам, ағаның сенімін ақтау үшін оқуға бар зейінімді салып, кірістім. Ақыры университетті қызыл дипломмен аяқтап, аспирантураға түстік. Одан әрі кандидаттық, докторлық диссертациялар қорғап, бұйырған талай қызметті атқардым. Осының бәрінде сол Қалимолда ағамыздың мейірім шуағы нұрын шашып, жол көрсетіп тұрған бір қолдаушым секілді көрінеді. Бүгінгі биіктен қарасам, егер сол кезде Қалимолда ағамыз жөн сілтеп жәрдем жасамаса, осындай деңгейге шыға алмас едім-ау деп ойлаймын. Сөйтіп, өзімнің барлық жетістігімді Қалимолда ағайымыздың мейірім парасатымен байланыстырамын. Мұным ол кісінің еңбегіне берілген лайықты бағам ғана. Ол кісі бұл еңбегі үшін менен қайтарым сұрап көрген жоқ. Барлық жетістігіме қуанып, болашағыма жөн сілтеп, әр кездескен сайын ақыл-кеңесін беруден жалықпаған ағаға осынау мақалам бір ескерткіш болар деп ойлаймын.
Қалимолда ақсақалымыз 1970 жылы қазан айында құрметті демалысқа шықты. Қажырлы, абыройлы еңбегінің арқасында еңбек озаты атана білді. Еңбегі жоғары бағаланып, Совет Одағының жоғарғы наградасы Ленин орденімен 1966 жылы 6 қазанында марапатталды, «Орман шаруашылығында қалтқысыз үздік қызмет еткеніне 50 жыл» белгісімен және т.б. Үкімет наградалармен марапатталған.
Осыған дейінгі ойды толықтырар болсам онда менімен бірге және жақсы оқыса да алғашқы жылы оқуға мені жіберіп, өзімсіңгендіктен алып қалған Қалимолда ағайдың қызы Жамал «жерде қалған жоқ». Алматыдағы Абай атындағы педагогика инстутитутын ойдағыдай аяқтап, ұстаздық қызмет етті, КСРО халық ағарту ісінің үздігі атанды. Сөйтіп, зейнеткерлікке шыққан ол туып, өсіріп, тәрбиелеген он баласының рахатын көріп отырған ардақты ана.
Қалимолда атамыздың ұрпақтары тамырын кең жайып, халық шаруашылығының әр саласында абыройлы қызмет етуде. Өмірден ерте кеткен екі баласы Жүніс , Қабду және кіші кызы Бақыткүлден 19 немере, 28 шөбере, 12 шөпшек өсіп келеді.
Ал Әулиекөл болса бір өзінен бес бірдей Кеңес Одағының Батыры шыққан аудан. Міне, осындай даңқты ауданның орталығындағы саябақ Даңқ бағы деп аталса, онда батырлардың, менің Қалимолда ағам сияқты аудан азаматтарына ескерткіштері шоғырландырылып, Ұлы Отан соғысына қатысқандардың есімдері мемориалды тақтаға ойылып жазылып, арнайы кешенді ескерткіш орнатылса, бүгінгінің аға ұрпақ алдындағы парызын өтегені сол болар еді. Биыл Қазақстан Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 70 жыл толуын кеңінен атап өтеді. Осыған орайластырып елдің ел болып сақталып қалуына ерен еңбек сіңірген ардагер аға буынды лайықты құрметтеу біздің парыз. Қалимолда Омаров туралы жазған мәлімет Қостанай облысы мен Әулиекөл ауданының Ұлы Отан соғысының 70 жылдығына арналған «Даңқ кітабынан» орын алатынына сенемін. Сол себептен де осы мақаланы жазарда Қалимолда ағамыздың есімі ел есінде сақталуы үшін ол өзі бүкіл ғұмырын бағыштаған орман шаруашылығы мекемесінде бір көрнекті жері ардагер ағаның есімімен аталса екен деген тілек білдіреміз.
Сағындық САТЫБАЛДИН,
ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі, Қазақстан Республикасының ғылым мен техникаға еңбегі сіңген қайраткері, Қостанай қаласының құрметті азаматы.
СУРЕТТЕ: Ұлы Отан соғысының ардагері Қалимолда Омаров.